Руслан Әбдіразақов – «Алматы Барысы-2017»

Наурызбайлық  балуан ауданның 3 жылдығына үлкен тарту жасады

img_0542

Нұрлан СҮЙІН

Соңғы жылдары дамуы мен жүйелі қалыптасуы халық­аралық деңгейде өріс алған Қазақ күресі әлемде мойын­далып отыр. Қазақ күресінен Ха­лық­аралық федерация құ­рылып, әлем, Азия чемпионат­тары ха­лық­аралық біріншілік­тер өткізеді бүгінде. Ал­маты­дағы Балуан Шолақ атындағы Спорт са­ра­йында 28 мамыр күні ҚР Пре­зидентінің жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан Бары­сы» респуб­ликалық турниріне іріктеу жа­рысы – «Алматы Барысы-2017» қазақ күресінің турнирі өтті.

Алматы қаласының әкімі, «Қазақ күресі» қала­лық феде­рациясының президенті Бауыр­жан Байбек пен «Қазақстан Ба­рысы» жобасының президенті Арман Шораев ашып берген «Алматы Барысы-2017» тур­ниріне шаһардың сегіз ауда­нынан ірік­тел­ген 24 балуан қатысты. Қалалық Спорт және денешынықтыру басқар­масы «Қазақ күресі» фе­дерация­сының қолдауымен ұйымдас­тырылған турнир айтыс ақын­дарының таныстыр­уымен, шоу бағдарламамен әрленген іс-шара болып, көрермендер тегін тамашалады.

img_0800

Турнирдің құрметті қонақтары ретінде даңқты балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Қазақ күресі федерациясының тұң­ғыш президенті, профессор Ерғали Мұхитдинов, балуан, Олимпиаданың күміс жүлдегері, Алматы қаласының мәслихат депутаты Ислам Байраму­ковтар шақырылыпты.

Өте тартысты өткен белдесулерде балуандар жеребе бойынша кілемге шығып, үш айналымнан соң жартылай финалға төрт балуан шықты. Олар – Руслан Әбдіразақов (Наурызбай ауданы), Әлімжан Жұмахметов (Ала­тау ауданы), Виктор Демьяненко (Нау­рызбай ауданы), Дәурен Нұра­лиев (Бостандық ауданы). Жартылай финал белдесулерінің нәтижесі бойын­ша ақтық белдесуге Руслан Әбдіразақов (119 келі) мен Дәурен Нұралиев (130 келі) шықты. Балуандар алғашқы минуттардан ұпай бөліскен белдесудің ортасында қарсыласына «таза жеңіс» әдісін жасаған Руслан Әбді­разақов жеңіске жетті. 2017 жылғы «Алматы Барысы» атанған Р.Әбдіразақовқа бас жүлде – «Алтын белбеу» мен «Лада Гранта» автокөлігі берілді. Екінші орын алған Дәурен Нұр­алиев «Күміс белбеу» және 200 мың теңге ақшалай жүлдемен мара­патталды.

– Турнир жоғары деңгейде ұйым­дастырылыпты. 2016 жылғы «Алматы Барысы» Виктор Демьяненкомен болған жартылай финалдағы кездесу ауырлау болды. Десе де, Виктордан басым түсіп, финалға шықтым. Фи­налда Дәурен балуанды жығып, «Алматы Барысы» атанып отырмын. Алматы қаласы әкіміне, ұйымдас­тырушыларға алғыс айта отырып, Астанада «Қазақстан Барысында» нәтижелі өнер көрсетуге уәде беремін, – дейді чемпион Руслан Әбдіразақов.

«Алматы Барысы» – Қазақ күре­сінен жыл сайын өткізілетін қалалық іріктеу турнирі. Қалалық турнир жеңімпаздары «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне қатысады.

Биыл «ЭКСПО-2017. Астана» халық­аралық көрмесі аясында өтетін «Қазақстан Барысы» турнирінде қалалық турнирдің алтын және күміс жүлдегері Р.Әбдіразақов пен Д.Нұра­лиев Алматы қаласының намысын қорғайды.

ҚР Президенті жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі 3 шілдеде Астана қаласында болады.