VІІІ Орталықазиялық форум осы дәуірдің қатерімен күреспекші

%d0%b8%d0%bd%d1%82%d0%b5%d1%80%d0%bd%d0%b5%d1%82

Әсел ДАҒЖАН

24-25 мамыр күндері Алматыда «ІnternetCA-2017 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы» атты VІІІ Орталықазиялық форум өтеді.

Тәуелсіз сарапшылар, мемлекеттік меке­мелер мен үкіметтік емес ұйым өкіл­дері, журналистер, заңгерлер және белсенді интернет қолданушылары шақырылған форумның басты тақырыбы «Шындыққа жанаспайтын шындық дәуіріндегі негізгі қатерлер» деп аталады.

Екі күндік форум қандай маңызды мә­селелерді талқылайды? Қандай мәселе­лердің шешімі қарастырылады? Біздің сауалымызға MedіaNet Халықаралық журналистика орталы­ғы­ның директоры Әділ Джалилов жауап берген еді.

– Дәстүрлі түрде өткізілетін форумның биыл­ғы негізгі тақырыбын «Шындыққа жа­наспайтын шындық дәуіріндегі негізгі қатерлер» деп жайдан-жай алмадық. Әлем бойынша көптеген адамдар күн сайын рас-өтірігі белгісіз миллиондаған ақпаратты қабылдайды және басым көпшілігі оның растығына көз жеткіз­бейді де.

Ал, ғаламтор қолданушыларының көп­шілігінің оқырмандар саны газеттер мен журналдардан, радиолар мен телеарналар көрермендерінен  көп екендігін ескерсек, аталмыш жағдай болашақта үлкен қатер тудыруы мүмкін. Бұл тек әлем үшін ғана емес, біздің еліміз үшін де аса маңызды. Осы мәселеде жеке адамның сөз бостан­дығына қол сұқпастан, әлемдік тәжіри­белерге сүйене отырып, заңды түрде шешу жолдарын қарастырғанымыз жөн.

Осы тұрғыда форум барысында Орта Азия мен Қазақстандағы тұңғыш факт­чекинг factcheck.kz ресурсының, «Қазақ­стандағы тәжірибелік журналистика» оқулығының үшін­ші басылымы мен онлайн курсының, «Ақпаратқа қол жет­кізу. Басынан аяғына дейін» онлайн курсының тұсаукесерлері болады. Атал­мыш жобалардың барлығы Қазақстандағы ақпаратқа қол жеткізу, ақпараттың рас­тығын тексеру, жалған ақпараттардың таралуының алдын алуға үлес қосу үшін жасалуда.

Айта кетсек, форумға Қазақстан, Ресей, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Қыр­ғызстан, Түркіменстан, Германия, Чехия, Австрия мемлекеттерінен осы сала маман­дары келіп, өз тәжірибелерімен бөліседі. Түркіменстан мемлекетінен келген баян­дамашылар алғаш рет баяндама оқитын болады. Сонымен қатар, форумға министр­лік, жоғарғы сот пен бас прокуратура, үкі­меттік және үкіметтік емес ұйым өкілдері, Қазақстандағы елшілік­тердің өкілдері, кәсіпкерлер, журналистер, блогерлер, академиялық орта өкілдері және қоғам белсенділері қатысады.

Форум Алматыдағы Желтоқсан, 181 мекен-жайындағы «Іntercontіnental» қонақ үйінде өтеді.