«ALMATY URBAN AІR» ЖОБАСЫ АЛМАТЫНЫҢ АУА БАССЕЙНІНІҢ ЭКОТАЗАЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕ АЛА МА?

%d1%8d%d0%ba%d0%be%d0%bb%d0%be%d0%b3%d0%b8%d1%8f-%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be1

Еліміз үшін биылғы жылдың ең басты ірі оқиғасы — «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық маман­дандырылған көрмесінің ашы­луына да санаулы  уақыт қалды. Күні кеше ғана Natіonal Geog­raphіc телеарнасына берген сұхба­тында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017  көрме­сінің «Қазақстанның ғылыми-инновациялық дамуындағы ірі оқиға» ретіндегі маңызын айта келіп, елімізге одан  «таза энер­гетика, «жасыл экономика» және ІT салаларындағы  толық ке­шенді жаңа жобалар мен тех­нологиялар мұра болып қала­тынын» атап өтті. Осынау ғалам­дық шараға қатысуға және оны  тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған  мамандар мен туристер келмек. Әрине, жаһандық жаңалықтардың жар­шы­сы болатын, болашақтың энергиясына құшақ ашқан қа­зақстандық ЭКСПО-ның әлемдік рөлі,  маңызы мен ел экономика­сына тиімділігі туралы әңгіме, ғылыми негізделген, өз алдына сарапқа салар бөлек тақырып.

%d0%b7%d0%b0-%d1%87%d0%b8%d1%81%d1%82%d1%8b%d0%b9-%d0%b3%d0%be%d1%80%d0%be%d0%b4

Мега жоба. мазмұнды байқау. Маңызды мереке

Көрменің  ұйымдастырылу шарасы сеніп тапсырылған таны­мал маркетолог Әсел Қо­жақованың айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесінің маңыздылығы мемлекетімізді халықаралық дәрежеде танытуында  ғана емес, аталмыш шара елдің  шағын және орта бизнес нышандарын бірнеше сатыға көтермек. Алды­мен,  Қазақстан  бүкіл әлемге өзінің  осындай  жаһандық шара­ны ұйымдастыруға қабі­летті екенін аңғартады. Екін­шіден, ЭКСПО еліміздің дамуы­на үлкен ықпалын тигізіп, оның экономикалық, әлеуметтік әлеуетін, мемлекеттік мәртебесін биікке көтеретіні сөзсіз.

Біздің дәйектеме: Жалпы, әлемдік ЭКСПО көрмесі жарты ғасырдан астам уақыт бойы өткізіліп келеді. Танымалдылығы да жыл сайын  еселеніп, көрмеге қызығушылар мен қатысушылар саны арта түсуде. Сарапшы­лар­дың айтуынша, 1851 жылы  Лон­донда ұйымдастырылған тұңғыш ЭКСПО-ға әлем бойынша мил­лард­тан астам адам қатысқан екен.

ЭКСПО – адамзат өмірінде құрастырылған жаңа техника­ларды  қоғамға тұңғыш рет та­ныстыру  және сол жаңалықпен  алғашқылардың бірі болып көріп, танысу  мүмкіндігі. Кезінде дәл осындай  ЭКСПО көрмесі аясын­да таныстырылымы өткен теле­фон, рентген аппараттары, бал­мұздаққа арналған вафли ста­қандары, сенсорлы экран және тағы басқа да жаңалықтар  бүгінде адамдардың пайдалану­ларына жолдама алып, олардың игілігі үшін қызмет етуде. «ЭКСПО» көрмесінің халықара­лық қатысушылармен жұмыс департаментінің  директоры Илья Оразақовтың айтуынша, бүгінде   өтініш қабылдау жұмыс­тары толық аяқталыпты.  Ресми мәліметтерге сүйенсек, көрме  115 мемлекет пен 20 халық­ара­лық ұйымның қатысуымен өтеді екен.  Солардың арасында Қытай күннен қуат алуға қатысты қы­зықты жобаларын ұсынбақ. Ал,  Жапония адамнан жылу алу жұмысын таныстыратын болады. Израиль өз кезегінде қатысушы­ларға жерден қуат алу жобасын көрсетеді. Осы секілді қызықты жобалар көп.

ЭКСПО-2017  көрмесі  Қа­зақ­станға келетін туристер легін арттырмақ. Астана аумағында 12482 орынға арналған 164 қо­нақ үй жұмыс істейді. Биыл тағы 2829 орынды 23 қонақ үй ныса­ны қолданысқа берілмек.  Жал­пы, елімізге жыл сайын саяхат­тап келетін  туристердің саны аз емес. Ағымдағы жылы елімізде өтетін халықаралық маңызды жиындарға 300 мыңнан астам қонақ келеді деп болжануда.

%d1%8d%d0%ba%d0%be%d0%bb%d0%be%d0%b3%d0%b8%d1%8f1

ЭКСПО   және экология

Әлбетте, Астанаға келген ЭКСПО  қонақтары тек көрмемен шектеліп қалмасы анық. Оларды бүгінде  талай жалпыадамзаттық бастамаларымен әлемді мойындат­қан тәуелсіз Қазақстан­ның бас қаласымен қоса оңтүстік астанасы да, сәні мен сипаты келіскен рес­пуб­лика өңірлерінің  көрікті жерлері  де қызықтырары сөзсіз. Көрменің  іскерлік, серіктестік, мәдени-сауықтыру бағдар­лама­лары  аясында мәртебелі  мейман­дар мен туристер үшін арнайы  Алматы бағыты мен  республика аймақтарына туристік сапарлар  да  ұйымдастырылатыны   айқын. Бұл ретте шаһарымызда өтетін  ресми-мәдени  шаралардың жоғары дең­гей­де өтуі қала билігінің құзы­рындағы мәселе десек, Алматының экотазалығын қамтамасыз етуде бірінші кезекте әрбір алматылық тұрғын өзінің жеке азаматтық па­рызын жауапкершілікпен түйсініп, абыройымыз бен елдігіміз сынға түсер шақта, намысты  жанып, ортақ іске бір кісідей жұмылға­нымыз  жөн дер едік.

Алматы – үлкен мегаполис. Оңтүстік астанамызда небір әсем ғимараттар, сұлулығымен көз тартар табиғи көркем демалыс орындары мен  мәдени-спорттық сауықтыру нысандары  расында да мақтауға, мадақтауға, мақта­нуға тұрарлық.  Дейтұрғанмен, қаланың құтын қашырып тұрған бір өзекті  мәселе  бар. Ол – шаһардың  экологиялық  ахуалы.  Біздің  айтпағымыз да осы мәселе.

Бүгінде бұл  бағытта  қала бас­шылығы   тыңғылықты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, эколо­гиялық апатқа жол бермеудің ша­ралары жан-жақты қарастыры­лып жатқаны белгілі. Одан бөлек, жыл сайын  қала аумағында  ағаш көшеттері отырғызылып, шаһарды абаттандыру, көркейту жұмыстары да  тұрақты қолға  алынған.  Демалыс  орындарының саны артып, субұрқақтар да көп­теп орнатылуда. Қазгидрометтің гидрометеорологиялық мони­торинг орталығының ақпаратына жүгінсек, бұрынғы жылдармен салыстырғанда Алматыда атмо­сфералық ауаның ластану деңгейі көрсет­кішінің төмендегені бай­қалады. Демек, атқа­рылған  жұмыс­­тар  экология­лық қауіпті біршама сейілтті десек те болар.

%d1%8d%d0%ba%d0%be%d0%bb%d0%be%d0%b3%d0%b8%d1%8f-5

Алматының экологиясы алаңдатады

Дегенмен де бүгінгі  Алматы­ның   атмо­сфералық ауа тазалығы сын көтермейді. Бұл  мәселе  баспасөз беттерінде, оның ішін­де «Алматы ақшамы» газетінде   аз жазылып жүрген жоқ.  Шаһары­мыздың қазіргі таңдағы басты проблемаларының бірі – ауаның  ластануы. Алматыға келген мей­ман, мейлі ол ЭКСПО-ға қатысу­шы іскер топ өкілі ме, әлде оны тамашалауға кел­ген турист пе, қалай десек те, ең алды­мен, қала­ның көрікті жерлерін, Алатаудың менмұндалаған табиғатын  ара­лауға ұмтылады. Сондағы олар көрер көріністі бір сәт көз алды­ңызға елесте­тіңізші.  Шым­бұлақ­тың шыңына, Медеу мен Көк­төбенің   төріне шықсаңыз, әдетте, көр­кіне көзіңіз тоймай, мақта­нышпен ауыз толтыра айтып жүретін әсем де ару, сым­батты  қалаңызды емес, «қаралы сұлуды» көр­гендей  күй кешесіз. Етегін қара бел­беумен қымтанған қала келбеті тым сүрең­сіз көрінеді. Шаһар аумағындағы   ЖЭО-лар мен зауыттардан,  жер үйлерді айтпа­ғанда, сансыз көп көлік­терден шық­қан зиянды қалдықтар мен көк түтін ауаға жайылып, көркем де кербез Алматының бүкіл сұлу­лығын тұмшалап тұрғандай…

Бұл туралы сан мәрте айтылып та, жа­зылып та жүр. Қазіргі таңда қаламызда орын алған  экологиялық проблема кім-кімді де елеңдетпей қоймасы анық. Біздің алаңдаушылығымызды туғызған да осы мәселе. Осы бағытта Алматы қаласының әкімшілігі  тарапынан қаламыздың эколо­гиялық ахуалын жақсарту мақсатында көп­теген игі істер атқарылып жатқаны қуантады. Тұрғын-жайларды табиғи газға көшіру — ауаның  ластануына жол бермейтін  бірден-бір жол. Әрі оны пайдалану ақысы да  тұрғындар үшін біршама арзан. Осы ретте, қаламызда атқарылған оң шаралар тізімінде ЖЭО-1-ді толықтай сығымдалған газға көшіру, кәсіпорындар мен жеке­меншік секторларға газ тарту жұмыстарын атап өткен жөн. Бүгінгі таңда жеке үйлерді газбен қамтамасыз ету мақсатында 63,6 шақырым газ құбыры тартылған екен. Сон­дай-ақ,  қазіргі кезде жиі айтылып жүрген, қалада метро мен троллейбусты, болашақта жеңіл рельсті көлікті  кеңінен пайдала­ну­дың да экотазалыққа қосар үлесі зор. Құры­лысы  қарқынды жүріп жатқан жерасты көлігі қаланың бас жоспарына сәйкес қызметіне толыққанды  кіріскен соң, қаладағы көлік саны да біршама азаяды деген болжам бар.

 

Таза ауа – жанға дауа

Ресми деректер кейінгі кезде атмосфе­раның ластану индексінің әлдеқайда төмендегенін көрсеткенін айттық. Бұл көрсеткіш  қаламызда метро жүйесінің іске қосылуымен де, газбен жұмыс істейтін автобустардың қала тұрғындарына қызмет көрсете бастауымен  де тікелей  байланысты болса керек.  Десек те, алда атқарылар жұмыстар саны тізбектеліп тұр.

Экологиялық проблемаларды жақсарту мақсатында 2016-2017 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданғаны белгілі. Жоспар  аясында басым бес бағыт белгі­ленді: автокөліктерді эколизациялау, жол қозғалы­сын оңтайландыру, әуе бассейнінің  стацио­нарлық қайнар көздерінің ласта­нуын тө­мендету, жасыл қорды дамыту және аймақ­ты көгалдандыру, қоқыстар төгуді реттеу.

Қаламыздағы ауаның ластануы – авто­көлік қозғалысымен  де тікелей байла­нысты. Ғалымдардың  ой топшылауынша, оның бірден-бір себебі — жанармайдың толық және біркелкі жанбауында. Жанар­майдың 15%-ы автокөлік қозғалысына шығын­далса, 85%-ы ауаға тарап  кетеді екен. Ма­мандардың айтуынша, автокөлік моторы қозғалысқа түскенде улы заттарды син­тездеп, атмосфераға шығаратын химия­лық реактор сияқты жұмыс жасайды. Авто­көліктен бөлінген газ 170-тен аса зиянды компоненттерден тұрады және де олардың адам ағзасына, қоршаған ортаға тигізер зияны айтарлықтай ауқымды. Алматы қаласының табиғи ресурстарды бақылау комитетінің ақпарына үңілсек, жеңіл автокөліктер — 78%, жүк көліктері — 8%, автобустар – 14%-дық көрсеткіште ауаның ластануын құрайды екен.

Алматы қаласы бойынша ауаның ластануын  қадағалаудың  16 стационарлы бекеті бар. Бұл бекеттер қоршаған орта мен табиғи ресурстарға  мониторинг жүргізудің біртұтас мемлекеттік жүйесінің бір бөлігі болып табылады. Оның ішінде бесеуі қолмен басқарылса, автоматты биіктік нүктесінде — 6 және автоматты жерүсті нүктесінде — 5 бақылау бекеті жұмыс істейді. Бақылауды қолмен басқару бекеттерінде   ауа бөлшектері құрамында күкірт диоксиді, көміртек тотығы, азот диоксиді, фенол және формальдегид және де ауыр металдардың (қорғасын, мышьяк, мыс және хром) концентрациясын өлшеу қызметтері атқарылады. Автоматты биіктік және автоматты жерүсті нүктелеріндегі  тексеру сатылары – тәулік бойы, әр 20 минут сайын ауа құрамын үздіксіз қада­ғалауға мүмкіндік беретін арнайы құралдар арқылы жүргізіледі. Ауаны қадағалаудың аталмыш секторы шаһар экологиясына тұрақты  мониторинг  жүргізіп  отырады.

 

Ауаның  ластануына   тосқауыл қоя аламыз ба?

2015 жылдан бері Алматы қаласы ауа­сының  ластануын бақылайтын  «Almaty Urban Aіr» атты электронды қосымша  іске қосылғаны белгілі. «Common Sense» қорының ұйымдастыруымен іске асқан бұл жоба қала тұрғындары арасында қызы­ғу­шылық туғызғаны рас. Бүгінде бұл элек­тронды қосымшаны пайдаланушылар саны 8 мыңнан асады. Жоба  алғаш іске  қосыл­ғанда, Асфендияров атындағы меди­циналық университет жанына орнатылған датчиктер  ауа ластануының жоғарғы белгі­лерін көр­сетіп, қала тұрғындарын әжеп­тәуір дүрлік­тірген еді. Артынша  белгісіз себептермен бірнеше ай жұмысы тоқтап қалған  бұл қосымшаға техникалық өзге­ріс­тер еңгізіліп, жақында ғана ол   Almaty Urban Aіr мобиль­дік қосымшасы ретінде қайта іске қосылды.

– Біздің  міндетіміз  —  ортақ іске сарап­шы топты қалыптастыру, нақтырақ айтсақ, осы жобаға  кәсіби заңгерлерді, эколог­тарды, ғалымдар мен дәрігерлерді қатыс­тыру, жұмылдыру. Жобаның басты мақсаты  —  мамандардың объективті статистикалық ақпараты арқылы Алматы қаласының  ауа бассейнінің ластану дең­гейін көрсетіп, қала тұрғындарын қолже­тімді және сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету болып табы­лады.  Оқырмандар саны және де біздің қо­сымшамыздың жұмыс істеуін қалайтындар осыншалықты көп болады деп ойламадық. Бұл, әрине, эко­логиялық проблеманың  халық арасында басты мәселеге айналған­ды­ғының көрсет­кіші деп білемін, — дейді  Almaty Urban Aіr жобасын ұйымдасты­рушы Әсия Түлесова.

Шаһарымызда атқарылып жатқан игі істердің бірі —  қаланың жасыл қорын дамыту және аймақты көгалдандыру жұмыс­­тарының ұйымдастырылуы. Соңғы жылдарда қаламыздың көптеген көшеле­рінде қарағай, шырша, тал ағаштары отыр­ғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргі­зілді. Алматы қаласының тұрғындары өз қолдарымен 10 мың түп  ағаш  еккені осының дәлелі.

Қала көркіне, әсемдігіне әсер ететін бірден-бір жәйт – қоқыс мәселесі. Әкім­шілік тарапынан қоқыс проблемаларымен күрес  те жылдан-жылға күшейіп келеді. Бұл  мәселе бүгінде әрбір алматылық үшін ор­тақ проблемаға айналып отыр десек, қате­леспеспіз. Шаһарымызда қоқыс жә­шік­тері уақтылы тазартылады дей алмай­мыз. Дәл осы  мәселеге байланысты өзге елдердің өнегесіне үңіле кетсек, артық бол­мас. Мәселен, Жапония, Еуропа елде­рінде қоқысты қайта өндеу зауыттары жұ­мыс жа­сайды. Ол зауыттардың қала тұр­ғын­дарына қоятын басты талабы — қоқыс­тарды арнайы жәшіктерге бөлек-бөлек, бөліп салу. Яғни, пластик бөтелкелер бөлек жәшікке, тамақ қалдықтары бөлек жәшік­ке салынуы қажет. Әрине,   бізде де, Алматы мен Астана қалаларында қайта өңдеу зауыттары жұмыс істеп тұр. Алайда, мына бір дерекке назар аударайықшы.  Сарап­шы­­лардың зерттеуіне сүйенсек,  еліміз көлемінде 43 миллиард тонна қалдықтың 5%-ы ғана қайта өңдеуден өтеді екен. Мұның басты себебі, осыншама үлкен көлем­ді қоқысты өңдеу үшін жалғыз зауыт та, шикізат та  жеткіліксіз. Оның үстіне  қала­мызда жекелеген қалдықтарды жинау мәдениеті жоқ. Егер жиналған қоқыстарды дәл осы қалпында үйінділерге апарып үсті-үстіне үйетін болсақ, экологияға кері әсерін тигізер зардап басым. Тіпті, қоқыс арасын­дағы полиэтилен тек бір ғасыр уақыт өте ғана шіри бастайды екен. Әйтсе де, кейінгі кезде бұл мәселенің шешімін Алматы қала­сындағы  шағын  компаниялар өз қолда­рына ала бастаған сияқты. Мысалы, «Ли­монад» сусын өнімдерін шығаратын «Lemonadoff Food» компаниясы пайда­ланылған бөтелкелерін қайта қабылдауға шешім қабылдағаны құптарлық. Бұған се­беп – қоршаған орта мәселесі. «Біздің компания өз бөтелкелерімізді қайта қа­был­­дайды. Себебі, біз бұл ісімізбен Отанға, таби­ғатқа деген сүйіспеншілігі­мізді көр­сет­кіміз келеді. Тұтынушылардан қабыл­дан­ған бөтелкелер қайта өңдеуден өтіп, сусын құйылып, қайта сатылымға қойы­лады. Тұтынушы алып келген әр бөтелкені біз 10 теңгеден бағалаймыз, біздің ойы­мыз­ша, бұл қала тұрғындарын бос бөтел­келерді қалай болса солай лақтыр­мауға  тәрбиелері сөзсіз. Қазіргі таңда бұл қызмет түрін пайдалану­шылар көбейіп  келеді», — дейді компания директоры Абдулазиз Ерметов.

Сонымен қатар, Алматыда  істен шық­қан электр тауарларын қайта қабылдау­мен айналысатын компания да бар. Тауар­ларды қабылдау алғашында кіш­кене аулада жүргізілсе, екі  жыл ішінде ол іріленіп, жеке компанияға айналған. Ең бастысы, қал­дық­тармен күрес  мәселе­сіне  қала тұрғын­дары да жұмылып, сұраныс артқан.

— Біз кез-келген электр тауарларын қабылдаймыз. Қазіргі таңда жүк көлігімен тұрғындардың көрсеткен мекен-жайына барып, тауарды қабылдап алатын жүйеге де көштік. Әкелінген ескі электронды тауар­лардан киім ілгіш, қыстырғыштар, пластикалық ыдыстар сияқты жаңа өнім шығарамыз, — дейді компания өкілі  Марат Жандосов.

Қорыта айтқанда, қаламызда қалдық өнімдерді қайта қалыпқа келтіретін зауыттар мен  жеке компаниялар өз өнім­дерін қайта өндеп, халық тұтынатын тың тауарлар шығаратын дәрежеге жетсе,    бұл үлкен   жетістік болар еді. Осы орайда,  қала тұрғындарының экологиялық сауат­тылығын арттыру мәселесіне де маңыз берген жөн. Кез-келген өмір иесі таза аулада, таза қалада өмір сүруге құқылы. «Табиғатты аялай білу, оны игере білу алдымен өзіңнен басталады» деп бекер айтылмаса керек. Не десек те, әр нәрсені өзімізден бастағанымыз жөн. Қоқысты көрінген жерге шашпай,  арнайы орын­дарға, қоқыс жәшіктеріне апарып таста­сақ, бұл экологиялық ахуалды түзетудің, табиғатты бағалаудың, Алматымызды  аялаудың бір көрінісі болмақ.  Ал, жа­қында салтанатты ашылуы болатын ЭКСПО-2017  көрмесі — мемлекетімізге де, оның азаматтары – Сіз бен Бізге де үлкен  жауапкершілік жүктеп отырған айрық­ша шара. Бүкіл әлемде көрменің өтуі дәстүрге айналса, біздің  елімізге  де ол өз жаңашылдығымен еніп,  тәуелсіз мемле­ке­тімізді «Болашақтың энергиясы» жоба­сы арқылы әлем елдерімен бір арнаға тоғыс­тырады деген үміттеміз. «Астана ЭКСПО – 2017» ҰҚ» АҚ басқарма төр­ағасы Ахметжан  Есімов «ЭКСПО-2017» – Елбасының жобасы екенін, оның ел экономикасына тиімділігін тілге тиек етті. «Бұл бүкіләлемдік мамандандырылған көрме болғанымен, ол ең алдымен Қазақ­стан халқына пайда әкелуі тиіс» деді ол. Ендеше,  Қазақ Елінде 10 маусым – 10 қыркүйек аралығында өтетін  бұл маңызы жағынан өте ауқымды  заманауи ғалам­дық шара   барысында жаңа жобалар   мен  тың технологиялар жалпы адамзат игілі­гіне жолдама алып, Астана ЭКСПО-2017  көрмесі еліміздің абыройлы мәрте­бесін ұлықтайтын қазақстандық брендке айналады деген  сенімдеміз.

Біле жүріңіз

  • Әлемнің барлық ірі қалаларындағы экологиялық қауіптің түп-тамыры бір: жергілікті өндіріс ошақтары мен автокөліктерден шығатын зиянды қалдықтар.
  • Орташа статистикалық өлшем бойынша автокөлік 35 шақырым жүргенде 500 граммнан астам газ қалдықтарын шығарады екен.
  • Колорадо штатының билігі бордюрлерге орнатылған датчиктер арқылы сол маңнан жүріп өткен  кез-келген  автокөліктен шыққан  зиянды  газдың мөлшері мен оның ауаға таралуын, қоршаған ортаға әсерін бақылауға алған.
  • Статистикаға сәйкес және ғалымдардың болжауына сүйенсек, егер адамзат отын­ның осы түрін өндіретін энергияны одан әрі қолдана беретін болса, 2050 жылға қарай ауа­дағы парникті газдардың деңгейі 50 пайызға көбейіп, тіршілік атаулыға қауіпті жағдай туады.
  • Әлемнің ірі қалаларының бірі Парижде автокөліктердің ауаны ластауымен күрестің мынандай тәжірибесі бар: Париж билігі белгілі бір кезеңде  тақ және жұп санды нөмірлері бар автокөліктердің қала көшелеріне шығуын  кезекке қойып, тұрғындар үшін  «көлікті  күнара пайдалану»  шектеуін енгізген.
  • Алматы қаласында ауаның ластануының 15 пайызы энергетикалық кәсіпорындардың үлесіне тисе, қалған 85 пайызы автокөліктер еншісінде.
  • Автокөліктерден бөлінетін улы газдарда 200-ден астам химиялық формулалар бар екен.Оның ішінде ағзаға зиянсыз азот,кислород,сумен қатар адам өмірі үшін аса қауіпті токсикалық канцерогендер мен көмір­қышқыл газы да бар. Бұлардың қауіптілігі сонда, адамдар өз рецеп­тор­лары арқылы  жанар-жағар майдан бөлінетін бұл улы газдарды сезін­бейді.
  • 4 литр көлік майы 4 миллион литр таза суды жарамсыз етеді.

 

Жанат СЕЙІТЖАНОВА,

филология ғылымдарының кандидаты,

Халықаралық  ақпараттық технологиялар университеті

Қазақстан тарихы және медиакоммуникациялар

кафедрасының ассистент-профессоры.

 

Назерке БАЙЖАН,

Бірлікбек АМАН,

Наргиза ТҰРЛЫБЕКОВА,

Халықаралық  ақпараттық  технологиялар университетінің

 4-курс   студенттері.