Қоқыс алаңдарын жөндеу жұмысы неге созылып кетті?

20170517_125041_resized

Соңғы кездері жиі байқап жүрмін. Біздің көпқабатты төрт үйдің ортасындағы ауланың бір шетінде тұрған қоқыс алаңы жарты жылдай уақыт болды, жартылай жөнделіп, жартылай айра-жайра болып жатыр. Өйткені, өткен жылдың соңына қарай оны әлдекімдер жөндемек болып, бұрынғы ескі қоршауды бұзып тастады. Мұны көріп, «Жөн-ақ, екен…» деп біздер қуанып жүрдік. Содан, оның орнына кірпіштен әдемілеп тұрып қоршау тұрғызды. Бітті, бар шаруа осымен тәмәм болды. Нәтижесінде, контейнер алаңының тек қабырғасы қана қалқиып, қалғаны алқам-салқам болып әлі күнге тұр…

Сөйтсек, қалада тек біздің ғана қоқыс алаңымыз жөнделуге түспепті. Бұл ретте, Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының қызмет­кер­лері берген мәлімет бойынша, былтырғы қараша айынан бастап шаһардың 8 ауданында осындай 862 қоқыс алаңын жөндеуден өткізу жоспарланған екен. Содан бері кейбір қоқыс алаңдары біздікі секілді басталғанымен аяқсыз қалыпты. Мұны «Ақшам» газетіне телефон соғып хабарласқан тұрғындардың арыз-шағым­дарынан байқадық.

Мысалы, қала тұрғыны Жаннаның айтуынша, қоқыс алаңы балалар алаң­қайына жақын жерде орналасқандықтан, балалардың денсаулығына кері әсер етіп жатқан көрінеді. Өйткені, ескі контей­нерлер қоқыс алаңының сыртына шыға­рылып тастап, ондағы тұрмыстық қалдық­тар жан-жаққа шашылып жатады екен. Тіпті, кей жерлерде қоқыстан үймелер пайда бола бастаған. Ал олардан шыққан сасық, күлімсі иістер қолқаны қабады дейді. Осыны айтқан көпшілік ата-аналар «Ендігі жерде мердігерлер қоқыс алаңымен қоса балалардың ойын алаңын да жөндеп берсін!» деген талап қоя бастаған.

Атап өтетіні, мұндай қоқыс алаңындағы жөндеу жұмысының тұралап қалуы тек біздің үйде ғана емес екен. Ол көрші үйлерде де кездесетін болып шықты. Мыса­лы,  Алмалы ауданының тұрғыны Ж.Жола­манова осыған байланысты «Мен жақында Алмалы ауданының сайтына кірдім. Одан аудан әкімдігіне біз секілді 15-тен астам тұрғынның шағымданғанын көрдім. Әрі бұл тұрғындардың барлығы Алмалы ауданының әр жерлерінде тұрады екен» деп өз пікірін білдіріп өтті.

Қорыта айтқанда, қарап тұрсаң, қара­пайым шаруа болып көрінетін бұл мәселе қазір қордаланған тақырыпқа айналып кеткен. Ал бұл келеңсіздіктің орын алуына тек жалғыз – бағдарламаның мердігер ком­паниясы ғана кінәлі екендігі анықталған. Оның үстіне мердігер компания да өз кінә­сін мойындап отыр. Соған орай, Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Арман Шатырбеков «Біздің басқарма мердігер компанияның өзіне тап­сырылған мемлекеттік тапсырысты орында­мағанын  жауапсыздық деп танып, бастал­ған істі толық аяқтауға міндеттеу үшін заңға сәйкес сотқа арыз берді. Қазір соған бай­ланысты сот процесі жүріп жатыр» дейді. Демек, мердігер компания өзіне тап­сырылған жұмысқа немқұрайды қараған. Қазір олар өз айыбын түсініп, қаладағы барлық қоқыс алаңдарын алдағы маусым айына дейін бітіреміз деп уәде беріп отырған көрінеді. Өйткені, қаладағы барлық қоқыс алаңдарын жөндеу үшін оларға қала бюджетінен 540 млн. теңге қаржы бөлініп берілген екен. Енді сол бөлінген ақшаның қайтарымы болуы керектігі қатаң бақы­лауға алынатын шығар.