УЫЗ ТӘРБИЕГЕ 3 ЖАСТЫҢ ӨЗІ КЕШ БОЛАДЫ

dsc_9872-300x199

БАЛАНЫ ҰРЫСҚАННАН ДА,  МАҚТАҒАН ЖАҚСЫ

Мақтау мен жазалау сияқты екі әдістің ішінен, әдетте, соңғысы ерекше әсерлі сияқты көрінеді, шындығында, ол мүлде олай емес. Жазалау бала жүрегінде қарама-қарсы әсер — өзін жазықсыз жәбірлеу сезі­мін туғызуы мүмкін. Мәселе мынада, мақ­тауды да, жазалауды да әсіре сақтықпен пайдалану керек.

Дастарханға бір стакан шырын әкеле жатқан ананы көз алдыңызға елестетіңіз. Барлығына еліктеп отыратын бүлдіршін де дәл соны істегісі ұмтылады. Анасы болса, “саған болмайды” деп баж ете қалып, шы­рынды төгіп ала ма деген қауіппен жаны шығып кете жаздайды.   Бұл — дұрыс емес. Жастайынан бетін қайтарып тастаған баласын кейін ержеткен кезде, сен маған көмектеспейсің деп орынсыз кінәлап жүреді. Тіптен, бала өзіне осы бір қиындау шаруаны істеуге тырысып жатса, оны бетінен қақпай, “ой, менің балам ержетіп қалыпты ғой” деп көңілін демдеп, стакан­дағы шырынды сәл азайтып, оны столға төкпей апаруына жәрдемдесу керек. Бұл — бала үшін аса маңызды қадам.

Бірде маған доктор Сузуки бір аймақ­тағы музыка мектебінде кездестірген бала жөнінде әңгімелеп берді. Мамандар ол баланың болашағынан әбден үміт үзген екен. Ол скрипкада өте қолапайсыз ойнай­тын, оған ешкім көмектесе алмапты. Ал Сузуки болса, бірден: “Сен маған ойнап көрсетші”, — деп өтінеді. Бала оңдыртып ойнай қоймаса да: “Тамаша, тамаша”, — деп тамсанып, “Мен бұл шығарманы былай ойнаймын. Қалай ойлайсың, сен осылай ойнай аласың ба?”— деп сұрайды. Бала болса,  “ойнай аламын”, — деп сеніммен ай­тып, скрип­касын қайта қолына алып, бар ықыласымен кірісіп кетеді. Міне, қызық, ол бұрынғыдан әлдеқайда жақсы ойнайды.

Сөйтсе, соңғы кездері бейшара баланы үнемі ұрысумен болған екен, ал ол болса, қолдауға, қолпаштауға зар болған. Доктор Сузукидің пайымдауынша, баланы жазғы­ру­дан гөрі, мадақтап жұмыс істеген әлде­қайда оңай және пайдалы.  Әрине, кейде балаға ұрысуға, мәжбүрлеуге  тура келетін жағдайлар болады, соның өзінде де қандай қиын мәселе болмасын, балаға  таңдау құқын қалдыруға немесе көзін жеткізуге тырысу керек. Егер бала сіз әлі оқып үлгір­меген газетті жыртып отырса, оның қолын­дағыны жұлып алмай немесе қолынан соққыламай-ақ, білдірмей қолына ескі газетті ұстатып қоюға болады. Егер сіз бұлай жасамай, қолындағысын жұлып алса­ңыз, оның бойындағы іс-әрекетке деген құлшынысты су сепкендей басасыз, қолындағы қызықты затты тартып алу арқылы,  оны іс-әрекетсіз қалдырасыз. Егер сіз балаға алған заттың орнына басқа еш­теңе ұсына алмасаңыз, онда, ең жоқ де­генде, оған мұндайды жасауға болмайты­нын түсіндіру керек.  Ол сіздің түсіндір­меңізді ұқпауы да мүмкін, дегенмен, сіздің даусыңыздағы нанымды нақышты жете сезінеді, бұл оған өте жағымды әсер етеді.

 

4-БӨЛІМ

ТӘРБИЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫ

1.ТӘРТІПКЕ ЫНТАЛАНДЫРУ

МЕН ҚҰЛШЫНЫСЫН ОЯТУ

 

ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ  – ҚҰЛШЫНЫСТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Екі мен үш жас аралығындағы балалар­ды қолынан жетектеп күн сайын доктор Сузукидің скрипка сабағына алып келу – былайша қарағанда,  олардың еркіне қарсы әрекет. Олар жан-жағына балалық құш­тар­лықпен қарап, дәлізде секіріп-шоршып асыр салып ойнауға құмар, ал скрипкаға құлықсыз.  Егер ата-аналары баласын музы­каға мәжбүрлеп оқытуға тырысса, мұндай талпыныстардың барлығының соңы  көз жасымен, байбалам салумен аяқта­лады. Бас еркіндігінен айрылған балалар,  сөйтіп, скрипканы жек көре бастайды. Олардың мұндай қуатты бұлқынысын дәл осы жаста олардың ешқандай күштеуге көнбейтін өзіндік санасы мен сезімінің  оянып, жеке “менінің” пайда болуымен түсіндіруге болады. Сондықтан да доктор Сузуки балаларға алғашқыда қалағанда­рының барлығын жасауға ерік береді, ал скрипкаға жақындатпайды. Көп ұзамай, кішкентай оқушы сабасына түсіп, тыныш­талады да, басқа оқушылардың қалай ойнап жатқанын ықыласпен бақылай бас­тайды. Екі-үш айдың ішінде ол жолдасы ойнап жатқан барлық пьесаларды  жадына берік тұтып алады, енді оларды өзі ойнап көргісі келеді. Оқытушы баланың тағаты­ның шарықтау шегіне жетуін күтеді, сонда ғана оның қолына скрипка береді. Әр баланың дайындық кезеңі әрқилы болады. Ең ұзағы – алты айға созылады.

Доктор Сузуки әдісінің негізгі ұста­нымы – баланың қызығушылығын ояту, бұл – құлшыныстың  қайнар көзі. Оның пікірі бойынша, мәжбүрлеу – оқытудың ең нашар тәсілі.  Егер баланың скрипкаға де­ген қызығушылығы оянса, ол аз уақыттың ішінде үлкен жетістіктерге жетеді, тіпті, кейде мұғалімнің межелегенінен де асып кетеді. Озат педагогикалық әдістеме дегеніміз – баланың оқыту пәніне деген қызығушылығын оята білу. Сондықтан да ата-аналардың басты міндеті, егер  баласын бір нәрсеге үйреткісі келсе – олардың қы­зы­ғушылығын ояту.  Мысал үшін, баланы бас салып санауға үйрете бастау­дың ор­нына, оның цифрға деген қызығу­шылығын ояту керек. Оның қолын шап беріп ұстап жазуға үйретудің орнына, жазу процесіне деген қызығушылығын  туғызу керек. Былайша айтқанда, ата-аналардың міндеті – баланы оқуға қызықтыра дайындау.

Бала жүрегінде мұндай қызығушы­лық­ты туғызу үшін, алдымен, оған қажетті жағ­дайларды жасау керек. Мәселен, баланың сурет салуға деген қызығушы­лы­ғын туғызу үшін, оның маңайында түрлі-түсті қарын­даштар мен қағаз жеткілікті болуы тиіс. Егер мұндай қажетті жағдай жасалмаса, баланың әлденеге қызығушы­лығы туын­дайды деп емексудің қажеті жоқ. Музыка мен суретке енжар қарайтын көпте­ген ере­сектер өздерінің бұл мінезінің себебін ерте жаста жасалған мәжбүрлеу немесе қажетті жағдайдың жасалмауынан деп түсіндіреді.

 

БАЛАЛАР  ЫРҒАҚТЫ ДҮНИЕЛЕРГЕ ӘУЕС

Америкада ағылшын тілін оқытудың сабақтары жазылған әдеттен тыс танымал тамаша күйтабақ бар.

Өлеңмен жазылған түлкі жөніндегі мәтін сондай ырғақты музыкамен өрнек­телген, оған басқа тұрмақ, жасым келіп қалған менің өзім билеп кеткім келеді. Оның сөзі де ырғақты әуеннің арқасында есте жеңіл жатталады. Ешқандай арнайы жаттығусыз, жаттаусыз-ақ, музыканың арқасында жадыңа оңай жазылып қалады. Өкінішке орай, Жапо­нияда музыка арқылы тілге үйретудің техникасы жасақталмаған. Америкада ерте жаста тілге үйретудің ерекше табысқа жетуі — бала­ларды мәжбүр­лемей,  қызық­тыра білуде жатыр. Біздің көпшілігіміз “оқы­ту” десе үрке қарайты­нымыз жасы­рын емес. Біздің сана­мызда бұл сөз адамның еркіне қарсы жасалатын мәж­бүрлеу­мен астар­ласып берік орнап қалған, сон­дықтан, ол бізді ал­дын-ала жү­рек­сіндіреді. Оқыту – қызы­ғушы­лық­пен,  ынтызар­лық­пен жүзеге асатын болса ғана біз үлкен жетіс­тікке жете ала­мыз. Осы­лай­ша қызы­ғу­шылығы оянған бір монахтың ұлы күн сайын тәңер­тең әкесі ырғақты мақаммен әндетіп айта­тын барлық сүрені ешқандай қиын­дықсыз жат­тап алған. Сүре гонг­тың дыбы­сымен ырғақ­ты мәнер­мен айты­лады, сон­дықтан да балаға оны жа­дына тұтуға онша қиын бол­маған. Егер оны жалаң жаттап алуға мәж­бүрле­сеңіз, бұл оған өте қиын­­шы­лыққа түс­кен бо­­­лар еді.

БАЛАЛАР ӨЗІНЕ ҚЫЗЫҚТЫНЫ ҒАНА — ДҰРЫС, ҚЫЗЫҚСЫЗДЫ — БҰРЫС ДЕП САНАЙДЫ

Жыртылған тұсқағаз үшін балаңызға ұрсатыныңыз белгілі. Ал енді оның дұрыс емес екендігін сәбиге қалай түсіндіресіз? Сіз үшін “жақсы” мен “жаман” жалпы­лама қабылданған моральдық қалыптан үйренген  тәжірибелік ұстанымыңыздан туын­дайды. Ал кішкене сәбидің ондай тәжірибесі жоқ, тұсқағазды жыртудың дұрыс немесе бұрыс   екендігін пайымдауға дәйек болатын мағлұматы да жоқ.  Егер, мұндайда, әдеттегідей балаға ұрсып тастаса, ол ендігәрі ондай “пәледен” аулақ  болу үшін, бұдан былай қайталамауы да мүмкін. Дегенмен, осы бір мезет оның ішінде оянып келе жатқан шығармашы­лықты тұншықтырып тастауы мүмкін.

Балалар психологы Сейширо Аоки бала бойында “жақсы” мен “жаман” ұғымдар­дың қалыптасуын арнайы зерттеп, бала үшін “жақсы” ұғымы – қызғылықты және тар­тымды деген сөз. Мысалы, ұрланған бала­лардың барлығы оларға “алдын-ала қаншама сақтандырғанға қарамай неге еріп кеттің?” деген сұраққа : “Олармен өте  қы­зық болды”, — деп жауап берген. Бала ұрлаушылар, бәлкім, олардың психология­сын жақсы білетін болуы керек. Олар — қалай еліктіруді, немен қызықтыруды жетік игергендер. Қы­зықтының бәрі жақсы деп санайтын кіш­кентай бала ештеңеден қауіптенбей, ұрлау­шылардың жетегіне еріп кете береді. “Жақсы” мен “қызықты” ұғым­дарының жұпта­сып келуі — ерте жастағы бала­ларға тән құбылыс. Бірте-бірте бала тәжірибе жинақ­тап, енді “жақсы” дегенді сол үшін мақтау еститін ұғыммен астас­тырады. Егер ол тап­сырманы орындасам, сол үшін мені мақ­тайды деп ойлайды, демек, ол – “дұрыс”, “жақ­сы”. Егер оны ұрсып, жазаласа, демек, ол дұрыс жасаған жоқ деген сөз. Енді жа­ғымсыз әсер “жаман” ұғымымен астасатын болады.

Мысалы, сіз балаңызды скрипкада нашар ойнағаны немесе кітапты жүгірте оқи алмағаны үшін үнемі жазғырасыз. Ал бала болатын болса, осы оқыту процесінің бар­лығын тек азапқа салатын, соған сәй­кес “жамандық” деп қабылдайды. Біз­дің көпші­лігіміз музыканы немесе ағыл­шын тілі саба­ғын осындай жағымсыз сезіммен астасты­рып қабылдайтынымыз­дан да жек көреміз.

Сондықтан да, балаға нені “жақсы”, нені “жаман” деп түсінетін өз ұғымыңды телу үшін, оны жақсы жасаған кезде жа­ғымды сезім ұялайтын, жамандық жаса­ғанда жағымсыз сезім болатындай көңіл-күйді қалыптастырса, әлдеқайда нәтижелі болған болар еді.

Мадақтау мен жазалау әдістемесін қаншалықты табысты пайдалана білсеңіз,  сіздің балаңыздың қабілеті де соншалықты өркенді дамиды.

 

БАЛА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ  ҚОЛДАУДЫ ҚАЖЕТСІНЕДІ

Әрине, қызығушылық – бала тәрбие­сін­дегі тамаша қозғаушы күш. Бірақ, бұл жерде бір мәселе бар: баланың әлденеге деген қызығушылығы тез өзгереді, яғни, оның қызығушылығында шек жоқ, ол алмасып отырады. Егер оның өзіне ерік берсең, оның назары бір заттан екіншісіне секіре береді. Әрине, ол оның жас ерек­шелігіне байланысты, егер оның назарын әлденеге мәжбүрлеп ұстауға тырыссаңыз, ол керісінше әсер беруі де мүмкін. Баланың қызығушылығы – дүниені танудың маңызды шарты және  оның рухани, ақыл-ой дамуы үшін аса қажетті ахуал. Бірақ, қалай дегенде де,  мен балаға шексіз еркін­дік беруді ұсынған емеспін. Ол үшін бір затқа жабысып қалу да аса қауіпті ЕХРО (мұндай ахуалдың ақырғы шегі аутизм деп аталады) немесе бір нәрсеге ұзақ назар тоқтата ал­майтындықтан алаңғасарлыққа ұшы­рай­ды. Нәтижесінде, ол жеңілтек адам болып шығуы мүмкін.  Айнала қоршаған әлемдегі небір қызғылықты дүниенің ішінен бала әрқашан ешкімнің көмегін  қажет етпей-ақ, өзіне тиісті ермекті дәл табады. Әдетте, оған қалай дегенде де үлкен адамның кө­мегі артық болмайды. Көп жағ­дайда, қы­зығушылықтың  барынша  тұрақ­ты болуы, маңызды таңдауға айналуы  неме­се тез сөнуі  ересектердің бала сезімін қанша­лық­ты жедел байқап, соған лайық іс-әрекет жа­сауына тәуелді болады. Сон­дықтан сол сәтті өткізіп алып, қапы қал­мау­дың маңы­зы зор. Біз баланың қандай қызығушы­лығының қабілетке айналаты­нын біле бер­мейміз, қалай дегенде де, оның бұл қадамды сәтті дамытуға мүмкіндігі болуы тиіс.

Жалғасы.

Басы өткен сандарда.