ОТАРШЫЛДЫҚ ЗАРДАПТАРЫН ЖОЮМЕН КҮРЕСУ КЕРЕК

040430264

Қали СӘРСЕНБАЙ

Қоғамда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласын талқылау жалғасып жатыр. Бұл өзі, былай қарағанда, «Мәңгілік елдің»  ұдайы назарда ұстайтын мәңгілік тақырыбындай көрінеді маған. Біз тарихқа есесі кеткен (біздің тарихты өзін «жеңімпаз» санаған елдің өкілдері жазған), көптеген жылдар бойы, әсіресе, патшалық империя, қызыл кеңес кезінде көп қасиеттерінен айрылып, тонал­ған халық екеніміз рас қой. Бол­маса өзгеден ғана емес, өзімізден де алатын өнеге, үлгі аз емес. Бірақ, тап­таушы жүйе соның басым көпшілігін ұмыттырып, мүлдем басқа жолға салып жібергені де ақиқат. Енді кеш те болса сол өзіміздің ата-баба жолына түсуі­міздің қажеттілігін уақыт алға тартып отыр.

Елбасы мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз, күшейтуіміз керек» дейді. Міне, осы ұстаным өмірдің барлық саласында өз жөнімен, жолымен қайта жаңғыруы қажет. Кез-келген мемлекет ең алдымен, өзінің болмыс-бітімімен ерекшелене алады. Демагогиядан, дүбә­ралықтан сақтайтын жол осы. Қазір елімізде аралас мектептер баршылық. Әрине, бұл жағдай да біртіндеп жойы­лар. Алайда, дүние жүзі ғалымдары бұл процесті аса қауіпті құбылыс ретінде әлдеқашан дәлелдегенін біз қаперге де алмаймыз. Тіпті, қазір бізде фильмдер­дің өзі аралас тілде түсіріле бастады. Бұл біздегі құлдық психологияның, әлі де болса кеңестік таным-түсініктің жаны сірі екендігінің белгісі. Өзіне дейінгі тарихтан, халқының салт-санасынан хабары жоқ адам өмірбақи сәби қалпында қалады деген шешімге келген ғалымдар. Демек, не әрі емес, не бері емес, дүбәра күйде қалған халық­тың келешегі күңгірт, бұлыңғыр екені­не көп дәлелдің қажеті де жоқ. Өскен елдің мекемелеріндегі есік көзінде отырған (вахтер, күзетші, т.б.) адамына дейін дүбәралықтан әлдеқашан арылған.

otarshil-oilau-juiesi1

«Хабар» арнасына барып, сұхбат бердім. Кіре берісте бір орыс маған «куәлігіңізді көрсетіңіз» деді. Итеріп жібер­дім. Сондай мінез көрсеттім. Бұрын-соңды жасамаған, көрсетпеген қылығым. Бірақ, солай керек болды. Адам танымайтындармен осылай өз тілінде сөйлесу керек. Бұл да болса біздің деңгейіміздің бір түрі. Тәртіпке, ережеге бәріміз де бағынуымыз керек. Бірақ, одан да биік құндылықтар бар ғой» деп жазған екен Асанәлі Әшімұлы күнделігінде. Тақырыбымызды күрде­лен­дірмей-ақ, осы қарапайым мысал­мен-ақ шектелуге болатын шығар.

Демек, Елбасы мақаласындағы жүктелген қадау-қадау міндеттің бірі әрі бірегейі — отаршылдық зардаптарын жоюмен күресу болса керек. Бұл дертпен күресті дұрыс жолға қоймай, ойы озық, елжанды, ұлтжанды, мемле­кетшіл, толыққанды ұрпақ тәрбиелеу­дің ауылы әлі де алыс.

Абай айтқандай, «толық адам» деңгейіне жету оңай шаруа болмас. Алайда, сол жолдағы ізденістерге шынайы шығармашылық, тарихи сана, ұлттық рух тұрғысынан келіп, зор рухани серпін туғызу қажеттілігін әркім де терең сезінуі тиіс. Бұл еңбектің де басты идеясы ең алдымен санадағы отар­шылдық зардаптарын жоюға негізделгені анық. Ағылшын­ның, орыстың, басқаның отарында болған елдердің қайсысының да бұл бұғаудан босануы оңайға соқпаған.