ОРАЗА – ДІННІҢ ТІРЕГІ

%d0%be%d1%80%d0%b0%d0%b7%d0%b0

Бізді жаратқан, өмір берген Алла Тағалаға сансыз мадақ, мақтаулар болсын.

Алланың сүйікті құлы, екі дүниенің шам­шырағы, мұсылман үмбетінің жол бастау­шысы, сүйікті Пайғамбарымызға (с.а.у.) оның әулеті мен сахабаларына салауат пен сәлем болсын.

Рамазан айының қадір-қасиетін жете білген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Уа, Раббымыз бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға жасайды екен. Бұл туралы Ибн Фадл деген сахаба: «Алдыңғы буынның ізгілері Алла Тағаладан алты ай бойы Рамазан айына жеткізуін тілейтін, содан соң рамазаннан кейін оны қабыл алуын сұрайтын», – деп айтқан. Иә, бұл ай — әрбір жанға илаһи мейірімнің шапағатын сыйлайтын сауабы мол маусым.

Қазақ тілінде қолданыста жүрген ораза сөзі араб тілінде «саум» деп аталады. Сөздікте «бір нәрседен ұзақ тұру, өзін тізгіндеу» деген мағыналарға келеді. Ал шариғат терминінде ораза – балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс мұсылманның ниет етіп, таң атқаннан күн батқанша ішіп-жеу, жыныстық қатынас тәрізді (оразаны бұзатын) істерден тыйылуы арқылы жасалатын құлшылық.

…Бұл айдың басы мейірім, ортасы кешірім, ал соңы тозақ азабынан құтылу кезеңі. Кімде-кім осы айда қарамағындағы адамдарға жеңілдік жасаса, Алла оның күнәсін кешіріп, тозақ азабынан азат етеді. Бұл айда төрт нәрсеге аса көп көңіл бөліңдер! Екеуі Алланың ризалығы үшін жасалатын нәрсе, енді екеуі үнемі естеріңнен шығармауларың керек болған нәрсе. Алланың ризалығы үшін істейтін нәр­селерің шәһәдат — Лә иләһа иллаллаһ Мұхам­мадур-расулулла (Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ, Мұхаммед Алланың елшісі) мен истиғфарды (Уа, Алла Тағала күнәларымды кешіре гөр! деп) көп айту. Үнемі естеріңнен шығармауларың қажет болған нәрсе — Алладан жәннатты сұрап, тозақтан азат етуін тілеу. Кімде-кім ораза ұстаған адамға ауыз­ашарда сусын берсе, Алла Тағала оны ақыретте менің хауызымнан сусындандырады. Ол жәннатқа кіргенге дейін мүлдем шөлдемейді» – деді (Али Әл Муттақи, Кәнзуль Уммаль, VІІІ, 477/23714).

Ораза тұту– ислам дінінің бес негізінің бірі. Мұның өзі оның дінімізде қандай орынға ие екендігін аңғартады. Ал оның сауабын өмірлік өлшемдермен таразылау мүмкін емес. Құранда ораза ұстаудың барлық мұсылман­дарға парыз екендігін анық баяндайды:

«Уа, иман келтіргендер! Ораза сендерге парыз етілді» (Бақара сүресі 183-аят).

Бұдан кейін мұның тек қана бізге ғана емес, бізден бұрынғыларға парыз етілгендігі баяндалған:

«Сендерден бұрынғыларға парыз етілген­дей…» делінген, бұдан кейін ораза ұстау үшін белгілі мерзім білдірілген. (Бақара сүресі 183-аят).

«(Парыз болған ораза) санаулы күндерде» (Бақара сүресі 184-аят).

Осы бұйрықтан кейін Рамазан айының ерекшелігі мен артықшылығы және ораза туралы адамзаттың табиғатына қарай берілген жеңілдіктер баяндалған:

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел ретінде Құран түсірілді. Олай болса, сендерден Рамазан айына жеткендер сол айда ораза тұтсын. Кімде-кім сол кезде ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде (тұта алмаған күндерінің) қазасын орындасын (мойнындағы борышты өтесін). Алла сендер үшін жеңілдік қалайды, қиындық (ауырлық) қаламайды. Бұлардың барлығы санаулы күндерді тәмәмдауларың және сендерге тура жолды көрсеткен Алланы ұлық қылып, Оған шүкір етулерің үшін» (Бақара сүресі 185-аят).

Ораза ғибадаты – адам баласының Аллаға деген сезімін оятады, тақуалығын арттырады, Жа­ратқанға жақындатады, Алланың ризалы­ғына бөлейді, мол сауапқа кенелтеді, жәннат есігін ашады, тозаққа қалқан болады және біз білген, білмеген жақсылықтарға жеткізеді. Сондықтан ораза ұстаған адам тек Алла үшін, Оның ризалығына жету үшін таңнан күн бат­қанға дейін ішіп-жеуден тыйылады, жыныстық сезімдерге берілмейді. Алла Тағала құдуси хадисте:

«Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана білем, әжірін Өзім берем. Өйткені, ол Ме­нің ризалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін тағамнан, жеп-ішуден және жыныстық қатынастан бас тартты» (Бухари, саум 9) – дейді.

Рамазан — айлардың сұлтаны. Он екі айдың ішіндегі ең абзал, ең қадірлі ай. Өйткені, бұл мү­барак айда Алланың күллі адамзатқа жіберген соңғы кітабы — Құран Кәрім түсірілді. Құран — адамдар үшін жолбасшы, тура жолды түсіндіріп, ақ пен қараны, сауап пен күнәні, ақиқат пен жалғанды, жақсы мен жаманды айырушы, жаман қылықтан сақтандырушы қасиетті кітап. Рамазан қасиетті Құран айы. Мұсылмандар осы айда қасиетті Құранды көбірек оқиды. Рамазан — айында Құранды хатым жасау — Пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті. Сондықтан Рамазан айында мешіт­терде тарауих намазы оқылып, онда Құран хатым түсіріледі.

 

Оразаның түрлері

 

Оразаның алты түрі бар: Парыз, уәжіп, сүннет, мустахаб, мәкруһ және харам.

Парыз ораза – Рамазан айында ұсталатын ораза, Рамазан оразасының қазасы және кәффарат оразалар.

Уәжіп оразаға бір нәрсеге аталған оразалар мен бұзылған нәпіл оразалар жатқызылады.

Сүннет ораза – Мухаррам айының тоғызыншы, оныншы немесе оныншы және он бірінші күндері ұсталатын ораза.

Мустахаб оразаларға қамари (аймен есептелетін) айлардың он үш, он төрт және он бесінші күндері, аптаның Дүйсенбі және Бей­сенбі күндері және Рамазаннан кейін Шәууал айында алты күндік ораза кіреді.

Мәкруһ болып есептелетін оразалар мыналар: әр Мухаррам айының тек қана оныншы күні мен тек қана жұма немесе сенбі күндерінде ораза ұстау.

Харам болып есептелетін оразалар: Рамазан айтының бірінші күні мен Құрбан айты­ның төрт күнінде ораза ұстау – харам. Өйткені, айт күндері — Алланың құлдарына деген сый-сияпат күндері. Ұлы Жаратушының сый-сияпатынан бас тартуға болмайды.

 

Оразаға ниет

 

Барлық оразаға жүрекпен ниет ету – жеткілікті. Рамазан оразасына ниет етерде әрбір күніне жеке-жеке ниет ету шарт. Себебі, әрқайсысы өз алдына жеке ғибадат. Барлық оразаға түнде немесе таң уақыты кірмей тұрып ниет ету – абзал.

Ауыз бекітерде: «Уа, Алла! Мен Рамазан айында Өзіңнің разылығың үшін иманмен әрі сауабынан үміт еткен түрде ораза тұтуға ниет еттім. Уа, Алла! Оразамды қабыл ал, күнә­ларымды кешір әрі оразамның берекесін бер!» – деп ниет етуге болады.

Ауызашарда: «Уа, Алла Тағалам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір» – деп айтып, су, құрма, сүт және кез- келген адал тамақтың түрімен ақшам азаны оқылған уақытта дереу ашу керек.

Әрі қаза, әрі кәффаратын қажет ететін жағдайлар

Ораза екенін біле тұрып:

1) Жеп-ішу (тамақ болсын, дәрі-дәрмек болсын).

2) Жыныстық қатынаста болу.

3) Шылым шегу.

Қаза сөзінің мағынасы: бұзылған оразаның күніне күн келетіндей етіп ұстау.

Кәффарат:

  1. Әдейілеп бұзылған бір күн оразаның орнына екі ай, яғни, алпыс күн үзбей ораза ұстау.

Демек, жоғарыдағы екі жағдайдың бірін істе­ген адамның оразасы бұзылған болып табы­­лады, сондықтан әрі қаза әрі кәффарат өтейді.

Бұзылған оразаның, тек қана қазасын өтейтін жағдайлар:

  1. Дәрет алып жатқанда немесе басқа себептермен тамаққа су кету.
  2. Ұйқыдағы адамға су ішкізу.
  3. Ауыр жұмыста жүрген кезде ауырып қалу немесе өзіне бір зиян тиюінен қорқып оразасын бұзуы.
  4. Ұмытып бір нәрсе ішіп-жеген кезде «оразам бұзылды» деген оймен ішіп-жеуді жалғастыру.
  5. Түнде ниет ете алмай, күндіз ниет еткен адамның бұған көңілі толмай ішіп-жеуі.
  6. «Күн батты» деп жаңылысып, аузын ашса, бірақ, күннің одан кейін батқанын білсе, оразасын бұзғаны үшін, тек қана қазасын өтейді.
  7. Түнде оразаға ниеттеніп, бірақ, таңертең жолға шығып, жолда оразасын бұзатын болса.
  8. Түнде ораза ұстауға ниеттенген жолау­шының тұрғын болуға ниеттенгеннен кейін жеуі.
  9. Сәресінің уақыты бітсе де, қателесіп әлі уақыт бар деп жеу.

Оразаны бұзбайтын жағдайлар:

  1. Ұмытып ішіп-жеу немесе білмей жыныстық қатынаста болу.
  2. Бір адам таңертең жүніп болып тұрса және кешке дейін де осылай жүніп күйінде жүрсе, оразасы бұзылмайды.
  3. Қан алдыру немесе сүлік салдыру оразаны бұзбайды.
  4. Құлаққа су кіру, бұлық ағу оразаны бұзбайды.
  5. Көзге, құлаққа дәрі тамызу немесе көзге сүрме жағу оразаны бұзбайды.
  6. Мисуак оразаны бұзбайды. Өйткені, мисуак қолдану – сүннет.
  7. Тіс жұлдыру оразаға кедергі жаса­майды. Бірақ, жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт.
  8. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ, тамаққа кетпеуін қадағалау қажет.
  9. Тамаққа түтін немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары еріксіз кірсе, оразаға зиян бермейді. Бірақ, бұларды әдейі ішіне тартса, ораза бұзылады.
  10. Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсе тамаққа кетсе, ораза бұзылмайды.
  11. Тістердің арасында қалған тамақ қал­дықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды. Гүл, әтір секілді жақсы иістерді иіскеу оразаға зиян бермейді.
  12. Еріксіз құсу (ауыз толы құсық болса да) оразаға кедергі жасамайды. Және оның еріксіз ішке қайта кетуі де.
  13. Салқындау үшін жуыну, жүзу немесе ылғалды бір көйлек кию оразаны бұзбайды. Бірақ, су жұтпастан суға батып жүзу қиын болғандықтан, түспеу абзал.

Намаз оқымаған адам ораза ұстай ала ма?

Жауап: Иә, намаз оқымаған адам ораза ұстай алады. Өйткені, бір құлшылықтың орын­далмауы басқа ғибадаттың қабыл болуына кедергі емес. Бірақ, әр құлшылықтың өзіндік орны бар. Оның орнын басқа құл­шылық тол­тыра алмайды. Сондықтан мойнымызға жүк­телген парыздарды толықтай орындауымыз керек.

Қасиетті Ораза айы баршаңызға мүбарак болсын! Бұл айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмы­сымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіз­дігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқа­шан үстем болғай! Әмин!».

 

Көкенай Саясат,

Алматы қаласы «Байкен» мешітінің

                наиб-имамы.