Мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс нығаяды

3db6bb83b39ff7d229bc46f286dd93cf

Рая ЕСКЕНДІР

Биылғы оқу жылының тағы бір жаңалығы — Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан тұңғыш рет ата-аналардың жалпы жиналысы жарияланды. Осыған орай, Түрксіб ауданындағы №59 мектеп-гимназияда «Мектеп, ата-ана, бала арасындағы байланыс» тақырыбында 1–11-сынып оқушыларының ата-аналары шақырылып, жиналысқа қатысты.

Үштік байланыстың терең тамыры ата-ананың болашақ кепілі болатын баласының мектеп өмірін­дегі тыныс-тіршілігімен сабақтас­қаны белгілі. Мектеп-гимназия директоры Айжан Қасымова сөзді оқушылардың сапалы білім алып, олардың бәсекеге қабілетті, болашақтары жарқын болулары үшін ата-ана баласының оқу-білім деңгейінің көрінісін назарда ұстауы тиіс екендігін атап өтті.

Осы орайда, 2016-2017 оқу жылын­да 1-сыныпта оқушылардың оқудағы жетістіктерін шектеусіз бағалау жүйесі енгізілгендігін, алдағы жаңа оқу жылынан бастап жаңартылған бағдарлама бойынша 1, 2, 5, 7-сыныптарға жүргізіле бастай­тынын жеткізді.

Ата-аналар жиналысында мектеп-гимназия директоры Айжан Тойбекқызы Қамқоршылық кеңе­сінің жұмысын, кеңестің құқығы мен міндеттерін, қағидасы мен қызметін таныстыра отырып, Қамқоршылық кеңестің  білім саласын басқаруға қатысатын ұйым екендігін айтты. Қамқор­шы­­лық кеңесінің мақсаты – білім беру ұйымына қолдау көрсету, қар­жылық қолдауды қамсыздан­дыру, материалдық-техникалық базасының нығаюына, сондай-ақ, оның қызме­тіне қоғамдық бақылау жүргізу сынды ауқымды әрекеттерге сабақ­тасатындығын тілге тиек етті.

Ата-аналар мектептегі білім мен Қамқоршылық кеңесінің құрылуы жөнінде, ҰБТ-ның жаңа форматы бойынша мағлұматтар алып, өздерін толғандыратын өзекті сұрақтардың жауабын алды. «Кітап – ең басты байлық, әрі әдемі сыйлық» афориз­мін негізге ала отырып, «Мектепке кітап сыйла» республикалық акциясына қызу қолдау білдірді.

– Білім ошағында болашақтың кепілі болатын  шәкірттеріміздің даңғыл жолы жатыр. Сондықтан әрбір шәкіртке қамқорлық танытып, үштік одақ сабақтастығын нығайта түсуіміз қажет, – деген ата-аналар­дың өздері де үлкен сенім жүгін арқалап қайтты.