КӨРІКТЕНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚОЛҒА АЛЫНЫП ЖАТЫР

Наурызбай  ауданы әкімшілік орталығының құрылысы үстіміздегі жылдың шілде айында аяқталады

j46dgh4j6dg

Қала әкімі Бауыржан Байбек Наурызбай  ауданын  дамыту жөніндегі  көшпелі жиын өт­кізіп, салынып жатқан аудан әкімшілігі орталығының құрылыс жұмыстарының сапасы­мен танысты. Жиын барысында әкім  қала  қызметтері  басшыларының  назарын аудан­дағы салынып  жатқан жолдардың, инженерлік және коммуналдық желілердің барынша сапалы болуына әрі дер мезгілінде пайдалануға берілуі тиіс екендігіне аударды.  Сондай-ақ,  мега­полис басшысы жөнделген көшелер, мердігерлік ұйымдар мен олардың өздеріне тапсырылған жұмыстарды аяқтау мерзімдері белгіленген, жалпы  осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар туралы толық ақпарат жинақталған Наурызбай ауданының кешенді картасын жасауды тапсырды.

Өз кезегінде аудан әкімі Сайран Сай­феденов Наурызбай ауданының құрылғанына үш жыл толуы қарсаңында 1200 орынды мек­тептің,  бір ауысымда 500 адам  қабыл­дайтын аурухананың, аудандық ішкі істер депар­таменті мен әкімдік, ХҚКО, АХАЖ, про­куратура, сот және басқа қызметтік меке­мелер орналасатын нысандардың пайдалануға берілетінін,  аталған мекемелердің  пайдала­нылуға берілуге 80-90 пайыз дайын екендігін, қазір ғимараттардың төңірегін абаттандыру жұмысы қолға алынып жатқанын айтты.

Жалпы, Наурызбай ауданында биыл   тұрғындарды сумен қамтамасыз ету мақ­сатында  1 07,5 шақырым желісін, суды бөлу­дің 81,2 шақырым желісін,  «Ақсай», «Қар­ғалы»  ықшамаудандарында фильтрлі тазарт­қыш екі станса салу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар сәтті аяқталса, Таусамалы, Тау­жолы, Шұғыла, Тастыбұлақ, Ақжар, Құра­мыс, Қарғалы, Қарағайлы, Жайлау  сынды елді-мекендер орталықтандырылған су жүйе­сіне қосылатын болады.  Бұған қоса ұзындығы 24,4 шақырым болатын кәріздік  коллектр  тұрғызу да жоспарланған.

Ауданда Абай даңғылынан Әуезов көше­сіне дейін, «Қалқаман» ықшамауданынан қала  шекарасына дейін үңгілеу жұмыстары жүруде, Жандосов көшесі, Саин көшесінен Таусамалы поселкесіне дейін ұзындығы 2,08  шақырым болатын жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, көшелердің  қоз­ғалыс бөлігі  төрт жолаққа дейін кеңеюде, «Қарғалы» өзенінің үстіндегі көпір қайта жасалуда, веложолдар мен тротуарлар салынуда. Ұзындығы 30 шақырым болатын 30 көше мен Қалқаман және «Алаш» ықшам­аудандарындағы 33 көшені  орташа жөндеуден өткізу  жоспарлан­ған.

 «Ақшам-ақпарат».