«Жол картасы» жастарды жақсылыққа үндейді

????????????????????????????????????

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Соңғы уақытта үлкендердің тара­пынан «Жастар кітап оқы­майды», «Жастар үлкенді сый­лаудан қалған», «Жастар бұзылған» дегенге саятын сөздерді жиі ести­тініміз бар. Бірақ, олардың көбі бұған дейін айналаға жас­тардың көзімен қара­ғанына күмәніміз де жоқ емес. Шынына келгенде, жас­тар кітап оқиды. Жастар үлкенді сый­лайды. Жастар бұзылған жоқ. Тек олар­дың тәр­биесін қолға алатын отба­сылық, қоғамдық құндылықтарды жо­ғал­тып алуға шақ қалдық.  Міне, осы­ған орай Алматы қаласының жастарын қолдауға арналған бағдар­лама әзір­ленді. Бұл енді олардың етегі­нен тарта беруді қоятын күн туды дегенді білдірсе керек…

Кеше «Тұран» университетінде Қоғам­дық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда «2017–2020 жылдарға арналған Алматы қаласы жастарын қолдаудың Жол картасы» бойынша әңгімелер айтылып, жүйелі жо­баның жалпы құрылымы талқыға салынды.

Қоғамдық кеңес өкілдері, Алматы қала­сындағы жастар ұйымдары және БАҚ өкілдері қатысқан отырыста Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы Шыңғыс Бескемпіров «Жол картасының» тиімділігін және оның қала жастарының болашағына оң әсер тигізе­тінін айтты.

Бағдарламада 2-3 жыл ішінде жо­ғары оқу орындары мен кол­ледждерге студент­тік жатақханалар салу үшін жер бөлу мен коммуникация жүргізу қарас­тырылып, оқуын жаңа бітірген жас­тарды жұ­мыспен қамту мәселесі де басты назарда болады. Ол үшін, ең алдымен, жастар тәжіри­бесінің кво­тасын арттыру көзделіп отыр. Осы орайда, бір жылда алты мың­нан астам адам кәсіби даярлықтан өтпекші.  Сондай-ақ, жоба бойын­­ша қолға алы­натын шара­лардың бірі – қаладағы жастар орталығы құрылысын бастап, олардың мәдени, спорттық әлеуетін дамыту.

Бұл күндері жастардың өзін-өзі жетілдіруі мен жан-жақты дамуына, олардың қала өміріне белсене аралас­уына және мега­полис жағ­дайындағы өмірге бейімделуіне жағдай жасауды мақсат еткен бағдар­ламаны жан-жақты түсіндіру жұмыс­тары қала бойынша жүр­гізіліп жатыр. Әсі­ресе, жоғары оқу орындары, спорт мектептері, жатақ­ханалар, жастар ұйымдары орта­лықтары сияқты басқа да көптеген жерлер мұндай шара­лардан құр қалған емес.