Діни мәселені шешуге үкіметтік емес ұйымдар тартылады

Әсел ДАҒЖАН

Еліміздегі терроризм мен экстремизм мәсе­лесін зерттеу орталығы қоғамдық қоры мен қалалық Дін істері жөніндегі басқармасына қарасты Са­рапта­ма және зерттеу орта­лығы бір­лесіп, діни бірлес­тіктер клу­бы­ның отырысын ұйымдастыр­ды.

30-дан астам діни бірлестік бас­шылары қатысқан жиында діни бірлестіктердің клуб ережесі бекітіліп, алдағы уа­қытта қандай мәселелер тал­қы­ланатыны ортаға салынды.

– Биыл Алматы қаласы әкімінің қолдауымен Дін істері басқармасына үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеу бо­йынша арнайы қаржы бөлінді. Яғни, ол қаржы әлеуметтік маңызды жоба­ларды жүзеге асыру үшін жұмсалады. Діни экстремизм­нің алдын алу мен қазақ­стандық патриотизмді қалып­тас­тыру, Елбасы саяса­тын насихаттау деген сияқты тақы­рыптар қамтылады. Жо­ғарыда айтып өткен қаржыға біз 16 жоба жасадық. Бүгінгі клубты құрға­нымыз да осын­дай жо­балардың аясын­да істелуде. Діни экстремизмнің алдын алуға, дінаралық ке­лісімді нығайтуды насихаттау үшін азаматтық ұйымдарды тарту басқарма тарапынан қолға алы­нып отыр. Бұл бұған дейін болмаған нәрсе, – деді, қала­лық Дін істері жөнін­дегі бас­қарма басшысы Айдар Есен­беков.

Басқарма басшысының айтуынша, теріс діни ағымның құрбанына ай­налып, солардың идеологиясын қа­былдап, адасып жүрген азаматтармен жұмыс істеу орталығы биыл кең көлемде жұмыстар жос­пар­лап отыр. Онда тиісті ма­мандардың бәрі жұмыл­ды­рылған, олар оңалту жұмысын жүргізеді. «Арнайы спектакль қою тағы жоспарда бар. Яғни, белгілі бір отба­сының басынан өткізген тағдыры арқылы халыққа үгіт-насихат жүргізу, роликтер түсіру, әйелдер жамағатымен жұмыс жүргізу деген сияқты көптеген шара­лар істелуде», – деді басқарма басшысы.

Айта кетсек, бүгінде Ал­матыда 48 исламдық діни ұйым, 16 православтық және 100-ге жуық протестанттық, като­ликтік, иудаистік және өзге де діни ұйымдар бар. Со­нымен бірге, қалада 17 кон­фессия мен 130-дан астам шет­елдік мис­сионер қызмет етеді.