БҰЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ БОЛМАЙДЫ

Қаланы жаяу аралаған шаһар басшысы Алмалы ауданының абаттандыру жұмыстарын сынға алды

img-20170517-wa0013

Нұрлан СҮЙІН

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаланы аралау барысында шаһардың орталық ауданы – Алмалыдағы абаттан­дыру ахуалына сын айтып, жуық арада кемшіліктерді түзеуді тапсырды. Қала әкімі қысқа мерзімде тротуарларды, саябақ­тарды, спорттық және балалар алаңқай­ларын, т.б. жөнге келтіру керектігін айтты.

– Әрбір көше, әрбір шаршы алаңдар бойынша жұмыс атқару керек. Көше бойында – қоқыс, қисық шарбақтар, түсініксіз қоршау қалдықтары, кесілген ағаш түбірлері, қалай болса солай қал­дырылған көліктер. Орталықтың жағ­дайы осындай. Өте қысқа мерзімде жөнге келтіру керек. Біздің мақсатымыз – шаһарды жаяу жүргіншілер үшін жайлы ету, сол себепті де қаланың барлық аудан­дарында жұмыстар жасалу керек, – деп атап өтті шаһар басшысы.

img-20170517-wa0015

Алмалы ауданының әкімі Жасұлан Ес­тенов биыл ауданда 34 мекен-жай бойынша тротуардың және он көшенің жөндеу жұ­мыс­тары жоспарланғанын айтты. Аула­лардағы сыртқы жарық бойынша 19,7 шақырым желі құрылысы жүргізіледі, 80 аула бойынша күрделі жөндеу жұмыс­тарының жоба-сметалық құрылыстарының құжаты дайындалған.

Қала келбетін ажарландыру мақсатын­да заңды тұлғалардың және ПИК-тердің есебінен магистральдық көше бойындағы 5 тұрғын үй жөнделген, 13 жеделсаты ауыс­тырылған, 4 тұрғын үйде күрделі жөндеу жүмыстары басталды.

Бұдан өзге, 2017 жылы Алмалы ауда­нында 4 балабақша және 1200 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Радос­товец көшесінде 120 орындық балабақша және Төле би көшесінен солтүстікте 50 орындық шағын орталық құрылысы бас­талмақ. Шевченко – Манас – Жамбыл – Бай­зақов көшелері шаршысындағы бала­бақшаны қайта құрылымдап, мүмкіндігін 320 орынға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

img-20170517-wa0016

P.S. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» демекші, бұлай жұмыс істеуге болмайтынын баса айтқан әкімнің сынын  басқаларға да жасалған ескерту деп ұққан жөн шығар.