«АР БОЛЫП СӨЙЛЕЙТҰҒЫН АРЫС АҒАМ»…

Танымал тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлының «бай, қуаттылығы»

өз алдына, айбарлы, адуынды болып көрінетін тұлға  жаны нәзік,

көркем мінезді адам десем, сенер ме едіңіз?..

preview

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

Содан бері 10950 рет таң атып, күн батыпты

Мен ол кісіні тура отыз жылдан бері тани­ды екенмін. Аз да уақыт емес. «Ленин­шіл жас» («Жас Алаш») газетінде қызмет етіп жүргенімде, қазақ телевизиясы шопан­дар өмірі туралы хабар ұйымдастырды. Соның алдында  ғана арнайы жасақталған топ құрамында болып, Ақтөбе облысы Шал­қар ауданындағы малшылардың тұр­мыс-тіршілігімен танысып қайтқан бола­тынбыз. Телеарнада істейтін курста­сым Ләззат Сапақова рейд қорытынды­ларына арналған осы басқосуға шақырып, Нұрті­леу Иманғалиұлы ағамызбен сол сәтте танысып-білістім. Содан кейін-ақ арагідік араласып-құраласып жүріп жаттық. Қазіргідей емес, ол кезде жіңішкелеу, ұзын бойлы болатын. Өзі ширақ, сөзі кесімді, нығарлап айтқанды, нақты істегенді ұнататындай көрінді.

Содан бері 10950 рет таң атып, күн батыпты. Қым-қуыт тірлік әрқайсымызды әр бұрышқа байлап қойғысы келсе де, тілеулес, тілектес жандар болған соң, күнде бірге жүргендей күй кешетініміз бар. Оның үстіне, Нұртілеу ағамыз күн сайын үйіміз­дің төрінде «отырып», небір қызықты жәйттерден сыр тартып отырады емес пе… Сондықтан, кездеспей жүрмін, көрмегелі көп болды деудің өзі қисынсыз.

1998 жылы өткен Қала күніне арналған мүшәйраны осы Нұртілеу Иманғалиұлы жүргізген болатын. Махаббат жыршысына айналған ақын Тұманбай Молдағалиев бастаған бір топ қазылар алқасына менің:

«Ей, Алматы, білесің бе?

Қалдың ба сен де күресінде.

Қашып жатыр ел, көшіп жатыр,

Шама жоқ менде тіресуге!

Ей, Алатау, расында,

Мәңгілік мүлгіп тұрасың ба?

Арналып еді-ау бір өзіңе

Қаншама мәңгі жыр-асылдар.

Е, Алматы, біз қалармыз,

Талықсығандай түзде жалғыз.

Ақырын күтіп жақсылықтардың,

Соңынан қарап із бағармыз», 

дейтін өлеңім ұнап қалған сияқты (осы жолдары ғана есімде қалыпты).

Сол жылдары бүкіл Алматы Астанаға көшіп кетіп қалғандай сезілді. Өзге ақын­дардың өлең-жырларының бәрі күшті, мықты шықты, бірақ, оларда мұңайып, жыламсырап жатқан Алматының көңіл-күйі жоқ еді. Әрине, Астанаға деген ешқан­дай қарсылық ойда болған жоқ, бірақ, отын оттап, суын ішіп отырған Алма­тының көз жасын көрмеуге болмайтын еді. Бір-ақ сәтте тастанды қалаға айналған шаһарымыз Алатауға ғана арқа сүйеп қалған болатын.

Байқаймын, өзгелерді хабарлағандай емес, Нұртілеу ағамыз мені сахнаға өлең оқуға шақырғанда, ерекше екпінмен, үлкен ризашылық кейіппен сөйледі. Мен «Алматы» деген басқа өлең оқимын деп әзір­леніп барып едім, «Ей, Алматы, білесің бе?» деп атап айтқан соң, амалсыз, сол өлеңімді оқыдым. Сөз арасында айта кетейін, осы кішкентай өлең Тұмағаңа да қатты ұнап қалды-ау деймін, Елбасы Президенттік сайлауда жеңіске жеткен күні көшеде кездесіп қалғанда да, Жазу­шылар одағына мүшелікке өтерде кепілдеме алуға барғанда да, ыстық ықыласымен: «Сен ақынсың!» —  дегені бар.  Үлкен тұлға, айтулы ақынның бір ауыз сөзі кәдімгідей қанаттандырып тастаған еді… Қала күніне байланысты шыққан санында «Алматы ақшамына» мүшәйрада оқылмай қалған өлеңім басылып шықты.

– Сенің кіп-кішкентай өлең кітабың бар менде, үйдегі үлкен кітаптардың арасына қойып қойғанмын, – деді арада бес жыл өткенде Нұртілеу ағам. Баяғы күн­дер кішкене ескіріп, ұмытылыңқырап кет­кендей еді. Бұл уақытта атақты журналист, теле-реформатор Қайнар Олжай ағам мені қасына жұмысқа шақырып, «Хабар» мен «Еларна» телеарналарына материалдар әзірлеп жүргенмін. Он бес минуттық авторлық «Солай болған» қысқа мет­ражды тарихи деректі фильмдер сериясын (110 серия) жасадым. Нұртілеу Иманғали­ұлы­ның «Бай-қуатты болайықты» айтып жүретін кездері ғой, мен әзірлеген дүние­лерді эфирден көріп қалса, кәдімгідей риза болатын. Монтаждаудағы сәтті детальдар мен оралымды ойларды ойында сақтап қалып, атап айтып отырады. Жұмыс қан­шама қарбалас болса да, Нұрағамның ара­сында дөп тауып айтатын әсерлі әңгімелері, ұтқыр әзілдері де дайын тұрады, сонысымен де көңіліңді баурап алатын қасиеті бар.

Кейіннен барып, арада біраз жыл өткен соң есіме түсті, сол баяғы мүшәйра болар кезде жаңа шыққан жұқанақтай «Ақ жауынды шақ» деген алғашқы кітабымды таратқаным бар еді, Нұртілеу ағамның  қолына да сол сәтте тиген екен-ау деймін…

 

«Когда будет суббота?»…

Нұртілеу ағаның:

«Байбота, Бай-бота!

Когда будет суббота?», –

деп айтқаны және оған Байбота Қошым-Ноғайдың:

«Нұртілеу, Нұртілеу!

Субботаға ертелеу», –

деп, табанда жауап қайырған әзілдері қазір екінің біріне белгілі болар деймін. Мұны текке айтып отырған жоқпын, Нұрті­леу Иманғалиұлының өлеңге де «таласы» бар. Ол өлең жазуды сонау бала кезінен-ақ бастаған болатын.

Оның: «Менің анам он төрт құрсақ көтерген алтын жүректі жан еді. Үйдің сүт кенжесі болғасын, атам бауырына басты. «Шалдың баласы» деп бетімнен қақпайтын. Ерке, айтқанымнан қайтпайтын, қайсар бала болдым. Әкем есепші болып қызмет істе­ді. Ауылға ақын-жазушыларды, сал-серілерді жиі ертіп әкелетін. Бірде ақын Мұқағали Мақа­­таев келді. Мәдениет үйінде «Көк орамал» деген өлең оқыды. Соғысқа аттанған жігітке қалыңдығы көк орамал сыйлайды. Жігіт әлгі орамалды тастамайды. Жарақат алып, жарасын таңады. Ақынның түр-тұл­ғасы, өлең оқуы, халықтың оған деген ықыласы маған қатты әсер етті. Үйге келіп, «Боз орамал» деген өлең жаздым. Кейін ақынның өлеңдерінен «Көк орамалды» таба алмадым. Ал мен өмірдің кейбір сәттерін өлеңге айналдыруды әдетке айналдырдым», – деп еске алуының өзінде бірталай сыр жатыр.

Бұлар да өз алдына, Нұртілеу ағаның кісі қызығатындай тағы бір керемет ісі  бар. Ол гүл өсіргенді ұнатады. Оның сырын да өз аузынан тыңдап көрейік. «Әжем Күліш емшілік қасиеті бар текті адам еді. Мені жанына ертіп, емдік шөп теретінбіз. Ауылда сырқаттанған қарттарды, бала-шағаны емдейтін. Көкке, жасыл желекке қызығу­шы­лық осы әжемнен дарыса керек. Гүлді нақты қай уақыттан бастап өсіргенім есімде жоқ. Гүлдің үлкен ғылым екенін түсін­дім. Үйімнің бір бөлмесін шағын бақшаға айналдырдым. Гүлдерім көп. Олар­дың бірі күнді, енді бірі жа­рықты, бірі қараңғыны жақсы көреді. Күтім жасаған­ды, жақсы көргеніңді қалай­ды. Сондық­тан, гүлді тірі табиғат деп түсінемін. Кейде үйде жалғыз қалғанда гүлдеріммен сырла­самын. Бір қызығы, барлық гүлдер менің жазу үстеліме қарай иіліп тұра­ды. Бұл – мені жақсы көретіндігінің белгісі. Жазда аулаға раушан гүлінің бірнеше түрін отыр­ғызамын», – дейді, үйіңіздегі «көк жәшік­­тен түспейтін», бәріңізге бір табан жақын тележурналист ағамыз.

Қазір зейнеттік демалыста жүрсе де, Нұртілеу аға Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасында өзінің брендіне айналған сөзімен аттас «Бай-қуатты болайық!» атты бағдарламаны жүргізіп келеді. Өзінің аты айтып тұрғандай, бұл бағдарлама ел ішінен шыққан табысты кәсіпкерлер мен бизнесті дөңгелетіп келе жатқан іскер тұлғалардың тәжірибесін насихаттауға арналған. «Бай болуға – кәсіп керек» деп, Ахмет Байтұр­сынұлы айтқандай, қазақтың ендігі міндеті – ел тұрмысын жақсарту үшін кәсіпкер­лікті дамытуға мықтап кірісуі тиіс. Уақыт талап етіп отырған бағдарламаның анонс-жарнамасын бере жүруді Нұртілеу аға «Бай-қуатты болайық!» деп, осыдан 15 жылдай бұрын бастап кеткен болатын.

 

Нұртілеудің бейресми мектебі

Бір ойдан бір ой туады… Байқап қара­саңыз, тележурналистиканың басы-қа­сын­да жүрген тұлғалардың көбісі жазба тіліне келгенде, ақсаңқырап қалатынын білер едіңіз. Менің есіме Сағат Әшімбаев, Сұлтан Ора­залин, Жүрсін Ерман, Аман­ғали Дайрабаев, Қайнар Олжай, Серік Аббас-шах, Арман Ысқабылұлы, бәрінен бұрын әңгімелерді «ауызша» жазудың шебері Тілеуқабыл Мыңжасарұлының есімдері ғана түсіп тұр. Басқалар да бар шығар, де­генмен, жазу шеберлігін қоса алып жүрген тележурналистика майтал­ман­­дарының ішінен өзімнің білетінім осылар ғана ма деп ойлайтынмын. Сөйт­сем, көңілдегі көрікті ойларын қағаз бетіне жасырын түсіріп жүретіндері де жоқ емес екен. Соның бірі – осы біздің Нұртілеу Иман­ғалиұлы ағамыз. «Естіген жаңалық­та­рымды, көр­ген-білгенімді ерінбей дәптерге түсіремін. Дәптер толғаннан кейін, қоқысқа таста­маймын. Оны жинап, сақтай білу де өнер ғой. Үйде бір шабадан ескі қалың дәптерім бар. Бұл дәптерде ел қызыға оқитын жақсы нәрсенің жазыл­ғанына сенімдімін», – деп тебіренгеніне қара­ғанда, бұрын айтылмай келген дүниелердің жарыққа шығар күн­дері де алыс емес деп ойлаймын. Нұртілеу Иман­ғалиұлының өзіндік орны мен ешкімге ұқсамайтын ерекшеліктерін өле­ңіне арқау ете келіп:

«Елінің бір ырысы, ірі кісі,

Телегей телеөнердің құбылысы.

Мұрагер ағалардың рухына,

Құлагер Ілиястың бір інісі.

 

Жүйрікке өмір осы жарыс-алаң,

Ақсудың сені көрсем ағысы аман.

Бар болып, нар болып жүр алдымызда,

Ар болып сөйлейтұғын арыс ағам», –

деп, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай жырлағандай, ел көңілінде ол бәрібір қара сөздің шешені, оймақтай ойдың өлшемін­дей болып қала береді. Ғалым ағам бұл жерде «ағыс» сөзін бекер пайдаланып отырмаған болар…

Бұрынғы-соңғы телехабарларға аздап ой жүгіртіп көрсек, Нұртілеу Иманғалиұлы бастаған «ағысты» кейінгі толқын жақсы жалғастырып ала кеткені байқалып тұра­ды. Тіпті, қатарлас-тұстастарының өзінің сөйлеу мәнерінде, эфирдегі өзін-өзі ұстау еркіндігінде, қимыл-қозғалыс, мимикала­рында Нұртілеудің нұры төгіліп тұрғандай көрінеді. Ресми түрде айтылмаса да, Нұрті­леу мектебі әлдеқашан қалыптасып қойды деуге болады. Оның өміршеңдігімен есте қал­ған бұрын-соңғы «Жас жігер», «Көз­қарас», «Алтыбақан», «Айна», «Заң мен заман», «Ақиқат пен аңыз», «Дидар», «Жас­­­­тар дауысы», «Арай», «Көкпар», «Ой-көкпар», «Бетпе-бет», «Дін мен діл», «Арнайы репортаж», «Діңгек», «Қолтаңба» т.б. бағдарламалары түрлі формаларда қайтадан көрініс тауып жүр. Бейресми болса да, үлкен мектеп деген осы. Бұл – еткен еңбек пен төккен тердің зая кетпе­гендігі.

Алпыстың бес қырқасының басын шалып келгенде,  қоржыны толыққан үсті­не толыға түскен Нұртілеу ағамыз бүгінде Қазақстан Журналистер одағы сыйлығы­ның екі мәрте лауреаты, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ ұлттық Өнер академиясының кұрметті профессоры, Ақсу ауданының «Құрметті Азаматы» атанып отыр. Бұл – еңбектің еленгендігі.

Десек те, оның бәрі «Танымал теле­жүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлы!» деген сөздің қасында түкке де тұрмайды. Есімі өзіне қызмет ететін уақыт туғалы қашан…  Жалпы, ізбасар кейінгі буынның Нұртілеу Иманғалиұлынан үйренері көп. Ел үшін ең маңыздысы да осы деп білеміз.

«Ақшамның» анықтамасы

Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ – танымал тележүргізуші. 

1952 жылы 1 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген.

1977 жылы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген.

Қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып істеген.

Коррупцияға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған.

Қазір «Жетісу» телеарнасындағы «Бай-қуатты болайық!» бағдарламасының жүргізу­шісі.