«АЛМАТЫ ТҮНІ»

%d0%bc%d1%83%d0%b7%d0%b5%d0%b9-%d1%82%d1%83%d0%bd%d0%b8-2

18 мамырда, сағат 19.00 – 23.00 аралығында Алматы музейінде «Алматы түні» атты мерекелік іс-шара өтеді. Ізгі шара аясында қызықты викториналар, концерттік нөмір­лер, квест-ойындар, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі мен шеберлік сыныптар ұйымдастырылып, «Музейдегі үздік селфи» конкурсы, «Жәдігерлер жерде қалмасын» акциясы.

Тарихқа үңілсек, 1977 жылы 8 мамырда Мәскеуде өткен Халықаралық музейлер кеңесінің ХІ конферен­циясында кеңестік делегация халықаралық музейлер күнін атап өтуді ұсынған. Бұл мереке 1978 жылдан бері әлемнің 150-ден астам елінде атап өтіледі. Алматы музейі барлық алматылықтар мен қала қонақтарын мерекелік бағдарламаны тамашалауға шақырады.

 

Д.Қонаев музейіндегі мерекелік шара

18 мамырда, сағат 9.00-дан түнгі сағат 24.00-ге дейін Халықаралық музей күніне орай, Д.А.Қонаев музейі және мемориалды пәтерінде «Ашық есік күні» өтеді.

Іс-шара барысында Д.А.Қонаевтың мемориалды пәтеріндегі кинозалда Д.А.Қонаевтың өнегелі өмірі мен еңбек жолына арналған фильмдер көрермен назарына ұсынылады. Мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаев­тың қызметтестері, туыстары, жеке жүргізушісі, аспазшысы мен дәрігерінің халықтық тұлғаның өнегелі өмірінен, қоғамдық қызметінен сыр шертетін бейне­материал да көпшіліктің қызығушылығын туды­ратыны сөзсіз. Сондай-ақ, мерекелік шара аясында көрермендерге музей бойынша экскурсия ұйымдастырылады.

 

Мұражайдағы таңғажайып түн

18 мамырда, 16.00-ден – 24.00-ге дейін Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде халықаралық мере­кеге орай  «Музейдегі түн» атты акциясы өтеді. Бұл күні мұражай қызметкерлерінің «Көктемгі экзерсис» атты дәстүрлі көрмесінің ашылуы болады. Өнерсүйер қауым қырғыз суретшілерінің көрмесін де тамашалай алады. Шара аясында интерактивті инсталляция, шебер­лік сабақтары мен қолөнер жәрмеңкесі ұйымдасты­рыла­ды. Құммен сурет салу және құмыра жасау бойынша өтетін шеберлік сабақтары өнерсүйер қауымның ерекше есінде қалары сөзсіз. «Па Кампасам» алматылық рок тобы музей түнін әуендерімен әрлемек. Кеш қонақтары сәнді дефиле мен fіre-show-ды тамашалай алады.

 

Тарихи жәдігерлерге тіл бітер түн

19 мамырда, сағат 17.00-ден – 24.00-ге дейін ҚР Мемле­­кеттік Орталық музейінде Халықаралық музейлер күні мерекесіне арналған «Музейлік құндылықтарға тіл біткенде» атты іс-шара өтеді.

Бұл түні мұражайда түрлі тарихи дәуірлердің тұлғалары – Андронов мәдениетінің әйелі мен сақ хан­шайымы Томирис  Қазақстанның ежелгі және орта­ғасыр­лық тарихымен таныстырса, «Тарихи этнография» залын­да қазақ батырлары қылышпен сайысу өнерін көрсетеді. Қазақтың ежелгі аңыз әңгімелеріндегі абыз-қария, қазақ ертегілерінен алынған Шебер әже, сондай-ақ, Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері өздерінің ұлттық киімдері мен дәстүрлі мәдениеттерін көрермендерге паш етеді. Интерактивті экспозицияларда музейге келушілер ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихи көріністермен таныса алады.

 

Дайындаған – Балнұр АХМЕТ.