АЛМАТЫНЫҢ РУХАНИ ӨМІРІ МЕН ӨЗІНДІК КЕЛБЕТІН ЖАҢҒЫРТУҒА ТИІСПІЗ

Туған жерге туыңды тік!

atn_7538

Әміржан НӘБИЕВ,

Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Атрикс-Строй» ЖШС директоры.

Н. НАЗАРБАЕВ:  

«Туған жерге, оның мә­де­ниеті мен салт-дәстүр­леріне айрықша іңкәрлікпен атса­лысу – шынайы пат­риотизм­нің маңызды көр­ініс­­терінің бірі».

img_3714

Елбасының «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынғаны белгілі. Президентіміздің бұл ұсынысы жүрегі туған жерім, туған елім деп соғар әр адамның жүрек төріне ұялап, осы бағыттағы  бастамаларды қолға алып, со­ның алғы шарттарына қадам басып жүрген ел азаматтарының туған жерге деген ықыласын арттыра түскені анық. Алғы шарт дегеннен шығады, осыдан  бір-екі  жыл бұрын  Елбасының  тапсырмасы бойынша елімізде мемлекеттік-жекемен­шік әріптестік жобасы қолға алынып,  кәсіп­­кер азаматтар жекеменшік бала­бақша­лардың,  қала  мен қала ауданда­рын­­да шағын демалыс орындары мен бала­ларға арналған спорт және ойын алаңда­рының, велоси­педке арналған жолдардың ашылуына үлестерін қосып,    барша қазақ­тың туған жеріне айналған Алматының өркендеуіне үлестерін қосып келеді. Осы бастаманың нәтижесінде  қазір  қала тұрғындары мен балалардың  бос уақытта­рын тиімді өткізулеріне  қолайлы жағдай­лар жасалуда.  Осы бастамаға алғашқы болып өз үлесін қосуға ынта білдірген қала кәсіпкерлерінің қатарында  Алматы қалалық мәслихаты­ның депутаты Әміржан Нәбиев  те бар. Әміржан  – Алматы қала­сының тумасы. Осы қалада өмірге келді. Осы қалада ер жетті. Жоғары білім алды. Бүгінде өзінің сүйікті Алматысында еңбек етіп,  барша қазақтың жүрегін жаулап алған әсем қаламыздың сәулеті мен сәніне өз үлесін қосып келеді. Қазір ол бас­қаратын  «Атрикс-Строй»  ЖШС заманауи  архи­тек­туралық жобамен «Жерұйық» тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Кешеннің атауының өзі айтып тұрғандай, «Жерұйықта» тұрғындардың жайлы өмір сүруімен қатар, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне, мәдени-спорттық дема­лыстарына  қажетті нысандар, әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандары да қам­тылған.  Бұл құрылыс кешенінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қажетті жағдай­лардың қамтылғанын айта кетуіміз керек.

%d1%80%d0%b8%d1%81%d1%83%d0%bd%d0%be%d0%ba100-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8f

–       Алматыда туып-өскендіктен болар, оның әрбір тынысы маған ыстық, сон­дық­тан қалаға қатысты, оны өркендетуге бағытталған шаралардан тыс қалғым келмейді. Әркімнің туған жері өзіне ыстық  қой.  Қазір қала өзінше көркейіп, жаңа бағытта өркендеп келеді. Сол кіндік қаным тамған  көркем қаламда  қолтаңбамның  ба­рын мақтан етемін. Қазір  Медеу ауда­нына қарасты «Алатау» ықшамауданына барған сайын  спорт және ойын алаңда­рында асыр салып, ойнап жүрген балалар­ды,  демалыс орындарында жайбарақат дема­лып, өзара әңгіме-дүкен құрып отырған тұрғындарды көргенде қуанып қаламын. Біздің бала кезімізде  Алматыда мұндай шағын демалыс орындары, спорт алаңдары болған емес.  Мұнымен қатар, Алматы қаласының жүрегі болып сана­латын Медеу ауданындағы мектептер мен балабақшаларды, оқу орындарын көрік­тендіру мен көгалдандыру ісіне де  өз үлесімді қосып келемін.

Елбасының бұл бастамасына үлес қосу – әрбір азаматтың парызы дегім келеді. Шын мәнінде, әр азамат, әсіресе, қолында мүм­кіндігі бар  адамдар туған жеріне кө­мек жасап, ауылдар мен қалаларды көгал­дандыруға, мектептердің техникалық-мате­риалдық базаларын жақсартуға, оларды компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасаса, нұр үстіне нұр болар еді.  Туған жерге жасалған кө­мек елдің болашағы – жастарға, өзіңнің туған ұрпағына жасалған құрмет әрі отан­сүйгіштік қасиетті жас ұрпақтың бойына дарытудың бір өнегелі жолы деуге болады.  Отанды сүю отбасынан басталса, елді сүю туған жеріңді сүюден басталады. Сондық­тан әрбір көкірегі ояу азамат өз жеріне деген құрметін ісімен дәлелдеуі керек, – дейді Алматы қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер   Әміржан Нәбиев.

Әміржан  Алматы қаласын қандай жақ­сы көрсе, оның шежіреші қарттарын да сондай жақсы көреді. Әсіресе, осы бейбіт өмірді қорғап, кешегі Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен  ардагерлерді, ұрпақ өсіру арқылы  елінің ертеңіне үлес қосып жүрген ардақты аналарымызды  қадірлеп, құрмет­теуді ұмытқан емес. Мүгедектер мен әлеу­мет­тік жағдайы  төмен  адамдарға да  қол­ұшын беріп, көмектесіп  тұрады. Еліне десе елпең қағып тұратын Әміржанды тек Алма­ты қаласының ғана емес, Алматы облысының Талғар, Есік қалаларының тұрғын­дары да жақсы таниды.  Қолындағы барымен бөлісе алатын  халық қалаулысы Талғар қаласында мүмкіндігі шектеулі   жандарға арналған «Мейірім» орталығының ашылуына, Есік қаласындағы ат спортына арналған кешеннің  салынуына өзінің азаматтық үлесін қосты.  Қала балалары­ның сүйікті демалыс лагерьлерінің бірі – «Эдельвейстің» қайта жаңғыруына да   көмек қолын созған Ә.Нәбиев екендігін айта кеткен жөн. Қайырымдылық қасиет қазақтың қанында бар десек,  Нәбиевтің тағы бір қыры – қайырымдылық шара­ларына белсенділікпен атсалысуы деуге болады. Бірақ, жасаған жақсылығын бұлда­ғысы келмейтін халық қалаулысы ол жөнінде көп айта бермейді.

–       Маған «Алматым   жүрегімде» деген ән ұнайды. Таңертең жұмысқа шығарда сол әнді қосып қоямын.

Гүлі бар таңда ашылар,

Бал-шырын алмасы бар,

Бақыттың арнасы бар бір өзіңде

Гүл қала, арман қала,

Көк жасыл орман қала,

Мәңгі от болып жанған қала

Алматым жүрегімде,

–          деген ән жолдарын тыңдаған сайын, Алматыма деген  құрметім арта түседі, – дейді Алматысының туын ұдайы  биік­терден көргісі  келетін  Алматының өз пер­зенті   Әміржан Нәбиев.