АЙТМАТОВ ТАРТУ ЕТКЕН ТАПАНША

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі 

%d0%b0%d0%b9%d1%82%d0%bc%d0%b0%d1%82%d0%be%d0%b2

Қыранбай қарт қиғылық салды

…Қыранбай қарт үш күннен бері нәр татпай, ұйқы көрмей ауырды. Қай жерінің ауыратынын өзі де білмейді. Денесі дел-сал болып, еңсесін көтерт­пейді, екіқабат әйел сияқты лоқси бере­ді. Түні бойы шылқып терлеп шығады.

Орден, медальдарын тағынып, ана жылы үкімет тегін берген «запаро­же­ціне» мініп, ауру­ханаға қарай аттанды.

– Ата, – деді дәрігер тексеріп болып, – қауіпті ештеңе жоқ, өкпеңізге аздап суық тиген, содан бронхыңыз ісінген, қан қысы­мыңыз бар, басыңыздың сақинасы ұстаған екен. Нешауа, біраз күн жатып емделсеңіз, аттай шауып кетесіз. Мен сізге терапевт-дәрігер Құсан­баевқа жолдама жазып беремін. Ол кісі білікті, білімді дәрігер. Сізді су жаңа қылып шығарады.

– Әй, келін, – деді Қырекең киімін киіп жатып, – маған Құсанбайың керек емес, жолдамаңды Жылысбаев Әбікен­ге деп жаз. Мен соған ғана емделемін.

– Ата, – деді дәрігер өте ыңғай­сыз­данып, – әр ауруды емдейтін арнайы дәрі­гер болады. Сізге қазір терапевт дәрігер керек. Ал Жылыс­баев – хирург, оташы, оған сіздің ауруыңыз­дың түк қатысы жоқ. Құсанбаев…

– Басымды ауыртпа, келін, – деді Қырекең қайтпай, – талай мықтыны көргенбіз. Сау тісті ойбайлатып жұлып алғанды да, сау адамды ауру қылғанды да көргенбіз. Сондықтан мені Әбікен балама жібер. Одан басқа дәрігерге өлтірсең де бармаймын. Олай болмаса, осы жерден үйге қайтамын. Жазатайым жазым болып кетсем, бес жылғы соғыс­та фашист өлтіре алмаған май­дан­герді сен өлтірген болып шы­ғасың.

Кезекші дәрігер қатты састы, сымсыз телефонын шұқылап алып:

– Ало, Әбікен Жылыс­бае­вич, Қабы­лов деген ардагер кісі тек қана сізге емделемін деп қиғылықты салып отыр. Бұл кісіге терапевт-дәрігер керек, – деді ұяң дауыспен, – бәлкім, келіп кетерсіз.

Көп ұзамай Жылысбаев та көрінді. Қарттың қолын қос­қолдап қысты.

– Қыреке, көп келмеуші едіңіз, ауырып қалдыңыз ба? – деді жымиып.

– Ауырмасам келем бе мұн­да, ауыр­дым, қатты ауырдым. Дәрігердің барлы­ғын қарапаттаудан аулақпын. Бірақ, менің сенен ғана ем алғым келеді. Ке­шегі түн түсіме сенің ата-бабаң кірді. Бүкіл Сары­арқаға аты мәшһүр болған атаң Тілеміс қажының талайды ажалдан аман алып қалға­нын естігенмін. Ағала­рың оташы Ибаділда мен Әбиді көзім көрді. Ол кісілердің омыртқасы үзілген, қабырғасы қаусаған, жамбас, сан сүйегі сынған адамдарды аяғынан тік тұрғыз­ғанын өз көзіммен көргенмін. Сол кісілерден жұқты ма, сенің де өмірден үміті үзілген талай адамды тұрғызып жібер­геніңді білемін. Сен ішек-қарын­да, өкпе-бауырда шаруам жоқ, хирорг-мирорхпын деп оттамай, мені қара­мағыңа алып, емде. Мен өлімнен қорық­паймын, сол аурудың жаныма батқаны­нан қорқамын. Түсімде сенің бабала­рың…

– Жарайды, ақсақал, – деді Жылыс­баев сөзін аяқтатпай, – жүріңіз, сіздің ауруыңызбен бірге күресейік!

 

«Қасқырдың да киесі бар»

Қадыров Қыранбай қарттың Жы­лыс­баев­ты таңдауы тегін емес еді. Бұл бір ғана мысал, одан ем алғысы келетін халықта қисап жоқ. Тіпті, оның маман­дығына түк қатысы жоқ, көзі, танауы, тамағы ауыратындар да Жылыс­баевты іздеп, сабылып келіп жатады. Өйткені, халықтың оған деген сенімі күшті. Сол сенімді ақтау үшін жанын салып еңбек етеді. Осы еңбекқорлығының арқасында ол аудан ғана емес, облыс, республика көлемінде ең алдыңғы қатарлы дәрігер санатына қосылды.

Ол кісі әдебиет туралы ойларын орта­ға салуды, әлемдік шахмат туралы әңгіме айтуды өте ұнататын. Пікірта­ласқа қызуланып, өрше­лене кірісетін. Тіпті, кейбір атақты жазушы­лар­дың кіта­бын аямай сынап отырудан қай­мықпаймын. Өз ойы, өз пікірі бар, әдебиетке жанашыр оқырман еді. Қыруар ота жасап жүріп, қыруар кітап оқығанына, шахмат ой­науға уақыт табатынына таңқалып жүретінмін.

Бірде түн ортасында шахмат турнирі аяқтал­ғаннан кейін мен Әбекеңді жақын жердегі үйіме қонаққа шақырдым. Ол келісті. Ұзаққа созылған жарыстан кейін екеуміздің де қарнымыз аш еді. Дастарханға енді отыра бер­генімізде сиренасын сарнатып «Жедел жәрдем» мәшинесі жетіп келді. Келген Әбекең­нің көмекшісі хирургия медбикесі Вера Павловна екен. Оқиға жантүршігерлік, Бәкен Серік­байұлы ауылының атақты шопаны Елубай мен әйелін, жаңа түскен келіні Сұлушашты кигіз үйге кіріп келген құтырған қасқыр талап тастапты. Тез есін жиған Елубай қасқырды жығып үстіне жатып алған, жіберсе үй ішін­дегілерді түгел жарып тастауы мүмкін екен. Жас келіншек Сұлушаш еркек­тер­ше ерлік көрсетіпті. Атасы қас­қырды басып жатқанда сырттан балта әкеліп арланның басынан ұрған. Қас­қыр сол жерде жан тапсырған. Бірақ, үйдегі үшеуі де ауыр жарақат алған, қансыраған екен. Соларға жедел ота жасау керек. Жылысбаев дайын астан дәм татпастан «Жедел жәрдемге» міне жөнелді. Кейін естідік, ол үшеуіне он екі сағат бойы ота жасапты.

Үш шопан ауруханада бір ай емделіп жатып, аман-сау үйлеріне оралды. Мамандар адамдарға шапқан қасқырдың басын Мәскеуге жіберіп тексертті. Абырой болғанда, ол құты­рудан сау, асқазанында түйір ет жоқ, аш қасқыр болып шығыпты. Сұлушаштың күйеуі Елубаев Аманшүкір – Алматы зоовет инсти­тутының студенті. Дәл диплом қорғау кезі болғандықтан, қорықпасын, әрі алаңда­масын деп оқиға туралы оған хабарламаған. Қызыл диплом алып үйіне қуанып жеткен Аманшүкір әуел­де бетінің әр жерінде терең тыртығы бар келіншегін танымай қалыпты.

– Сұлушаш қайда? – депті сасқа­лақтап.

– Сұлушаш мен, – депті батыр келін­шек, – бетің тыртық деп менсін­бей­тін болсаң, қазір-ақ төркініме кетемін…

Сонда ғана келіншегін таныған жігіт оны құшағына алыпты.

– Аманшүкір, Сұлушаштың тыртық бетінен екі сағат бойы құшырлана сүйіп тұрды, – деп әзілдейді Тәжіхан, Сағын­дық сияқты құрдастары.

Арада біраз уақыт өткенде Жылыс­баев Сұлу­шаштың бетіне қайта ота жасады. Терең тыртықтарды жойды. Қазір оның аққұба сұлу жүзінде көзге көрінер-көрінбес сызаттар ғана қалған. Ал Елекең мен кемпірі қайта ота жа­сауға келіспеген. «Беттеріңді қаз-қал­пына келтіремін» деген Жылысбаевқа: «Қасқырдың да киесі бар» деген бабаларымыз. Біз тіріміз, соған шүкір­шілік етеміз. Өзі құтырмаған екен, аштық не істетпейді? Біздің алдымызда тұрған тамаққа қызығып кеткен ғой. Біз оның қылмысын кешірдік. Тірлігінде қуғын-сүргін, аштықтан басқа не көріп кетті ол байғұс. Ең болмаса, артында азуының ізі қалсын, біз кемпір екеуміз осы күйімізде жүре береміз. Әрі келі­німіздің көзсіз ерлігінің куәсі болсын», – деп әзілдепті Елекең қарқ-қарқ күліп.

 

Жеті жыл күткен сұхбат

Бір ауылда, бір көшеде тұрып мен доктор Жылысбаевпен кездесіп, әңгі­ме­ле­судің ретін келтіре алмадым. Газет редакторы Мақашев та құлағымның құрыш етін жеп қойды.

Жайшылықта жұмсақ мінезді, қар­таң редактордың бұлай қатты кетуі­нің себебі бар еді. Санап отырсам, ол кісінің Жылысбаевтан сұхбат ал деп тапсырма бергеніне аттай жеті жыл болыпты.

Бір адамнан сұхбат ала алмай, жеті жыл сөзбұйдаға салып жүргеніме өзім де ұялдым. Шындап іске кірісейін дедім. Басқа амал жоқ, ұят-аятты жинап қойып, кешке үйіне бардым. Үйдегі жең­геміз бәйек болып, шайын жасап жатыр. Бірақ, әйел адаммен әңгімең жарас­пайды екен, оны-мұны, тіршілік қамы туралы сөздер тез таусылды. Басқа айтатын ештеңе жоқ, бір-бірімізді тосырқап отырмыз. Жылыс­баев жуырда келе қоймады, түн ортасы ауып барады, мен тықырши бастадым. Ұят болды-ау, енді кетейін деп жинала бастаған шақта келді-ау әйтеуір.

Шақырылмаған түнгі қонақты көріп аз таңыр­қағандай болды. Мен келген жайымды тез-тез баяндап жатырмын. Жеті жыл бойы сұхбат ала алмаған соң осы әрекетке бардым деп ақталдым. Тамағын ішіп болған соң мені шағын кабинетіне шақырды.

– Ішесің бе? – деді ол күлімсіреп, – таза медициналық спирт бар еді, аздап… а?

– Артынан, Әбеке, артынан, – дедім ыңғайсызданып, – баса-көктеп түнде келгеніме кешірім сұраймын, басқа ама­лым қалмады.

– Жарайды, – деді жұмсақ кресло­сына жайғасып отырып, – жарайды, қаламыңды қолыңа ал. Журналис­тердің құлақты жауыр қылатын жат­танды сұрақтарын мен жақсы білемін. Сен сұрақ қоймай-ақ қой, мен саған өзім бастан кешірген бір тамаша кездесу туралы айтып берейін. Бірақ, сен сөзді бөлме, мылжың сөзді ұнатпаймын.

– Алматы Медициналық институты­ның хирургия факультетін бітіргеннен кейін жолдамамен барып, Меркі ауданында қызмет етіп жүрдім. Мұнда хирург мамандары мүлде жоқ екен. Айналасы 3-4 жылдың ішінде аудан­дық аурухананың бас дәрігері етіп тағайын­дады. Жастық жалынмен, халықпен араласып, жанды сала жұмыс істедік, күн-түн демей өз міндетімізді қызыға, құлшына атқардық.

Бір күні ауданымызға көрші қырғыз халқының ұлы жазушысы Шыңғыс Айт­матов келеді екен деген хабар тарады. Жазушының түп нағашылары осы қырғыз Алатауының етегіндегі Меркі жерінен екен, деген сөздер желдей есіп жүретін. Аудан, ауылдың бүкіл халқы болып Шыңғысты асыға күтіп жүр. Оның өмірбаяны баршаға, маған да жақсы таныс болатын. Шың­ғыс Жамбыл  қаласын­дағы зоовет техни­кумын бітіргеннен кейін осы облыста, атап айтқанда, Талас, Жамбыл аудандарының шаруашылықтарында қатардағы зоотехник болып қызмет істеген. Сондықтан, Меркінің үлкен-кішісіне дейін «Өзіміздің Шыңғыс қой» деп сырттай иеленіп, мақтаныш етіп отырады. Оның үстіне жиендігі де бар екен. Анық-қанығын білмеймін, әй­теуір, шалдар солай дейді. Шыңғыс кейін Қырғыз Ауыл­шаруашылық ин­сти­тутын бітірген. Бірақ, өз мамандығы бойынша қызмет істемеген. Мәс­кеудегі Жоғары әдебиет институтын тәмәмда­ғаннан кейін, зоотехник мамандығын тастап, бүтіндей жазушылыққа бет бұрған. Оны елдің бәрі біледі.

Талас ауданы ауылшаруашылық басқарма­сының бастығы, «Қазақ­станның құрметті зоотехнигі», Социа­листік Еңбек Ері Нағашыбек Арапов­тың: «Әттеген-ай, түбі Шыңғыс ірі ғалым-зоотехник болып шығатын еді. Мал шаруашылығын өркендетуде талай тамаша жаңалықтар ашатын еді. Өзінен көп үміт күтіп едім. Зоотехник қызметін атқара жүріп те жазушылықпен айна­лы­суға болатын еді ғой. Мәселен, «Тоқаш Бокинді», «Доктор Дарха­новты» жазған Зейін Шашкиннің мамандығы дәрігер. Он жыл абақтыда  отырып келіп, «Қаһар» мен «Алмас қылышты» жазған менің құрдасым Ілияс Есен­бер­лин – геолог. Фантаст-жазушы Медеу Сәр­секеев – инженер.  Мұндай мысал­дар аз ба?

Қайтесің енді, өзінің таңдауы сол ғой, әде­биетте де жолы болсын, азаматтың!» — деген сөзін өз құла­ғыммен естіп едім. Мен Шың­ғыстың барлық шығармаларын, кітаптарын, мақалаларын қалдырмай оқып шыққан адаммын. Оның «Аспалы көпір», «Әшім», «Бетпе бет», «Алғашқы ұстаз» сияқты тырна­қалды шығармаларын студент кезімде оқыдым. Кейін «Ана – Жер-ана», «Жәмила», «Тау мен дала хикаясы» Шыңғыс есімін, теңдессіз талан­тын әлемге паш етті. Осы шығармалары өте жоғары баға алып, ол отыз бес жасында мил­лионның бірінің ғана қолы жететін Лениндік сыйлық алды. Әрине, өзіміздің ұлы Мұхаңнан кейін. Шыңғыс Мұхаңды ұстазы санап, пір тұтқан. 1967 жылы Алматыда өткен Мұхаңның 70 жылдық тойында өзі солай деген. Мен бұл жиынға арнайы барып қатысқан едім. Мұхаң мен француз жазушысы, Нобель сыйлығы­ның лауреаты Луи Арагонның Шың­ғыс­тың «Жә­мила» повесін аса жоғары бағалап, француз баспасөзінде жария­лаған мақалаларын да оқыдым. Кейін Луи Арагон бұл кітапты фран­цуз тіліне аударды. Сөйтіп, қырғыздың қоңқақ мұрын қара баласы кірпияз, менмен, сыншыл француздарды таңқалдырған. Институт қабырғасында жүргенде көптеген әдебиет кештерін өткізетінбіз. Бірде Шыңғыс шығар­ма­ларын талқыла­дық. Осының алдында жазу­шы-ғалым Зейнолла Қабдолов Шыңғыстың «Қы­зыл алма» деген әңгімесін қазақ тіліне аударып жариялаған еді. Студенттердің көбі — қалалық, қазақ тіліне шорқақ. Деканның тапсырмасымен мен баяндама жасадым. Тахауи Ахтанов, Сырбай Мәуленов, Сафуан Шай­мерденов сияқ­ты марқасқалар қатысып отыр­ған кеш аяқталған соң, бір кең маңдайлы, биязы қоңыр дауысты, сұлу жүзді кісі келіп, менің қолымды қысып амандасты. Бұл әлгінде өзім жер-көкке сыйғызбай мақтаған Шың­ғыстың «Қызыл алма» әңгімесін қазақшалаған Зейнолла Қабдолов екен. Ол маған рахмет айтып, арқамнан қақты.

– Болашақ дәрігерлер арасында да әдеби шығарманы кәдімгідей талдай алатын, пікір айтатын жастар бар екен ғой, қуаныштымын, – деді күлімсіреп.

Сөйтсем, бұл кісі Шыңғыспен аралас-құра­лас, жақсы дос-жаран екен. Кейін осы Қаб­доловтың сценарийі бойынша «Қызыл алма» кинофильм болып шықты.

Міне, сол халықтың сүйіспенші­лігіне бөленген жазушы кең байтақ қазақ елінің бір пұшпағы – Меркі жеріне келмек. Аудан халқы үшін бұл тарихи оқиға болмақ. Шыңғыстың келу қарсаңында меркеліктер абыр-сабыр бо­лып, қарбалас дайындыққа кірісіп кетті. Ауру­хананың іші-сыртын жөнге келтіріп, кем-кетік­терді жөндеп, біз де оны лайықты қарсы алуға дайындалдық. Бір аптаның ішінде Меркі ауылы патшаны күткендей ерекше жаңарып кетті. Көшелерде тәртіп, тазалық орна­ды (кей­бір аза­маттар мал қорасы, тіпті, әжетханасына дейін тазалап, әктеп қойды). Шыңғыс келетін күн де жетті. Халық оны сол кездегі салт бойынша нан-тұзбен қарсы алды. Халықтың ыстық ықыласына риза болған жазушы күлім қағады.

– Қазақ еліне, шоң қазақтарға жа­лынды сәлем, – деп айыр қалпағын шешіп, басын иіп тағзым етті.

Шыңғыс Меркі ауданының біраз жерін аралап, бірнеше кездесу өткізді. Аудандық халық театрының әртістері «Жәмила» повесі­нің желісімен жазыл­ған «Шынарым менің, шы­райлым менің» спектаклін тарту етті. Айтыс ақындары қырғыз Құлманбет пен қазақ Май­көттің жеті күнге созылған әйгілі айтысын сахналап берді. Осы көріністі бейнелеген екі ақынға Шыңғыс қыр­ғыз­дың құндыз жағалы шапанын жауып, айыр қалпағын кигізді. Бірнеше күн өткенде аудан басшылығы «қонақ шар­шаған шығар, ауыл іргесіндегі Меркі өзенінің жағасына киіз үйлер тігіп, бие байлап, қазақ салтымен күтейік. Ақын-жыраулар, әнші, домбырашы, қобыз­шы­лар, түйе па­луандар өнер көрсетсін» деп тапсырма берген. Аудандық партия комитетінің хатшысы маған:

– Сіз  екі-үш  білікті  дәрігеріңізбен  бірге  Шыңғыстың қасында болыңыз. Кім біледі, сақтық керек, – деп тапсырған.

Менің онсыз да Шыңғыстың қасынан ұзап кеткім келмеген. Шыңғыс әңгімені түйдек-түй­дегімен құлпырта, қызықтыра айтады. Оның әр сөзінен қазақ еліне, Мұхаңа деген ыстық сезімі желдей есіп тұрады. Әңгімесінде Абайды, Сүйінбай мен Жамбылды, Тараз жері­нен шыққан Майкөт жырау­ды көп мақтайды. Өз елінде жарыққа шығара алмаған кітаптарымды Мәскеу баспаларынан шығаруға көмектескен ұстазым деп Мұхаңды марапат­тайды. Әлдекімдер сияқты, мен өз еңбегіммен болдым-толдым демейді, осы күйіме Мұхаңның аркасында жеттім дейді. Бұл сөздерін естіген шал-кемпірлер кемсең­деп көздеріне жас алды. Бір қарт құсбегі екі қар басқан қыран бүркітін Шың­ғысқа сыйға тартты.

– Осы қыран бүркіттей қанатың талмай, биіктеп ұша бер, балам!  – деп батасын берді.

Шыңғыс  қарттың  беліне  аңшыға арна­лып  соқтырған  күміспен күптеліп, өрнектел­ген жалпақ кісе-белбеу тақты. Түс ауа бер­генде Шыңғыстың өзі бір ойын бастады.  Жол сөмкесінен   сүлік­тей қап-қара   бесатар   тапаншаны   шы­ға­рып, көпшілікке көрсетіп тұрып:

– Бұл тапанша кезінде қызыл әскер болған әкем Төреқұлдың тапаншасы еді. Осы уақытқа дейін көзімнің қара­шығындай сақтап келдім. Өзі төңке­рістен бұрын Тула қаласында жасал­ған екен. Әрине, тапанша атылмайды, оғы жоқ. Тек кәдесый. Мен осы тапаншаны жарыста озған бір қазаққа тарту еткелі тұрмын. Таңқалмаңыздар, үйімде тағы біреуі бар.

Жарыс шарты мынадай. Мен мына қағазға «Әкем Төреқұлдан мұраға қал­ған, 1898 жылы Тулада жасалған бесатар тапаншаны осы қағазды бірінші тауып әкелген адамға тарту етемін. Шыңғыс Айтматов» деп жазып бос шөлмекке саламын. Содан соң, оны мына ағысы қатты Меркі өзеніне тастаймын. Соны бірінші тауып әкелген адам осы тапан­шаның иесі болады. Қане, осы жарысқа қатысамын деушілер сапқа тұрсын, – деді.

Шыңғыстың сыйлығын кімнің алғысы келмейді, осындағы кәрі-жас­тың барлығы өре тұрып, солдаттай сап түзеп тұра қалдық.

– Екі-үш минут артқа қарап тұры­ңыздар, – деді Шыңғыс. Бәріміз артқа қарай жалт бұрылдық. Аздан соң оның «жарыс басталды, ұмтылыңдар!» – деген даусы естілді. Халықтың кейде бала болып кететін кездері бар. Жас­тармен жағаласып үш-төрт шал да ентіге жүгіріп келеді. Әрине, бие бауындай жерге жеткенде ол кісілер алқынып, шар­шап қалды. Жастау адамдар құйын­дай ұйытқып жүгіріп келеміз. Екі көзіміз ағысы қатты өзен бетінде судан біресе шығып, біресе батып, қалт-құлт етіп ағып бара жатқан шөлмекте. Жол­дан жаңылып, тасқа сүрініп құлап жат­қандар қаншама. Жол ұзаған сайын үміткерлер қатары сиреп барады. Маған ауылда жалаң аяқ қозы-лақ бағып, зыр жүгірген кезімнің пайдасы тиді. Менің қатарымда ұзын сирақ, қағілез денелі бір жігіт келеді. Өзі сірә спорт­шы болу керек, ұзын сирақтарын көстеңдете, көсілте тастап зымырап келеді. Байқай­мын, енді бірер сәтте менен озып кете­тін сыңайы бар. Біздің алдымызда жиырма қадамдай жерде шөлмек қалқып барады.

Осы жерде мен өмірімде бірінші рет адамға арамдық ойладым, байқамаған болып оза берген жігіттің тобығынан қағып қалдым. Ұзынтұра «Ох, әкең­нің…» деп барып құмға құлап түсті. Өзі өлермен неме екен, жалма-жан атқып тұрып, менің артымнан салды. Ызала­нып, күйініп менің дымымды қалдырмай боқтап келеді. Оны тыңдайтын уақыт қайда, шөлмекпен қатарласа беріп суға күмп еттім. Шөлмекті мойнынан қыл­ғындыра ұстап алып, арғы жағаға атқып шықтым. Содан бөгелместен мәреге қарай жүгірдім. Оның:

– Өй, енеңді… сені де адамға жақ­сылық істей­тін дәрігер дейді-ау. Нағыз қаскөй, арам­сың, қасақана шалып жықтың, – деген сөзде­рін естіп келемін. Жасымнан басымнан сөз асырмайтын қырсық мінезім бар еді. Біреудің боқта­ғанына төзбейтінмін. Ал арманда қалған мына жігіттің ауыр сөздерін көңіліме алған жоқ­пын. Оның жәйін ұғып, шам­данбадым. Өйткені, өзімнен де бар ғой.

Сөйтіп, мен аса таза емес әдіспен жарыс жеңімпазы атанып, Шыңғыстың тапаншасына ие болдым. Ұзынтұра жігіттің «мына арам дәрігер мені шалып құлатты, қараулық істеді» деген арыз-шағымына ешкім құлақ асқан жоқ. Дуылдасып күліп, өзін келеке қылып жатыр.

Мен Шыңғыс тарту еткен тапан­шаны он жыл бойы сақтап жүрдім. Үйге келген әріп­тестеріме, басқа да қонақ­тарыма көрсетіп, мақ­тануды ұнатушы едім. Ақыры сол мақтаншақ­тығым өзіме сор болып жабысты. Бір күні аудан­дық милиция бөліміне шақырды, тапан­шаны алып келсін деп тапсырма беріпті. Сол жарысқа өзі де қатысқан бөлім басты­ғы, қар­таң майор тапаншаны аударып-төңкеріп көріп шықты. Сол жылдары жеке адамдардың қаруларын тексеріп, тіркеуге алып жатқан болатын. Ойымда күдік жоқ. Шыңғыстың шөлмекке сал­ған, «сыйға тартамын» деп өз қолымен жазған қағазын мұқият оқып шықты.

– Тапанша заңды сіздікі, – деді майор сыпайы сөйлеп, – бірақ, заң бойынша атыс қаруын зерттеуден өткізуіміз керек. Тексеріс аяқ­талғаннан кейін тапаншаны өзіңізге қай­тарамыз. Сол кезде «мүйіз сұраймын деп құлақ­тан айрылған» тоқал текенің кебін киемін деп ойламадым.

«Қайта құру» деп аталған заман басталды. Әркім «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып кетті. Қартаң майор отставкаға шығып, ізім-ғайым жоқ болды. Біреулер оны Оралдағы еліне кетті деп жүрді.  Тапаншаны өткізгенім туралы қолхат та алмаппын.

Жаңа келген бастық ожарлау неме екен, асау атша осқырынып, жалына қол тигізбей тулады. Тапаншаны заңсыз сақтағаның үшін өзіңді жауапқа тарту керек деп тепсінді.

Сөйтіп,  мен  айдың  аманында,  мақ­тан­шақ­­тығымның арқасында Шыңғыс тарту  еткен тапаншадан айрылып қал­дым.  Сол кезде ешкімге көрсетіп мақтанбай-ақ тыныш жүр­генімде дым бәле жоқ еді. Бәрі өзімнен болды, кімге өкпелейсің. Сол есіме түссе осы уақыт­қа дейін  өкініп,  ішім қыз-қыз  қай­найды.  Әбе­кең сөзін  аяқтап, күрсінді де:

– Сен сұхбатыңның тақырыбын «Қан­дауыры қателеспейтін хирург Жылысбаевтың кешірілмес алаңғасар қателігі» деп қой. Сол дұрыс болар, – деді.

Мені ауланың үлкен қақпасына дейін шығарып салды. Сол кезде көрші қорадан қораз­дың шақырған даусы естілді. Таң атып келе жатыр екен.