СӘН ӘЛЕМІНДЕГІ ТАЛҒАМПАЗДЫҒЫМЫЗДЫ БАЙҚАТАТЫН БАЙҚАУ

Балнұр АСАНОВА, «Сымбат» сән академиясының  Арт-директоры, модельер, суретші.

Алматыда 17-18 мамыр аралығында Халықаралық Сән байқауы Өтеді

img_0145

17-18 мамыр аралығында Алматы қаласында «Сымбат» сән академиясының 70 жылдығына байланысты Халықаралық «Creatіwe World» байқауы өтпек.  Біз осы орайда «Сымбат» сән академиясының Арт- директоры, тек  Қазақстанға ғана емес, әлемге танымал суретші, дизайнер, модельер Балнұр Асановамен  әңгімелескен едік.

– Балнұр, осыдан бір екі апта бұрын ғана қазақстандық қолөнер шеберлерінің ұлттық киімдер фестиваліне  қатысты­ңыздар, енді міне, әлемдік деңгейдегі Сән байқауын өткізуге  дайындалып жатырсыз, шаршаған жоқсыз ба?

– Адам өзі жақсы көретін ісімен айналысып, оның нәтижесін көрген кезде және оны жұрты қолдап тұрса, шаршаған дегенді ұмытып, құлшына жұмыс істейтін шығар. Менің  сән саласындағы жұмысым  маған үнемі шабыт сыйлайды. Анам Сабыргүл «шаршап немесе көңіліңе кө­леңке ұялай қалса, қазақтың ою-өрнегіне көз салып, қыздары таққан шолпылары мен сырға, білезіктеріне қарасаң, жан­дүниеңдегі көңілсіздікті ұмытасың»  деп біздің бала кезімізден-ақ ұлттық дүние­лерімізге жақын болуымызды  құлағымыз­ға құйып өсірді.  Бала кезімізден ұлттық нақыштары бар киім киіп өскендіктен болар, қолыма қарындаш ұстасам болды, кітап-дәптерімнің бір шетіне әйтеуір қазақтың оюларының бір нұсқасын салып қоятынмын. Жалпы, мен бес жасымнан бастап сурет салдым.

%d0%b1%d0%b8%d0%bb%d0%b1%d0%be%d1%80%d0%b4

– Қазақтың ең алғашқы ұлттық нақыш­тағы сән үлгілері, осы бағыттағы ең алғашқы ашылған Сән журналы, Сән театры, сән әлеміндегі байқаулар бүгінде дүйім әлемге қазақтың сән-салтанатын танытып жүрген  «Сымбат» сән академия­сының  тарихын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертанушы профессор, техника ғылымдарының докторы Сабыркүл Асановасыз елестету мүмкін емес.  «Сым­баттың» 70 жылдық тарихында Сабыркүл  Асанованың еңбегі зор  екені де даусыз, олай болса, академияның тарих парағына үңіліп көрсек.

– Анамның атына айтқан жылы лебізіңіз үшін  үлкен рахмет. Осы  байқау да сол академияның президенті Сабыркүл   Асанованың бастамасымен өткізіліп отыр. Шын мәнінде,  өмірінің отыз жылын  Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін  дамытуға арнаған  ол кісінің бұл саладағы еңбегінің зор екені даусыз.  «Сымбат» сән академия­сының іргетасы 1947 жылы  шағын ғана тігін лабораториясының негізінде қаланып, кейін Қазақ КСР Министрлер кеңесінің қаулысымен Республикалық киім, аяқ киім және трикотаж бұйым­дарының  Сән үйі  болып  құрылды. 1987 жылдан бастап осы үш Сән үйі  «Сымбат» жеңіл өнеркәсіп ассортиментін дамыту және киім мәде­ниетінің орталығына бірік­тірілді.  Кейіннен «Сымбат» сән акаде­миясы атауына ие болды. Сән әлеміндегі ең алғашқы бәсеке­лес­тікті 1972 жылы Болгарияда, 1974 жылы  Германияда, 1975 жылы Италияда өткен    Халықаралық  сән байқауларында  таныт­қан «Сымбат» бү­гінде   дүйім дүниеге танымал. Кеңес үкі­метінің идеологиясы басым болып тұрған сол кездің өзінде біздің  дизайнер­леріміз  ұлттық нақыштағы бұйымдары­мызды  насихаттау мен  ұлттық құндылық­тары­мызды дәріптеуге  айрықша мән беріп,  оны кеңінен насихаттау мақ­сатында «Сымбат» сән журналын  шығар­ды. Жур­нал 1958 жылы жарық көрген. Журналдың Қазақстанның  сән әлемін насихаттағанына келер жылы алпыс жыл  толады.  Ал еліміз Тәуелсіздігін алған осы   жиырма жеті жыл ішінде  «Сымбат»  әлем­нің  20-дан астам елін­­де өткен 50-ге жуық  халықаралық бай­­қауларға қатысып, 40-тан астам ең жо­ғары сыйлықтар мен мара­паттарды иеленді.  Атап айтар болсақ, «Үздік техно­ло­гия мен сапа», «Алтын бүркіт», «Алтын таңба»,  айта берсек, марапаттарымыз көп.  Соның ішінде,  өнер мен сән әлеміндегі ең талғам­паз ел итальяндықтар мен кірпияз фран­цуз­дардың жоғары бағасына ие болға­нымыз  біздің киім үлгілерімізге де­ген өзге елдің қызығушылығының   дәлелі деп ой­лаймын. Сонымен қатар «Үздік әйел бас­қарған мекеме» марапатына ие болған­быз.

– Дегенмен  де, қазір ұлттық киімдеріміз бен ою-өрнегімізді біз алғашқы болып таныстырғанбыз дейтіндер аз емес.

–  Оныңыз рас, қазір өзін біріншіміз дейтіндерді білеміз.  «Сымбат» сән  ака­демиясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың   штандарт­тары мен  байрағының үлгісін бірінші болып жасаған әрі жалғыз мекеме  екенін  біреу білсе, біреу біле бермейді. Біз қазақтың ою-өрнегінің, ұлттық киімдері мен әшекей бұйымдарының  ұмытылмай, бүгінгі ұрпаққа рухани азық болғаны үшін марқұм, ұлтжанды  Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың рухына бас июіміз керек. Қазір  қазақтың  танымал жүз есімін жариялау жөнінде  ұсыныстар айтылып жатыр ғой, мен осы тізімге ең алдымен Ө.Жәні­бековтің аты-жөнін ұсынар едім.

– Жас та болсаң аға ұрпақтың ұлтына сіңірген еңбегін бағалағаның үшін саған үлкен рахмет,  Балнұр. Ұлттық құндылық­тар  төңірегіндегі әңгімеміз таусылмайтын тақырып екені  даусыз,  бұл арнайы зерттеу мен талдауды қажет ететіндіктен, ендігі әңгімемізде алдағы 17-18 мамыр күндері   Алматыда өтетін  Халықаралық сән байқауы туралы айтсақ.

– Бұл біздің  халықаралық деңгейде өткізіп отырған  төртінші байқауымыз. Дегенмен,  биылғы байқаудың   орны ай­рықша, өйткені, ол «Сымбат» сән акаде­миясының 70 жылдық тарихына арналып отыр. Жетпіс жыл  аз уақыт емес, сол себепті осы уақыт аралығында  Қазақстан сән және оның технологияларын,  зама­науи  жоғары сән үлгілерін дамытуда қандай  нәтижеге жетті, қазақтың сән деген сырбаз әлемдегі қолтаңбасы қандай дәрежеде, соны  дүние жүзіне танымал дизайнерлердің сын талқысына салмақпыз.

– Халықаралық байқау болғандықтан, келетін қонақтар көп болар?

–  Жеті мемлекеттен 90-нан астам сән жұлдыздары келеді.

– Байқау туралы ережелермен таныса отырып, бұл байқаудың тек киім үлгілеріне ғана арналмағанын байқап отырмыз…

– Иә, бұл байқау бірнеше номина­ция­дан тұрады. Атап айтсақ,  киім  құрастыру және оның технологиясы, интерьер және костюмдер дизайны, шаштараз шеберлігі және декоративті косметика, жарнама және графика дизайны, сценография,  театр және кино гримі  бойынша байқауға қатысушылар  сынға түседі.

– Байқаудың жүлде қоры қомақты болар?

–  Әрине, әр номинация бойынша  үш жүлделі орын және бір бас жүлде – Ұлттық гран-при тағайындалып отыр.

– Әділқазылар құрамына тоқталып кетсеңіз?

– Ол әзірге құпия, дегенмен, оның құрамында Италия, Ресей, Белоруссия, Қытай, Фран­цияның танымал дизайнерлері мен мо­дельерлері бар.  Ең бастысы, бұл байқаудың  Италияның белгілі модельері Стефано Секолидің қатысуымен өтетін­дігін айта кеткім келеді.

– Жүлделерден басқа жеңімпаздарға қосымша тағы қандай сый-сияпаттар  тағайындалмақ?

– Байқау арқылы  жас сәнгерлер   жан-жақтан келген сән әлемінің жұлдызда­рымен танысып, олардың іс-тәжірибесімен  алмасып, сән  әлеміндегі  жаңашыл  бағыт­тармен танысуға мүмкіндік алады. Соны­мен қатар,  осы байқауда үздік  танылған киімдер мен бұйымдар   Орталық әмбебап   дүкенінінде  сатылымға қойылады.

– Бағасы?

– Сапасына және   үлгілерінің халық арасындағы сұранымына қарай болатын шығар.

– Қолжетімді бола ма дегенім ғой?

– Әрине. Бірақ, біздің халықтың  шет елдің әншісіне қиған  ақшасын өзіміздің   әншілерімізге қимайтын  қызық бір мінезі бар  ғой, ұлттық киімдерімізге келгенде де  сол мінездерін байқаймыз. Десекте, Тәуелсіздігімізді алғалы бері ұлттық киімдерімізді киетіндердің қатары  көбейді ғой.   Ұлттық киімге тапсырыс беруге кел­ген  өзге ұлт өкілдерін көргенде, академия­мыздың президенті С.Асанова «қазақтың ою-өрнегінің  өзгенің  өңіріне іліккеніне шүкір, күні кеше  өзгелер біздің киіміміз түгілі,  қазақты танымайтын, бұл да болса, егемендігіміздің, Елбасының арқасы деп отырады. Және  Елба­сымыз Н.Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласындағы ұлттық құндылықтарды бағалау мен «Туған жерге туыңды тік» деген бағыттармен біздің байқаудың үндестік тауып отырғандығына қуаныш­тымыз.

– Туған жерді қадірлеу, еліңе деген сүйіспеншілікті таныту  деген осы болар, олай болса, қазақтың ою-өрнегін бойтұмары етіп жүрген «Сымбат» сән академиясына жетпіс деген биіктеріңіз құтты болсын,   сәннің жаңашыл бағытын танытар бай­қауларыңыз сәтті өтсін дейміз.

– Көп рахмет сіздерге!

Әңгімелескен –

Нұржамал БАЙСАҚАЛ.