ЕҢБЕКАҚЫ КЕШІККЕН ЖАҒДАЙДА…

%d0%b5%d0%bd%d0%b1%d0%b5%d0%ba%d0%b0%d0%ba%d1%8b

Жалақы берудің жауапкершілігі мол

Алматы қалалық прокуратурасында еңбекақымен уақтылы қамтамасыз ету мақсатында «Еңбек жалақысын кешік­тірусіз төлеу» жобасы қолға алынды.  Бұған әлеу­меттік жағдайды дұрыстауға ең алдымен азаматтардың өздері атсалысу қажет. Қо­ғамдағы жұмыс беру­ші­лердің жұмысшы­ларға қатысты өз міндеттерін толық орын­дамауы, заңдар­ды бұзуы, сонымен бірге жұ­мысшы азаматтардың  жалақыны уақы­тында алу құқықтарының бұзылуы — про­ку­ра­тураның назарында. Еңбек заңдарында көрсетілген міндеттер мен құқықтардың сақталмауы және жұмыс берушілердің жауапкершілігі мен жұмысшылардың құқықтары бұзылуына негізгі себеп – азаматтардың заңнан бейхабар екендігі.

Сондықтан, Алматы қаласы проку­ра­турасы жұмысшылардың өз еңбегіне еңбекақы алу құқығы ҚР Ата Заңымен қорғалғанын хабарлайды. Еңбек кодек­сіне сәйкес, жұмыс берушілер жұмыс­шы­лары­на еңбекақыны айына бір рет, яғни, келесі айдың бірінші он күндігіне жетпей төлеп отыруы қажет. Ал еңбек­ақыны нақты қай күні төлеу керек екені еңбек келісім-шар­тында көрсетіледі.

 

Жалақы кешіккен жағдайда не істеу керек?

Жалақысы 1 күнге кешіктірілген әр адам өз құқығын қорғай алады. Жұмыс берушілерден  жұмысшыға еңбекақы­сын уақытында төлемеуі және төлеу мерзімін ұзартылуы қандай себептен болып отырға­нын анықтау керек. Егер басшылардан ешқандай қорытынды шықпаса, азаматтар осы сұрақпен  про­куратураға хабарласуға немесе жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша сот органдарына жүгінуге құқы­лы. Еңбекақы сомасын өндіріп алу туралы талап қою және еңбек құқықтық қаты­наста­рына байланысты басқа да талап­тар бойынша мемлекеттік баж салығы алынбайды.

Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңның 111-бабының талаптарына сай, али­менттерді өндіріп алу бойынша та­лап­тар, жарақат алудан немесе денсау­лығын басқаша зақымдаудан, сондай-ақ, асырау­шы­сының қайтыс болуына байланысты келтірілген зиянды өтеу жөніндегі талап­тар, қызметкерлердің еңбектегі құқық қатынастарынан туын­дайтын талаптар бірінші кезекте қана­ғаттандырылуы керек. Яғни, еңбекақы бойынша қарызды өндіру – сот орын­даушыларының басты бағыттарының бірі.

Осыған байланысты Алматы қала­сында жеке сот орындаушылар мекемесі жанынан «Сенім» кеңсесі құрылып, азаматтарға өте жоғары деңгейде сот шешімдерін орындауға жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар, ҚР Бас проку­ратурасымен азаматтардың құқықтық сауатын жоғарылатуға «Проку­рор­дың 100 кеңесі» атты практикалық кеңес жинағы дайындалды. Жинақ отбасы, кәсіпкерлік, еңбек қатынастары, құқық қорғау органдары, алимент өндіру және басқа да маңызды бағыттар негізінде жасалған. Бас прокуратурасына қазақ және орыс тілдерінде 115 ақысыз теле­фоны арқылы хабарласу мүмкіндігі бар.

Қысқасы, жұмысшылардың еңбек­ақы мәселесі еңбек заңнамасы арқылы шешіледі. Еңбекақыны кешіктіру немесе төлемеген жағдайда жұмыс берушінің қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да заңда қарастырылған.

 

Әкімшілік жауапкершілікке тартылады

Жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және ҚР еңбек заңнамасында белгі­ленген мерзімдерде төлемегені үшін  ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодек­сінің 87-бабы бойынша жауапкерші­лікке тартылып, 30-150 АЕК мөлшерінде айып­пұл төлейді. Әр азамат жұмыс беру­шінің еңбек заңнамаларын сақтамағаны жайлы арызбен жергілікті еңбек инспек­циясына шағымдана алады.

 

Қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған

ҚР ҚК 152-бабының 3 бөлігі Басқару функцияларын орындайтын адамның ақшаны өзге мақсаттарға пайдала­нуы­на байланысты жалақының толық көлем­де және белгіленген мерзімде төленуін бірне­ше рет кідіртуі белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айна­лысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе 500 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айып­пұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 300 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не тоқ­сан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға әкеп соқтырады. Мұндай санат­тағы істер  ҚР Қылмыстық процесстік кодексінің 32-бабында айтылғандай, жекеше айыптау болып саналады. Сондықтан, тұлғаны қылмыстық жауап­кершілікке тарту үшін сотқа жеке тәртіппен шағымдану қажет.

 

Мұхтар КЕРІМБЕКОВ,

Алатау ауданы

прокуратурасының бөлім бастығы.