СИРИЯ — ШЕШІЛУІ ҚИЫН ТҮЙІН…

Астанада кезекті келіссөздер өтті. Одан қандай ой түюге болады?

Homs, Syria, October 2015

Homs, Syria, October 2015

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Ия, бүгінде әлемдік геосаясатта және халықаралық қатынаста  «Сирия  мәсе­лесінің» бітпес дау, созылмалы дерт, жазылмастай жараға айналып отыр­ғаны баршаға аян. Кеше  3-4 мамыр күндері  елордамыз Астанада  Сирия жан­жалын реттеуге байланысты кезекті келіссөздер өткізілді. Оған тағы да  қарсыласушы тараптар: Башар Асад үкіметі мен оппозиция, сондай-ақ, кепіл болушы: Ресей, Түркия және Иран  жағы, бақылаушы ретінде: БҰҰ, АҚШ және Иордания өкілдері қатынасты.

Бұған дейін келіссөздер БҰҰ-ның араағайындығымен наурыздың аяғында Женевада жүргізілген болатын. Бірақ, онда Сирия билігі мен оппозицияның бетпе-бет кездесуі болған жоқ. Олар­дың әрқайсысы БҰҰ-ның арнайы өкілі Стаф­фан де Мистура  және Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Геннадий Гатиловпен бөлек-бөлек кездесіп, өздерінің талаптарын жет­кізді. Мәселен, оппозициялық тарап өтпелі кезеңнің саяси мәселелерін талқылауды ұсынса, Асад үкіметінің өкілдері күн тәртібіне терроризм мәсе­ле­сін қосуды талап етті. Бұған оппо­зиция жағы үзілді-кесілді келіспейтін­дігін мәлімдеді. Сөйтіп, Женева келіс­сөзі айтарлықтай нәтиже бермеді. Сірә, бұл осыдан біраз бұрын ресейлік сая­сат­­танушы Евгений Сатановский айт­қан­дай, Женевада Еуропаның ықпа­лымен Башар Асад билігіне қарсылық пен саяси талаптар жайы, ал Астанада қару­лы қақтығыстарды уақытша,  не түбей­гейлі тоқтатуы мәселесі талқыла­натын­дықтан болса керек. Сондықтан да жұрт­­шылық Астанадағы кездесуге көбі­­рек үміт артатын сыңайлы.

Осының алдында Сочиде Ресей және Түркия президенттері  В.Путин мен Е.Ер­доған кездесіп, онда екі елдің сауда-экономикалық қатынасына қоса, Сириядағы ахуалды реттеу тақырыбы  да қозғалған. Сонда Ресейдің Астана келіссөзінде  қауіпсіздік аймақтарын құру жөнінде ұсыныс жасайтыны бел­гілі болған. Содан бір  күн бұрын  В.Пу­тин мұны АҚШ президенті Д.Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, талқылаған, бірақ,  мәселеге екеуінің көзқарасы екі түрлі болған көрінеді.

Бір айта кететіні, Астанадағы кездесу барысында Мәскеудің бастама­сымен Түркия, Ресей және Иран тара­пынан деэскалациялық аймақтар құру жөнінде келісімнің мәтінін Қазақстан Рес­публикасының сыртқы істер ми­нистрі Қайрат Әбдірахманов жинал­ғандарға жариялап, кепіл болушы елдер өкілдерін қол қоюға шақырған сәтте оппозициялық топтың өкілі «Иран – қыл­мыскер!» деп айқайлап, залды тас­тап шықты. Мұның өзі оппозициялық та­рап­тың жанжалды реттеуге Иранның қатысуына қарсы екенін аңғартады.

Дегенмен, келіссөздер барысында Ресейдің бастамасымен  кепіл болушы: Ресей, Түркия және Иран  арасында Сирия жеріндегі оппозициялық қарулы топтардың қол астындағы: Идлиб, Алеппо, Латакия және Хомсте төрт қауіп­сіздік аймағын құру жөнінде мемо­рандумға қол қойылды. Осы құжаттың негізінде  бұл аталған аймақтарда атыс пен қарулы қақтығыстар тоқтатылып, гуманитарлық көмек, дәрі-дәрмектің жеткізілуі қамтамасыз етіледі, соғыстан бүлінген инфрақұрылымдарды  қалпына келтіруге мүмкіндік беріледі, тұтқын­дар алмастырылып, босқындар ерікті түрде  қайтарыла бастайды. Деэскала­ция­лық қауіпсіздік аймағын  қандай әскердің күзететіні, оның қаражаттық шығынын кімнің төлейтіні әзірге белгісіз. Оның үстіне меморандумды оппозициялық тараптың бәрі бірдей мақұлдады деп айтуға болмайды.

Әйтсе де, кепіл болушы елдердің қауіп­сіздік аймақтарын құру жайын­дағы келісім-бастамасына  БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гут­териш  рес­ми өкілі Сте­фан Дюжар­рик арқылы құп­тайтын­дығын білдірді және де «бұл келі­­сімнің  сирия­лық­тар­дың  бейбіт өмірі­не қыз­мет етуінің сонша­лықты  маңызды» екенін  атап айтты.

Расында да, алты жыл­­­­дан астам уақыт соғыстан көз ашпай келе жатқан Сирия жерінде алдымен төрт өңірде атыс-шабыс тоқ­тап, бұл жергілікті халықтың  тыныш­тығы мен бейбіт өміріне жол ашатын болса, құба-құп, басқаша айтқанда, қуа­нар­лық іс, құптарлық бастама.

Алайда, көңілге күдік пен күмән ұялататыны, халықаралық қатынаста соғыс өрті тұтанған ел­дер­де бұлай қауіп­сіздік аймақтарын құру тәжірибесі қол­данылған. Мәселен, Боснияда, Оң­түстік Суданда, Руанда мен Ирак  деген сияқты. Өкініштісі сол, олардың көп­шілігі күткендегідей нәтиже бермеген. Дәлірек айтқанда, 1993 жылы БҰҰ  Югославия елі бөлініп тоз-тоз болған тұста қарулы қақтығысты тоқтату мақ­сатында сондай алты қауіпсіздік айма­ғын белгілеген еді. Соған қарамастан ол аймақтарға қарулы шабуыл тоқтамады. Тіпті, 1995 жылы шілдеде Сребреницаны қорғап тұрған 400 голландиялық солдат  сегіз мыңға жуық босниялық  мұсыл­ман азаматтар мен балалар,  әйелдер мен қыздарды  өлім мен зорлық-зомбы­лық­тан қорғап қала алмады. Сондықтан да «Среб­реница оқиғасы» екінші дүние­жүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі Еу­ро­падағы ең бір қанды қырғын, қайғы­лы оқиға саналады. Ендеше,  Сирияда  төрт деэскалациялық аймақ құру әре­кетінен  де қандай да бір нәтиже күтуге әлі ерте.

Сирия Араб Республикасының ішкі жағдайынан бейхабар біреулер: «Бұл неге бітпейтін дау-жанжал?» — деуі мүм­­­кін. Мұнда мәселе  ресми билік пен оған қарсы оппозицияның дау-дамайы болса бір сәрі. Ең  жаманы —  «Сирия соғысы­на» сыртқы  күштердің араласып отыр­ғаны. Осыған дейін де айтылға­нындай, Ресейдің әскери авиациясы, ливандық «Хезболла» қозғалысының  отрядтары,  Иран мен Ирак еріктілері, жеке әскер компаниялар үкімет әскер­лерінің жа­ғында соғысып жүрген болса, оппози­циялық құрамаларды АҚШ, Сауд Ара­биясы, Түркия мен Катар қару-жарақ­пен қамтамасыз етіп, Ансар әл-Ислам секілді сунниттік құрамалар бірге шай­қасып жүр. Бұған тағы, өз беттерінше соғысып жүрген террористік жиһадшыл «Джебат ан-Нусра» мен ДАИШ ұйым­дарын қосыңыз.  Басқаша айтқанда, Сирия жері әртүрлі әскери құрамалар­дың ұрыс қимылдарының  «театр алаңына»  айналған.

Осындай себеппен Сирия мәселесі шешілуі қиын да күрделі түйін болып отыр. Сондықтан оның қашан аяқта­ла­тыны туралы кесімді пікір мен болжам айту қиын. Алда әлі талай келіссөздер жүргізілмек.

Астанадағы келесі кездесу алдағы шіл­денің орта тұсында болмақ. Оған дейін Түркияның астанасы Анкарада екі рет сарапшылардың кеңесу отырысы өткі­зіледі.

«ақшамның» анықтамасы

Кепіл болушы тараптар — Түркия, Ресей және Иран келісіп, меморандумға қол қойған төрт қауіпсіздік аймағы төмендегідей:

Бірінші аймақ — Сирияның солтүстігінде орналасқан Идлиб провинциясы. Мұнда миллионнан астам халық тұрады. Ол мейілінше ауқымды, онымен  Латакияның солтүстік-шығыс аудандары, Алеппоның батыс өңірі және Хаманың солтүстік аудандары шектеседі. Бұл аймақты  құрамында 14,5 мың жасағы бар оппозициялық топ бақылайды.

Екінші аймақ  —  Хомс провинциясының солтүстігінде жатыр. Оған Эр-Растан мен Тель-Биса қалалары және оның маңайындағы аудандар кіреді. Тұрғындарының саны шамамен 180 мыңдай. Бұл аймақ 3 мың жауынгері бар оппозициялық топтың қарауында.

Үшінші аймақ – Шығыс Гутеде. Аймақ 9 мыңнан астам оппозициялық қарулы күштердің бақылауында, халқының саны 690 мың. Ресей әскері Бас штабының мәліметінше, бұған Кабун ауданы енбей отыр. Өйткені, ол терроршыл «Джебхат ан-Нусра» тобының бақылауында. Осы ауданнан олар Дамаскіні жиі атқылап отырады.

Төртінші аймақ – Сирияның оңтүстігіндегі Иорданиямен шектесетін Дараа мен Кунейтра провинцияларында. Халқы 800 мыңнан артық. Бұл өңір 15 мыңнан астам қарулы оппозицияның бақылауында.