ЕЛ ЖАҢАРУЫ ДЕГЕН — ОСЫ

5x5

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бүкіл зиялы қауымды бір дүр сілкіндірді десек, еш артық айтпаған болар едік. Президенттің еліміздің болашақ даму бағдарын басқа да өзекті мәселелермен бірге гуманитарлық біліммен байланыстыра отырып, таяу жылдар міндеттерінің бірі ретінде «Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады» деп көрсетуі – қоғамға дер кезінде жеткен мәдени-тарихи маңызы зор мессидж (хабар).

Серпінді дамып келе жатқан жас та тәуелсіз мемлекет Қазақстан жағдайында қоғам­ның ұйытқысы, мемлекеттіліктің тірегі боларлық идея аясында толыққанды рухани жаңғыру болмай, жаһандану кеса­паттарына төтеп беру неғайбыл. Әлі рухани діңгегін қазық қылып қағып үлгермеген адам үшін толассыз ақпаратты қабылдау әсте оңай емес. Оған рухани сүзгі қажет. Көп ақпарат білу көп ақылдың белгісі емес. Көп ақыл тапқан ақпаратыңды орын­ды, яғни, өзіңе, жеріңе, еліңе, жалпы, адам­затқа пайдалы дүниеге айналдыру кереметінде жатыр деп ойлаймын.

Болашақта кез-келген ел экономика­сында еңбекке қабілетті тұрғындардың тек 20-30 пайызы  ғана қамтылатын болады. Ал қалған 70-80 пайызы оқуға ден қояды, қоғамдық еңбекпен шұғылданады, мәде­ниет, өнер, рухани салада қызмет ететін адамдардың үлесі айтар­лықтай артады деген форсайттық болжаулар беріліп жүр. Ол – Елбасымыздың мақаласында айты­лып отырған Білім салтанат құрған қоғам болашағы. Сонда ғылым-білім, ақпарат кез-келген экономиканың басты құрамдас бөлігіне айнала отырып, қоғамда зияткер­лер мен мәдениет қайраткерлерінің әлеумет­тік тобы басымдық танытады. Бұл басымдық тек билік пен саясатқа қатысты жағдай емес, сонымен қатар, меншікке де қатысты болмақ. Осы тұрғысынан алғанда, зияткерлік меншік қазіргінің өнеркәсіпке, қорларға, жылжымай­тын мүлікке деген  жекеменшік түрлерін  ығыстырып,  меншік­тің билеуші формасына айналады. Осының барлығы да Н.Ә.Назарбаев айтып отырған білімнің салтанат құруының нәтижесі бол­мақ. Мәселен, Құрама Штат­тардың өткен ғасырдың 80-жылдары білім сала­сына, онымен қосарлас ақпараттық және комму­ни­кациялық жүйелерге дер кезінде даму тіз­гінін беруі – АҚШ-тың дәл бүгінгі эконо­микалық және әскери дамуына серпін болды. Осыған ұқсас жағдайлар басқа дамыған елдерде де орын алып отыр. Мұн­дайда бірден ауызға түсетіндер – Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Син­гапур, т.с.с.

Бодан санадан ұлттық, мемлекет­шілдік санаға жетудегі жол тым ұзақ болмағаны ләзім. Міне, соны аңсап жүрген жандар үшін кешегі мақалада нақты шаралар жоспарымен көрінген рухани жаңғыру жолы талайдан үкілеген үміттің орындалу мүмкіндігін көрсетіп отыр.  Кеңестік идеологияның орнын ештеңе баса алмастай көріп, оның үстіне, «жан қайғы ма, мал қайғы ма» демекші, алдыңғы орынға елдің күнделікті қажеттіліктерін қойған шақта бәрінен баз кешкеніміз мәлім. Қоғамдық-экономикалық күрделі өзгерістер аясында ондай-ондай бір біз емес, талай мемлекет басынан өтті де. Қазіргі шақта идеология қазақстандық қоғамды бір тудың астына жинап, ортақ азаматтық бірлестікке басбіріктіруші императив болуы тиіс.

Идеология – қоғамның рухани темір­қазығы, әр азаматтың ішкі сеніміне айнал­ған тұжырым. Мысалы, АҚШ азаматтары өз елін «армандар орындалатын мекен», «бәрінен мықты ел» деп таниды емес пе?! Француздар да, жапондар да, қытайлар да өзін әлемнің дәл ортасына қойып, басқа­ларға қырын қарайды. Израиль екеш Израильдің өзі қаншама ғасыр­лық құлдық­ты басынан кешіре жүріп, «Біз Құдайдың назары түскен елміз» дейді. Біз де «Қазақ­стан – Жаратқан жебеген ел, оның жері – нағыз «қой үстіне бозторғай жұмырт­қала­ғандай» бейбіт мекен, жер жәннаты Жер­ұйық дедік, ал халқы – интеллект әлеуе­тімен, ұрпақ­тар сабақтастығымен Мәңгілік Ел деп жар салып едік, жара­сымды болды ма?! Болды! Ендігі жерде тек атап қана қоймай, солай жасау үшін аянбай тер төгу керек деп ойлаймын. Ол үшін не қажет? Қажеттінің барлығын Елбасы осы мақала­сында тайға таңба басқандай көрсетіп бе­ріп отыр. Тұлғалық даму тұрғысы­нан, бә­се­­келік қабілет, прагматизм, сананың ашық­тығы, елдік даму тұрғысынан, ұлттық бірегейлікті сақтау, білім салтанатын орнату, эволю­циялық өзгерістер жолын таңдау қажет.

Бұл мақала Тәуелсіздікте дүниеге кел­ген ұрпаққа арналған мессидж әрі солар­дың болашағы үшін қам жеген Аталы Сөз дер едім мен. Өйткені, бүгінгі ұрпақтың бүт­кіл болмысы Тәуелсіздікпен байла­нысты.  Сондықтан оларда, алдыңғы буын өкілдері сынды, Тәуелсіздік алғалы неден ұттық, неден ұтылдық деген дүдәмәлдық жоқ. Оларда «мен – тәуелсіз Қазақстанның аза­матымын», «мен – қазақпын» деген мақтаныш сезімі мықты. Олар – ешкімге дес бермейтін жаңа буын. Жастар қоғам­ның барынша белсенді бөлігі ретінде инно­вацияға және төлтума идеяларды жүзеге асыруға бейім.

Ғылым-білім тілі, әлемдік нарық  пен билік  тілі болып отырған ағылшын тілін меңгеру қажеттігі де, өзге тілдегі ақпараттық ортаға тәуелді жастардың патриоттық тәрбиесі де елдік маңызы бар мәселелер ретінде мақаланың «Таяу жылдардағы міндеттер» бөлімінде  шешім жолын тапқан.

Мысалы, латын әліпбиіне көшудің өзін де осы жас ұрпақтың сұранысына жауап беру және олардың болашағына үлкен қамқорлық­пен қараудың бір көрінісі деп қабылдау керек.  Себебі, латын әрпі жаһан­дану графикасына айналғалы қанша! Бұл арада өркениетті әлем тілі – ағылшынның әліпбиінің негізі латын әліпбиі екендігін де естен шығармау керек. Әлемдік нарыққа шығу үшін, әлемнің түкпір-түкпіріндегі тұтынушыға ұғынықты болу үшін латын жазуы қолданылады.

Оның арғы жағында әлгінде айтқан отар­сыздануға, жалпы түрік әлемімен жақындасуға бастар жол жатқандығы да саяси салмақты дүниелер. Не болса содан секемденіп, қимылдауға құлықсыз отыруға себеп қай кезде де табылар, бірақ, біз сол күдікті сейілтуге жабыла жұмыс жасауымыз қажет. Қазақта «шешінген судан тайынбас» деген жігерліліктің керемет жолын көрсететін сөз бар. Тәуелсіздік толқынына сүңгіп кеткен біздер үшін  судан қорқатын кез кетті ғой деп ойлаймын.

Өз тәуелсіздіктерін алғаннан кейін ки­ри­­­лицадан латынға көшкен Өзбекстан, Түр­кі­менстан,Әзірбайжан және басқа да елдердің  тәжірибесі алдымызда мен мұн­далап тұр. Сол тәжірибенің оңы мен солын саралап барып кіріскелі отырғанымызда әрі қазақ саны 70 пайызды өңгеріп тұрған тұста тым жалтақтық таныту дұрыс емес деп білемін.

Қай сөзінде болмасын, ұлтымыздың маңда­йына біткен бағы да, көзінің қара­шығындай қорғаштауы тиіс басты жетістігі де, ту етіп ұстар ұлы құндылығы да Тәуел­сіздік екендігін нықтап отыратын Елбасы бұл мақа­ласында да сол Тәуелсіз­дігіміздің баяндылығын қамтама­сыз ету үшін барлық жаңғырулардың түпнегізі – рухани жаңғы­ру керектігін анықтап айтты. Рухани жаң­ғы­ру – ел жаңаруы, ал ел жаңаруы – біздер мен сіздерден басталары сөзсіз.

 

Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА,

Абай атындағы Қазақ Ұлттық

педагогикалық университетінің

Оқу ісі жөніндегі проректоры,

философия ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі.