ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КӘСІБИ ӘНШІСІ

Қазақстанның халық әртісі атағын екі мәрте алған Үрия Тұрдықұлова жайлы не білеміз?

Panasonic MECH=KV-S7075C SIDE=F

Біз қазақ ән өнерінің асылы Үрия Тұрдықұлованың биылғы 105 жылдық мерейтойы қарсаңында оның өмірі мен шығармашылығы туралы кітап шығаруды қолға алған едік. Архивті ақтарып, көзкөргендермен сұхбаттасып, фото және бейне жазбаларды жинау барысында көптеген кедергілерге тап болғанымыз рас. Құжаттардың аздығы, әншіні  көзі көрген адамдардың  басын бірден алып қашуы, соның ішіндегі ең өкініштісі – белгісіз бір себептермен Қазақ радиосында сақталған Алтын қордағы әншінің айтқан әндерінің жойылып кетуі  біраз қолбайлау болып,  қиындық тудырғанын да айтқан жөн.

Үрия Тұрдықұлова 1910 жылы Таш­кент қаласында, Сары-Ағаш ауданында дүниеге келген. 1924 – 1926 жылдары Мәскеу қаласындағы Сталин атындағы Шығыс еңбекшілерінің коммунистік уни­верситетінде дайындық бөлімін бітірген. 1930 жылы П.И.Чайковский атындағы консерваторияда оқып жүргенде талантты қыз Қызылорда театрына шақырылады. 1930-1931 жылдары Қазақ драма театрында әртіс, 1931-1932 жылдары Қазақ радио комитетінде Қазақ бөлімінің музыкалық жетекшісі, әнші қызметтерін атқарған. 1936 жылы Үрия (Ұлбосын) Тұрдықұлова республикаға Еңбек сіңірген әртіс атағымен, «Құрмет белгісі» орде­німен, 1939 жылы Қазақ КСР-ның халық әртісі атағымен марапатталды. Алайда, 1950 жылы Ү.Тұрдықұловаға қиянат жасалып, оны  Қазақ КСР-ның халық әртісі атағынан айырып, Абай атындағы опера және балет театрынан жұмыстан шығарып жібереді. 1950 – 1953 жылдары ол Қарағанды қаласының облыстық драма театрында әртіс, филармониясында солист ретінде, 1953 – 1972 жылдары Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы филормо­нияда солист, вокалист болып қызмет атқарды. 1972 жылы 1 қазанда құрметті демалысқа шықты.

– 1964 – 1967 жылдар  аралығында мен Қазақ радиосы мен теледидарының музы­калық хабарларының бас редакциясында музыкалық редактор қызметін  атқардым, – дейді  белгілі әнші  Нұрғали Нүсіпжанов. – Негізгі қызметім Қазақ радиосында еді. Ол жерде үлкен редакция құрылымы болды. Радио қорын толықтыру мақса­тымен бірде мені  Қазан, Уфа қалаларына іссапарға жіберді. Іссапарымыздың негізгі міндеті – татар, башқұрт композиторла­рының жаңа шығармалары мен жас әнші­лердің сапалы жазылған әндерін жинау болатын. Солардың барлығын жи­нап, өзіміздің  Қазақ радиосына жіберт­­кіздім. Өзім музыкант болғандықтан, арнайы уақытымды бөліп, жергілікті фонотеканы қарап шықтым. Бір қызығы, фонотекада қазақ өнерінің қаймақтары – Манарбек Ержанов пен Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін де кездестірдім. Ары қарай кімдер бар екен деп іздей бастағанымда, Үрия Тұрдықұлованың үш әнін көріп, жерден баға жетпес қазына тапқандай қатты қуанып, көшірмесін елге алып қайттым. Ол кезде Үрия Тұрды­құ­лованың  әндері Қазақ радиосының Алтын қорында жоқ болатын. 1950 жылдары әртүрлі арыз-шағым­дар жазылып, Үрия апамызға қиянат жасалғанын мен бұрын­нан біле­тінмін. «Ағажан Ләтипа», «Ахау-Семей», «Қош, аман бол» әндерін ұлы әншінің үні ғой деп Қазақ радиосына табыс еткенім бар. Елге орала салып, Үрия апайға сүйінші сұрап хабарластым. Аман-саулық сұрасқан соң, Татарстаннан үш әнін алып келгенімді айтып едім, тұтқаның ар жағынан таңқалып, өкінішін білдіріп, көзіне жас алып, өксіген даусын естідім. Сонда ол: «Әншінің мұрасы – артында қалатын оның даусы ғой, еліме үш әнім болса да қалатын болды. Мен қызғаныш деген қызыл иттің құрбаны болған жанмын ғой, құртты ғой мені, құртты» деп қатты толқып, алғысын айтқан еді. Арада бір апта өткеннен кейін Абай атындағы Опера және балет театрында үлкен жиын болды. Сонда Үрия Тұрдықұлованы кездестірдім. Ол кісі мені құшақтап бетімнен сүйіп, бата­сын берген болатын. Қазақ өнеріндегі оның еңбегі ұшан-теңіз. Ол кісінің асыл рухы разы болсын! Апамыздың еліне, жұр­тына, артында қалған үрім-бұтағына амандық тілеймін. Өткенге құрметпен қарау парыз. Қазақ өнері мен мәдениетінің  тарихы әлі толық түгенделген жоқ, бола­шақта бұл іс қолға алынады деген үміт­теміз, – деп аяқтады әңгімесін әйгілі әнші.

Қазіргі таңда Ү.Тұрдықұлованың тек үш әнінің ғана сақталып қалуы Қазақ­станның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжа­новтың ерен еңбегі деп білеміз.

 

Айдар ЖОРАНОВ.

Сурет ҚР ОМА-нен алынды.