МАЙДАНГЕР АҒАҒА ХАТ

%d0%bc%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d0%b5%d1%80%d0%b3%d0%b5-%d1%85%d0%b0%d1%82

Ұлы Отан соғысының ардагері, отстав­кадағы майор, «Сен  сол­датсың», «Аспан­таулар  аясын­да» деректі кітап­тарының авто­ры, жазу­шы-журналист Әлнұр  Мейір­бе­ковтің  рухына арнаймын.

Айқынның осы хатты жазсам дегені­не талай болған…Елі ерекше құрметтеп, сыйлайтын Әлнұр ағасы тірі болатын онда…

Сынаптай уақыт сусып ағып, өте береді. Күннің өткенін де, айдың бітке­нін де аңғармай қаламыз кейде. Қоңыр күз де, қытымыр қыс та, көктем мен жаз да өте шықты, міне…

Әнеубір жылдары «оңтайланды­рамыз» деген саясаттың салқыны шекара шебіндегі аудан  –  Нарынқолды көрші ауданға қосып еді. Содан бұл өңірдің тіршілігі қоңылтақсып қалған. Ауыл жастары жұмыс іздеп, жаппай Алматыға ауады. Ол жақта қайбір дайын тұрған жұмыс пен пәтер бар дейсің. Бірі – базарларда арба сүйреп, вокзалдарда бақуатты жолаушының жүгін көтеріп, қалталыларға жалданып үйін салып, бақшасын суарып, түрлі жұмыстар істеді. Көше сыпырып, аула да тазалады. Тіпті, автобуста сығы­лысқан жолаушылардың қалта телефо­нын ұрлап, дереу арзанға сатуды «кәсіпке» айналдырғандар да болды. Солардың біразы қолға түсіп, ұрлық жасағаны үшін сотталып та кеткенін естідік.  Әлекең сол аласапыранның басталған сәтін көрді. Ауыр күрсініп, басын шайқап, ішкі күйзелісін сездірмеуге тырысатын еді-ау майдангер аға. Енді, міне, ол кісі де жоқ арамызда…

Айқын түнде түс көріпті: …жасыл қарағай мен ақ балтыр қайыңдар, жұпар шашқан таудың қара аршасы көрік берген әйгілі Шұбартал жайлауында жүр екен… Ел «Әлекеңнің жайлауы» атап кеткен Көккемердің Үшкүңгейге тіреліп барып бітетін түртпесіндегі Самалтөбе…Кемер астында гүрілдей ағып, сарқырап тасып, мөңкіп тулап, ашулы бурадай буырқанып, тасты жаға­лауды кеудесімен ұрып жататын тау өзені  –  ерке Текес. Сонау көз ұшын­дағы биік қырдан түйедей торы ат мін­ген Әлекең келе жатыр екен бері қарай…

…Жарықтық, жасы тоқсанға жақын қалғанда өмірлік серігі  –  Әйнек шеше­міз қайтыс болған соң күрт өзгеріп, сөзден қалып еді. Туған інісі Ахмет мені оңашаға ымдап шақырып ап: «Ағаң сені шақырады», – деген соң, Әлекең жатқан оңаша бөлмеге кіргем. Асыл ағамның түрі бұзылып қалған екен. Қатқыл үн қатты: «Айтшы мыналарға! Әйнек шешең екеуміздің арамыз он-ақ қадам  десем, біреуі ұқпайды. Он-ақ қадам! Сен де ұқ осыны! Түсіндір аналарға!» – деді қатуланып…

Осы кездесуімізден соң асыл аға көпке ұзаған жоқ. Арада он күн өтпей өзі де дүние салып еді жарықтық.  Сөйт­сек, өмірлік қуаты болған аяулы жары­ның соңында  қалғысы келмеген екен ғой…

Араға небәрі он күн салып, біраз жігіттер Әлекеңді бақилық сапарға шы­ға­рып салуға  Алматыдан Нарын­қолға қай­тадан барғанбыз. Сол жолы ауыл­дың күнбатысындағы Қайшының сайы мен Ақбұлақ жақтағы тау етегіне қойылған Әйнек шешеміздің дәл жанынан  он қадамдай жерге Әлнұр ағам да жерленіп еді. Сол қорымда оның үлкені – Жеңіс Әлнұрұлы, Ахмет інісі­нің қыршын кеткен баласы – Азамат пен Әлекеңнің құшағында өсіп, түтінін түтеткен Алтайы да жатыр. Өзекті өртеген, соққан желдей, аққан селдей, суы сарқылып қаңсыған көлдей, қайран  өткінші өмір-ай десеңші…

…Айқын оянып кеткеннен кейін де әлгі бір мұңлы көріністерді көз алдына елестетіп, мектеп бітірген жылдан бас­тап өзін баулыған аяулы ағасы, аудандық газеттің редакторы болған Әлекеңді есіне алып, біраз жатты. Таң қыла­йып келеді екен. Жарық сәуле анық аңғарыла қоймайтын қыстың таңы. Әлгі түс әсер етті ме, әлде ардақты ағаға баяғы­да жазатын хаттың басында пісіп-жетілген сәті осы болды ма, ол дереу жазу үстеліне отырды. Ақ қағазға «Ағаға хат» деп  жазды да, әлдебір естеліктерге шомып,  ой құшағына енді.

Мына сан құбылған заманның көлеңкелі жағы мен шуақты сәттерін, адамдар арасындағы мейірім, бауыр­машылдық пен адалдық азайып бара жатқанын, әркім, тіпті, қолында билігі барлардың көбі тек өзі үшін ғана қар­манып, орайы келсе қарпып қалуды көздеген, ақша мен пайдадан басқаны ойламайтын аласапыран кезең туралы да ой толғасам ба деген ағасына…

«Сонда бұл хат өзі о дүниелік болып кеткен Әлнұр ағамның рухына бағыш­талған хат болғаны ма? Мейлі, Абызға лайық мінезбен ғұмыр кешіп, талай­ларға ағалық, әкелік, кейде ұстаздық мол шапағаты тиген Әлекеңнің рухы  риза болсын»  деп шешті…

«Ардақты Әлнұр аға!  Сексеннің сең­гірінен асып, абыз қария атанып, Хантәңірі баурайындағы Нарынқолда өмір кешкен қарапайым қарт – Сіздің  әйгілі ақиық ақын  Мұқағалидың шы­ғар­машылық жолындағы алғашқы ұстазы екеніңізді, Еркін Ібітанов, Сағат Әшім­баев пен әйгілі жазушы-драматург Бақ­қожа Мұқай және  Тұрлыбек Мәме­сейіт, Рысбек Сәрсенбаев пен Батық Мәжитұлы, Биғайша Медеуова секілді ондаған қаламгердің аудандық газетте жолын ашқаныңызды, классик жазушы Бердібек Соқпақбаевпен әріптес, дос болғаныңызды бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі білмейтін шығар… Өйткені, Сіз бұл туралы ешқашан әңгіме қозға­ған емессіз. Тіпті, Отан үшін от кешіп, өрімдей жас кезіңізде жаудың екі тан­кісін мергендікпен жойып, көп сар­базды  жұтқалы  келе  жатқан  ажалдың  бетін қайтарғаныңызды да айтпадыңыз. Майдангерлер ерлігі жайлы жазылған «Қарапайым қаһармандар» атты деректі кітаптан ерен мергендігіңіз жайлы оқы­ғанбыз, аға! Өзіңіздің мінез-болмысы­ңыз туралы маған  Мұқағали ініңіздің сонау бір жылдары шабытты сәтінде, менің студент кезімде шалқып тұрып айтқаны әлі есімде: «Айналайын, Әле­кем-ай! Ақылшым ғой ол менің! Әлгі жал­қау Еркін   екеуімізді сол жетеле­месе, кім білсін, өмірдегі бағытымыз  басқа жолға түсіп  кетер ме еді?.. Бала, сен біліп қой. Ол – менің және сенің Еркін ағаңның, басқа да талай сары­ауыз балалардың ақылшы ағасы, жол көрсетер ұстазы болған адам… Маған  «Осы поэмаңды Алматыға – Әбділда Тәжібаев ағаңа жіберіп көрші! Өлең сапарындағы жолың ашылып кетсе  жа­ман ба», – деп тұңғыш рет кеңес берген де сол Әлекең болатын», – деген еді.

Асыл аға, есіңізде болар, Мұқағали марқұм Мәскеудегі Бүкілодақтық әдебиет институтын біржолата  тастап, соңғы рет  ауылға  келгенде алабұртқан күйде ешкімге бұрылмай, сізге келгенін айтып едіңіз ғой: «Бұл шіркіннің  менің алдымда бірінші рет басберіңкіремей еркелегені осы жолы шығар. «Әлеке! Мен ауылға соңғы рет келіп тұрмын. Еркелігімді кеш. Маған мәшинеңді бер.  Қа­расазға барам. Соңғы рет келіп тұрмын ғой»,  – деп көзіне жас алды»  дегеніңіз әлі есімде.

Сол жолы Мұқағали ақынды сіздің жап-жас жүргізушіңіз Жұмаш деген жігіт “ГАЗ-69” мәшинесімен Қарасазға алып шығады. Көлікке мінерде

Мұқаң: «Әй, Әйнек жеңге! Жол азығымды бер. Қосып екі-үш тал құрт сал.

Байпақтың кезеңіне шыққан соң Қарасазыма қарап тұрып, тартайын әлгі зәһарді», – деп нұрланып күліп, салалы саусақтарымен шашын бір сипап алып, мәшинеге кіргенін, ақынның орындық­қа отырмай, артқы қатарға алып денесі­мен шалқасынан жата кеткенін шопыр бала қызыға әңгімелеп берген бізге. «Тұлғасы батыр адам сияқты. Ірі кісі екен…. Шынымды айтсам, алғашында қатты қорыққам. Сөйтсем, мінезі мен ойлағандай болмай шықты. «Құлын­дарым  менің! Мен сендерге тиіспеймін. Өйткені, мына ағаңды сендер жоқтай­сыңдар ертең… Мен алыссам, елге тізесі батқан, солардың арқасында арам байлыққа кенелген ынсапсыз иттермен алысамын! Қанаттарым  менің! Тарта бер, Қарасазға қарай! Әй, бала, мені Байпақтың кезеңіне ілінгенде оят! Сол жерде жеңгем берген  әлгіні тартуым керек еңіретіп. Кезеңнен Қарасазым­ның шеті көрінеді», – деді Нарынқолдан шыққан соң арт жақтағы орындыққа жайлана жата кетіп. Алып ақын артқы орында  ұйықтап жатқан соң, ұйқысын қимай,  әлгі кезеңге тоқтамай өтіп кет­пекші болдым. Дәл сол сәт басын оқыс көтерген ақын: «Әй зәнталақ! Мен саған осы жерде тоқта демеп пе ем!» – деп орны­нан атып тұрды. Мәшинені кілт тоқтатуға тура келді. «Әкел, әлгіні! Құрт­­ты да ұмытпа!» – дегенде есім кетіп, бір стақан ащы суды  жылдам құ­йып, ақын ағамның қолына ұстата қой­дым. Көзіне жас келіп тұрып:  «Қай­ран  Қарасазым-ай, үйрек ұшып, қаз қон­ған», – деді де, қолындағы қырлы ста­қан­дағыны қотара салды. Сөйтті де кезең үстінде  біраз  уақыт үнсіз, Қара­сазына елжірей қараған күйінде тұрып қалды. Қанатын жайып, ұшатын құс секілді кең құшағын ашты. Әлден уа­қыт­тан соң:  «Қозғал бала! Бұл менің туған жерге соңғы рет келуім», –  деп ша­­­шын жалп еткізіп  бір сілкіп алып, салалы саусақтарымен сипап өтті де, ауыр күрсінді», – деген еді  шопыр  Жұмаш.

Әлаға, бұл әңгімені маған Сіз На­рынқолдағы аудандық газетте бас редактор  болып  жүрген  жылдарда жүр­гізушіңіз айтқан болатын. Неге екенін қайдам, өзіңізге осы хатты жазарда сол оқиға ойыма оқыс оралды. Жәй, есіңізге салып отырғаным ғой…

Мен бұл хаттың әлқиссасында  Адам мен Заман жайлы өзімнің көңіл-пайы­мымдағы кейбір сынық бөлшектерді де айттым-ау деймін. «Бұл Айқын мұң­шыл, уайымшыл болып кеткен бе?» деме­ңіз. Көп көргенді мен де көріп жатырмын ғой… Бірақ, Сіз бен Біз іздеген адалдық, адами тазалық азайып бара жатқандай, Аға! Бұған келіспеуіңіз де мүмкін. Елдің жаңарып, өмірдің өзгергеніне зердесі бар жан неге қуан­басын. Бірақ, дәл қазіргі кезеңдегі жап­пай дүниеқоңыздықтан, кейбір кеңір­дегі кеңіп кеткен шенділердің қылықта­рынан шошынатын болдық. Тек жеке бастың ғана қамы үшін күндіз-түні далақ­тап, мансап пен байлық, ақша үшін арды табанға салғандарды көргенде өзегім өртенеді, Аға… «Үйе берсем, жия берсем, ала берсем, тек мен ғана жүр­сем, өзгелер күл болмаса, бүл болсын!» дейтін тойымсыздар көбейіп бара жат­қанынан қауіптенем… Үлде мен бүлдеге оранып, әр қалада  бір-бір  Сарай  салып, Астанада бір-бір зәулім баспа­наға  ие болып отырған, ел аймақта­рын­да, облыс пен ауданда, ауылдарда өзге­лердің атына тіркелген жеке шаруашы­лықтары, бизнестері  бар  алпауыттар­дың  көбейгенін Сіз ол жақта естімей­сіз, әрине…Түрлі, күдікті жолмен тегін байлыққа кенеліп жүрген олардың  бір сәт: «менің осы қылығым не қылық,  халық  бәрін  көріп-біліп  отыр ғой, обыр­­лана  бермей, тізгінімді сәл тарта­йыншы», – демейтіндеріне, Құдайдан қорқып, қарашадан ұялмайтындарына  таңданамын, Аға…

Осы толғанысты хатымның тақы­рыбын о баста  «Өмір  толғауы» деп қой­сам ба дегем. Сізге бұл жолы жолдап отырғаным – соның бір парасы ғана деп  қабылдаңыз, Әлнұр аға…

Адам мен Заман, Уақыт пен Қоғам, Ынсап пен Ұят, адамның Ары мен На­мысы туралы бүгінгі және келер ұрпақ­қа айтып кетсем деген сан тарау ойлар жүрегімнің түкпірінде қатталып жатыр, Әлаға! Өмір жетсе, оны да көрерміз. Ащы шындықпен өрілер ол  ойларым біреулерге ұнар, енді біреулердің қан қысымын көтерер…

Иә, солай, Аға!  «Шындықтың жолы ауыр» деп айтушы едіңіз ғой, СІЗ…»

 

Айтақын ӘБДІҚАЛ.