ЕУРОПАШЫЛ ЖӘНЕ АТЛАНТШЫЛ

Францияның президенті болып қағазға қарамай сөйлейтін 39 жастағы Э.Макрон сайланды

fb98362ba69adb93d16dcb520aba4673__1440x-min-e1493882965896-1024x681

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының»

саяси шолушысы

Франция әлемдік саясат пен эконо­микада ықпалды да өзіндік  орны бар мемлекет.  Сондықтан да жұртшылық француз жұртында  болып жатқан саяси оқиғалар мен өзгерістерге бей-жай қарай алмайды. Өйткені, бұл елде билік басына кімнің  келіп, оның қандай бағыт-бағдар ұстанатыны жаһандық геосаясатқа және Еуроодақтың  қыз­метіне кәдімгідей ықпал етеді.

Энциклопедиялық анықтама­лықтар­дан білетініміздей, Франция — прези­денттік  үлгідегі  унитарлық республика. Мұнда президенттік сайлау әрбір бес жыл сайын, халықтың тікелей дауыс беруімен өткізіліп отырады. 2012 жыл­дың 6 мамырынан бері президент­тік қызметті Франсуа Олланд атқарып келді. Және бір таңданарлығы, өткен 2016 жылдың 1 желтоқсанында Ф. Ол­ланд Франция тарихында тұңғыш рет өзінің екінші рет сайлауға түспейтінін мәлім­деп, өз кандидатурасын алып тастады.

Ел Конституциясына сәйкес пре­зидент сайлауы биылғы жылы бастау алып, алғашқы туры 23  сәуірде өтті. Оған  төрт үміткер: «Алға!» партиясы­нан – Эммануэль Макрон, «Ұлттық майдан»  партиясынан – Марин Ле Пен,  Рес­публикашылдар партиясынан – Фран­суа Фийон және  «Жеңілмейтін Фран­ция» партиясынан – Жан–Люк Мелан­шон қатынасты. Дауыс беру нәтиже­сінде  24,01 пайыз дауыс жинаған  Э. Макрон мен 21,30 пайыз  жинаған М. Ле Пен озып шықты.  Бұған дейін елде үлкен беделге ие болып келген респуб­ликашылдар партиясы өкілінің екінші турға өтпей қалуы жұрттың таңданы­сын тудырды. Осыған қарағанда кәрі құрлық Еуропада халықтың саясатқа, партияға деген көзқарасы өзгеріп, жаңа арнаға бет бұрғандай.

Президенттік сайлаудың екінші кезеңіне өткен Эммануэль Макрон мен Марин Ле Пеннің ұстанымы мен бағдар­ламасы бір-біріне кереғар. Мысалы, Макрон Еуроодақтың одан әрі ныға­юын, яғни еуроинтеграцияның өркен­дей беруін, НАТО шеңберіндегі ынты­мақтастықтың дамуын, Минск келісім­ шарттары орындалмайынша,   Ре­сей­ге қарсы санкциялардың сақталуын жақтайды. Сондай-ақ, кейбір мемле­кеттер тарапынан айтылып жүргеніндей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты мүше елдер санын көбейтіп, оған ГФР, Жапония, Үндістан, Бразилияны және Африка құрлығынан бір мемлекетті қосуды қолдайды. Ал, Марин Ле Пен керісінше Францияның НАТО ықпалы мен үстемдігінен құтылып, өз армиясын күшейтуін, әскер санын 50 мың адамға көбейтуді, 2022 жылға қарай  қорғаныс ісіне  ЖІӨ-нің үш пайызын  жұмсауды, Еуроодақ құрамында қалу не шығу жөнінде бүкілхалықтық референдум өткізуді және де  көпжақты саясат ұстануды мақұл көреді.

Кірпияз француз сайлаушылары екі үміткердің де бағдарламасы мен ұстанар саясатын жан-жақты  салмақтап, таразылап көрген тәрізді. Елдің  Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қара­ғанда кешегі 7 мамырда өткен екінші турда  сайлаушылардың 74,62 пайызы қаты­насып, олардың 66,06 пайызы  Эм­мануэль  Макронға, 33,94 пайызы  Ма­рин Ле Пенге дауыс берген. Қалған 6,33 пайызы, яғни 3 млн. адам  бос бюл­летендер тастап, 2,24 пайыз бюллетень  (1,06 млн. адамның дауысы)  жарамсыз деп табылған.

Осылайша сайлау қорытындысы бойынша  Франция Республикасының тари­хында  тұңғыш рет  ең жас пре­зидент болып, қырыққа әлі тола қойма­ған Эммануэль Жан-Мишель Фреде­рик Макрон сайланды. Нәтиже белгілі болысымен  басты қарсыласы болып келген  Марин Ле Пен мәдениет пен әдептілікті сақтап, Макронды жеңісі­мен құттықтады. Оған өз елінің мүддесі жолындағы  президенттік қызметінде табысты болуына тілектестік  білдірді.

Айтпақшы, Ресей билігі Франция­дағы президенттік сайлауда Мариннің жеңіске жетуін қалайтындай сыңай танытқан. Олай дейтініміз, осы жылдың  наурыз айының аяғына таман Марин Ле Пен РФ Мемлекеттік дума­сын­дағы Халықаралық істер жөніндегі комитеттің төрағасы Леонид Слуц­кийдің шақыруымен  Мәс­кеуге  келіп, сапарының аясында  В.Пу­тин­нің қабыл­дауында  болған.  Кездесу кезінде өзінің Ресей мен Франция арасында экономи­калық, мәдени және стратегиялық бай­ланыстарды нығайтуды жақтайтынын  айтқан болатын.

Қуанышты көңіл-күйдегі  Э.Мак­рон: «Францияның өмірінде  жаңа жарқын бет ашылады», — деді. Бұған қоса, ол өз елінің терроризмге қарсы  кү­ресте алдыңғы сапта болатынын мәлімдеп үлгерді. Кейбір мәліметтерге қарағанда  жаңа перзиденттің қызметке кірісу салтанаты 14 мамырға жоспар­ланған. Сонан соң  оның алдында 11 маусымда  парламенттің төменгі пала­тасы — Ұлттық жиналысқа депутаттар сайлауының алғашқы турын  өткізу міндеті тұр. Қазірше онда екі жетекші партия басымдыққа ие.  Макронның президенттік  жұмысы жемісті болуы үшін  Ұлттық жиналыста оны қолдаушы депутаттардың саны көп болуы тиіс. Демек, бұл науқан да Макрон үшін маңыздылығы жөнінен  президенттік сайлаудан кем түспейді.

Осы айтылғанның бәрін ой елегінен өткізіп қарайтын болсақ,  небәрі 39 жас­тағы Эммануэль Макрон ежелгі француз жұртында билік басына келген   жаңа буынның өкілі. Ол  қайта-қайта саяси-экономикалық дағдарыстар бой көрсетіп, алқымнан қысып отырған  мынау құбылмалы дүниеде өз елінің көненің шырмауы мен сүрлеуінде қалып қоймай, заманның талабына сай тың қадам-қаракеттер жасағанын көксейді. Өзінің  айтуынша елде шынайы рефор­ма­ны тек президент жасай алатынына көз жеткізген соң ғана  ол сайлауға түсу­ге бел буған.  Сол себепті де өзінің бағ­дарламалық еңбегінде: «Біздің жоба­мыз  Францияны ХХІ ғасырға лайық­ты қадам бастырып, өзгермелі дүниенің аясында оның табысты болуын қамта­масыз ету» дегенді ұран етіп көтерді.  Мұнысы көпшіліктің көкейіндегісін дөп басып, өзіне қаратты.

Осыны ескерген франциялықтар  бас­қалардан гөрі  Эммануэль Макронға үлкен үміт пен сенім артып, билік тізгі­нін қолына берді. Ендігі мәселе өзіне дауыс берген 20,7 млн. сайлаушының үмітін ақтап, француз елін алға басты­руда  болып отыр.

Өткен 8 мамырда  Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев Эммануэль Макронға жеделхат жолдап, оны  Француз Республикасының президенті болып сайлануымен шынайы көңілден құттықтады. Жеделхатта: «Франция хал­қы Сізге дауыс беру арқылы өзіңіз жариялаған, елдің қарқынды дамуына бағытталған өзгерістерді қолдайтынын көрсетті. Сіздің басшылығыңызбен Фран­ция өркендеу жолында жаңа та­маша табыстарға қол жеткізетініне кәміл сенемін», дегенді айтып, Франция көш­басшысының бастамаларына сәтті­лік, ал француз халқына бақ-береке тіледі.

«Ақшамның» анықтамасы

Эммануэль Жан-Мишель Фредерик Макрон 1977 жылғы 21 желтоқсанда Фран­цияның солтүстігіндегі Амьенеде дәрігерлер отбасында дүниеге  келген. Әкесі Жан Мишель неврология  профессоры да, шешесі Франсуаз Нуге  әлеуметтік сақтандыру жүйесінің дәрігер кеңесшісі. Білімі жөнінен кенде емес, атақты үш бірдей жоғары оқу орнын: Париж-Нантерді (философия магистрі),  Париждегі Саяси ғылымдар институтын және Страсбургтегі Ұлттық әкімшілік мектебін  (ENA) бітірген. 1999-2001 жж. француз философы Поль Рикердің көмекшісі болған. 2004-2008 жж. Экономика министрлігінде инспектор, 2007 жылдан Жак Атталидің басқаруындағы Францияның  дамуын жақсарту жөніндегі  комиссияда баяндамашының орынбасары, кейін  Rothschіld & Cіe Banque-де  инвестициялық банкир  болып жұмыс істеген.  Жас Эммануэльдің бойындағы ерекше қабілет пен талантын социалист Франсуа Миттеранның президенттігі тұсында оның кеңесшісі болған әйгілі экономист және саясаткер Жак Аттали танып, оған ақыл-кеңесін айтып,  барынша көмектесіп отырған. 2006-2009 жж. Социалистік партия қатарында болды. 2012-2014 жж. Олландтың президенттік әкімшілігінде Бас хатшының орынбасары қызметін атқарып, 2014 жылдың  тамызында экономика министрі қызметіне тағайындалды. Осында жүріп, «Экономикалық  өсу, белсенділік және мүмкіндіктер теңдігі туралы» заңының қабылдануына ықпал етіп, ол  «Макрон заңы» деп аталып кетті. 

Өткен 2016 жылдың сәуірінен бастап Макрон «біз оңшылдарға да солшылдарға да қосыл­маймыз!» деген ұранмен «Алға!» партиясын құрды. Ең бірінші рет ауқымды ауди­торияда қағазға қарамай екі сағаттай сөз сөйлеп, жиналғандарға: «Сіз Францияны жаңар­туға дайынсыз ба?» деген сауал тастады. Сол жылы 16 қарашада 2017 жылы болатын президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеп, өзінің бағдарламалық «Төңкеріс» кітабын жариялады. Бұл кітап жұртшылыққа тез тарап, көпшіліктің  қызығушылығын  тудырды.

Макрон көзқарасы жөнінен еуропашыл және  атлантшыл. Палестина мемлекетін мойындамайды. Терроршыларға қарсы аяусыз күрес жүргізу жағында. Нарықтық қатынасты, иммигрантарға кедергінің болмауын қолдайды. Оның ойынша  арнаулы қызмет, армия мен полицияны қаржыландыруды арттыру керек. Шетелдік инвестицияға қарсы, ЕО пен Канаданың сауда-саттығын өрістетуді мақұлдайды.

2007 жылы отыз жасында өзінен 24 жас үлкен, кезінде мектепте француз тілінен сабақ берген ұстазы Брижит Троньёге үйленген. Брижит ханымның бұрынғы күйеуінен үш баласы бар. Макронға  сайлаушылардың алдында мүдірмей  шешен сөйлеуге  осы зайыбы баулып, үйреткен. Бүгінде Б. Троньё Париждің элиталық  XVІ округінде иезуиттер колледжінде әдебиеттен дәріс береді.

Эммануэль өте ырымшыл, 13 санын жек көреді. Сондықтан оған мейілінше жоламауға тырысады.