СЕКСЕНДЕ ДЕ СЕРГЕКТІК ТАНЫТҚАН…

%d0%bf%d0%b0%d0%bd%d0%b7%d0%b0%d0%b1%d0%b5%d0%ba%d0%be%d0%b2

Рая ЕСКЕНДІР

«Әдемі қартая білу де өнер» екен. Бұл, сірә, біз білетін Көпбосын Панзабекұлы сынды қазынаға айналған қарттарымызға қаратып айтылса керек. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Көпбосын Пан­за­бекұлы осы жылдар ішінде қаламыздағы мектепке дейінгі мекемелерден бастап, мектеп, колледж, жоғары оқу орындарындағы жастардың бәрімен кездесіп, адамның мінез-құлқы, мәңгілік махаббат, бейбіт өмір туралы ой-толғамдарын ортаға салса, жем­қорлықты да сойып салып, жастарды осы дерттен қорғап қалуға жанын салатыны көрініп тұрады.

Ақын, аудармашы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Көпбосын Панзабекұлының мерей­тойына арналып Жазушылар одағының кітапха­насында өткен кездесуге қатысып, биік парасат иесінің биік ұстанымына тағы да куә боп қайтқа­нымыз да күні кеше. Басқарма төрағасының құттық­тау хатын оқып, иығына шапан жапқан Маралтай Ыбыраев ақын ағасы Көпбосын Панзабекұлының адамгершілігі туралы жан-жақты етіп айтып, аудар­малары мен зерттеулері туралы да тың мәліметтерді жария еткен еді.

Кезінде Көпбосын Панзабекұлы комсомол, партия және кеңес органдарында табысты қызмет етіп, әр жылдары «Русский язык в казахской школе», «Білім – Образование», «Кәсіпқой Қазақстан  – Провессионал Казахстан», «Жас Түркістан» журналдарына басшылық жасаған еді.

Ақынның немересі Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Айтуар Көпбосынов оқу үрдісінде, күнделікті үй тұрмысында атасынан қандай тағлым алып жүргенін айтып, әлі де ол кісіден өмір сабағын ала беретініне сенімді.

Ақынның «Ұлы Жеңіс мұрагеріне» деген өлеңінде:

…Тыңда, жастар, зейін қойып,

Сендерге бар айтарым:

Аға ұрпақтың ерлігіне

Болу керек қайтарым.

Ерлік керек, жүрек керек

Күнделікті еңбекте.

Табандылық, шыдам керек

Қиындықты жеңбекке.

Өйткені, сен, жас өркенім,

Ұлы жеңіс мұрагері.

Ел қорғайтын өзің барда

Гүлденеді туған жерің, – дейді.

Осылайша төңірегін түгел жырға арқау еткен Көпбосын Панзабекұлының бұл біз білетін бір қыры ғана. Ақынның бұдан басқа да журналдар мен альманахтарда, газеттерде жарияланған әртүрлі өзекті тақырыптарға жазылған жырлары қанша­ма?! Бұлар қазақ және орыс тілдерінде жазылған төл туындылары.

Орыс тілінен аударылған шығыстың ұлы шайырлары Рудакидің, Фирдоусидің және Низами­дің, сондай-ақ, грузин классигі Шота Руставелидің, авардың ұлы ақыны Расул Гамзатовтың, орыс ақындары А.Пушкиннен бастап, К.Симоновтың, М.Танктің, С.Васильевтің жырлары бар.

Сонымен қатар, Көпбосын Панзабекұлының орыс мектептерінде оқылатын әртүрлі пәндер оқулықтарын және оқу құралдарын қазақ тілінен аударылғанын да айта кетуіміз керек.