ЕЛДІ ОЙЛАЙТЫН ЕРЛЕРІМІЗ БАРШЫЛЫҚ

img_6162

«Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалына қарайтын «KEGOC» АҚ-ның бастауыш ұйымындағы партия мүшелері қайырымдылықпен де, ізігілікті істермен де айналысып, қала тұрғындарының жағдайларына қарайласып келеді. Дәлірек айтқанда, ұйымдастырушылық, идеологиялық жұмыстармен қатар, мемлекеттік тілді дамыту, әлеуметтік жауапкершілік, түрлі мәдени іс-шаралар мен салауатты өмір салтын насихаттау мәселелеріне де ерекше көңіл бөліп отыр. Осындай істерді қолға алған «KEGOC»  компаниясындағы «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының төрағасы Әсембек Қалдыбеков  Ақылбекұлы партия ісіне, туған халқына, Отанына жан-тәнімен берілген ерекше азаматтың бірі. Қазақтың киелі жері – Бақанас жерінде 1967 жылы дүниеге келіп, қаршадайынан өнер, білімге әуес болып өсті. Қасиетті Бақанас жерінде Оспанқожа Мүсірәліұлы, Дінмұхаммед Қонаев, т.б. елге кеңінен белгілі тұлғалар дүниеге келген.     

ХХ ғасырдың басында Бақанас өңірінде Оспанқожа Мүсірәліұлынан асқан білімді, сөзге шешен адам кемде-кем екен. «Оспанқожа айтушы еді», «Оспанқожадан қалған» деген өлеңдер мен нақыл сөздер күні бүгінге дейін ел есінде сақталыпты:

«Тар пейілдің түбінде тас болады,

Зерделі адам жас болса да бас болады.

Билік тисе қолына ақымақтың,

Атағын көтере алмай мас болады…»,

деген тәрізді сан-алуан нақыл сөздері мен өлең шумақтары ауыздан-ауызға та­раған. Оспанқожа шешен әйгілі меценат Өмірзақ Сәрсеновтің арғы атасы болып келеді.

Бақанастың топырағында аунап-қунап өскен Әсембек математика, физика, химия, жаратылыстану ғылымдары десе, ішкен асын жерге қоятын. Білім-ғылым өз алдына, спорт пен қоғамдық мәселелерге келгенде де Әсембек Қалдыбекұлы ешкім­нен қалыспай, беріле атсалысатын. Әкесі Ақылбек пен анасы Дина балаларын қанат­тыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді.

Ана алдындағы парызды өтеу дегенді Әсембек терең білім алу, отбасын құру, немере-шөбере сүйдіру, елің, халқың үшін қызмет ету деп кең мағы­насында түсініп өсті. Осы ұстаным бойын­ша Әсекең әке-шешесін қадірлеп, қазақ­тың салт-дәстүрін сыйлап, тарих пен әде­биетті жетік оқып, жан-жақты болып өсті. Әсекең сөз ара­сында: «Бала болсақ та, аналарымызға қолы­мыздан келгенше көмек көрсетіп, бір-бірімізге сүйеніп, тату-тәтті өмір сүріп, жақсы оқу мен сапалы білім алуға тыры­сып, аналарымыздың ақ сүтін ақтауға бар күші­мізді салдық», – дейді. Мектептегі оқуын жақсы тәмәмдаған соң, 1984 жылы киелі қара шаңырақ — Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ политех­ни­калық универ­си­тетіне (қазіргі ҚазҰТУ)  оқуға түседі. Әрине, аты дүние жүзіне әйгілі білім мен ғылымның орда­сында атақты академиктер мен профес­сорлардан дәріс алу әр талап­кердің арманы болатын. Бұл арманына Әсекең толығымен қол жеткізді. Ол сегіз қырлы, бір сырлы  азамат ретінде өзінің қарым-қабілетін жан-жақты көрсете білді. Жоғары оқу орнында жүргенде, білімімен ерекше дараланып, осы ҚазҰТУ-де ғылыми қызметкер, одан кейін оқытушы болып қыз­мет атқарады. «KEGOC»  компаниясы­на қызметке келген соң, 2009 жылдан бері осында кәсіподақ төрағалығы мен  «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының төраға­сы қоғамдық қызметтерін де жақсы атқа­рып келеді.

Компания ұжымы өзінің майданға қа­тысқан және тылда еңбек еткен арда­гер­лерін ешқашан естен шығарып көрген емес. Қанды қырғын шайқаста жауды жеңген батырларға арнап дастархан жайып, кон­церттер ұйымдас­тырып, қаржы­лай көмек­тесіп, ардагерлер­дің көңілдерін көтереді. Адамзат тарихын­дағы ең сұрапыл соғысқа төтеп берген және жеңіске жеткен әкелері­міз бен атала­рымыздың өшпес ерлігі мен қаһармандығы біздің жүрегімізде мәңгі сақталады! Әрине, Ұлы Отан соғы­сының ардагерлері кез-келген марапатқа лайық.

Осылармен бірге, Әсембек Ақылбекұлы бастаған «Нұр Отан» партиясының мүше­лері жетімді жебеп, жесірді жылатпай, кө­мекке мұқтаж жандарға қолұшын созуды да әдетке айналдырған. Дана халқымыз сан ғасырдан бері «Адамның бақыты – балада» деп, баласының ержетіп, азамат болуына бар өмірін арнап, жиған-тергенін балаларының жолына, қолына берген. Кез-келген адам ұрпағы­ жалғасып, өсіп-өнуін тілейтіні белгілі.

Әсекеңнің бастамасымен «Нұр Отан» партиясының мүшелері балалар  үйіне қамқорлық танытып, қаражат пен азық-түлік, киім-кешек беріп, қарайласып тұра­ды. Тіпті,  олар ата-анасыз, туыстарының қара­уында қалған балаларға да қолұшын созып отыруды ұмытқан емес.

Қалалықтар ұмыта қоймаған болар, Алматыда алдыңғы жылы Қарғалы өзені тасып, айналасындағы біраз жерді су шайып кеткен болатын. Табиғи апаттың салдарынан Алматының Наурызбай және Алатау аудандары зардап шекті. Осы жағдайға орай да компания филиалын­дағы «Нұр Отан» партиясының мүшелері апаттан зардап шеккендерге әлеуметтік тұрғыдағы көмектерін аямады. Филиал қызметкерлері өз еркімен қаржыларын өткізіп, зардап шеккендерді азық түлік және сумен қамтамасыз етті.

Тағы бір айта кетуге болатын нәрсе, компаниядағы «Нұр Отан» партиясының өкілдері ұжым мүшелеріне қазақ тілін оқытып, мемлекеттік тілдің дамуына үлкен үлес қосуда.  Жыл сайын филиал қызмет­кер­лерінің арасында қазақ тілінен «Тілім – менің байлығым» атты жарыс өткізіліп тұрады.

2015 жылы компания филиалы қызмет­кер­лерінен Қазақстан халқы ассамблея­сының қоры үлкен көмек сұрады. Қазақ­стан Республикасы Президенті жанындағы бұл қор жыл сайын «Шын жүректен» атты қайырымдылық телемарафон акциясын өткізіп тұрады.  Ассамблеядағы қордың өтінішіне құлақ түріп, компанияның барша қызметкері өздерінің бір күндік жалақы­ларын 5 мүгедек баланың есебіне аударды.

Компания филиалы өз қоластындағы қызметкерлерінің денсаулығын ойлап, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жол­дауында айтылған  салауатты өмір салтын ұстанып, ұжым мүшелерінің ден­саулығын жақсарту үшін олардың спортпен айналы­суына да барлық жағдайды жасаған.

Осындай игілікті, ізгілікті істердің басында жүрген Әсембек Ақылбекұлы зайыбымен бірге Алғабек есімді ұл мен Назерке есімді қызына да жақсы тәрбие беріп келеді. Алғабек АТУ-дің 4-курсында оқыса, Назерке мектептің 11-сыныбында оқиды.

Айналасындағы жұртын жылы сөзімен демеп, ісімен де қайырымдылық шарала­рын атқаруға бастайтын ер азаматтар Алматыда баршылық.

«Жігітте де жігіт бар,

   Азаматы бір бөлек!

Жылқыда да жылқы бар,

Қазанаты бір бөлек!», –

дегендей, еліне қамқор бола алатын, туған елін, туған жерін ойлаған азаматтар аман болсын дегім келеді.

 

Дәурен МҰҚАНОВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.