АЛМАТЫЛЫҚ «АТЫМТАЙ» МУЗЫКА МЕКТЕБІНЕ СПОРТ КЕШЕНІН СЫЙЛАДЫ

 

img_8966

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қазіргі уақытта жер-жерде қызу қолдау тауып, көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. Мүйізі қара­ғайдай ғалымдар мен әр саланың басы-қасында жүрген мамандар мақалада тоғысқан бірнеше идеяның құндылығын қоғам арасына сіңіріп, елдің елегіне салуды жалғастыруда. Ал өзінің іскер­лігімен танылып үлгерген кәсіпкер­лердің еңбегі туралы әңгіме бөлек.

«Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қам­қорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек», – деген Елбасы іскер азаматтардың жұмысына дем қосқандай болды.

img_8941

Жақында Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатына спорт кешені сыйға тартылды. Мұндай жомарттыққа жергілікті кәсіпкер Ерболат Қасымов барып отыр. Спорт кешенінің салтанатты ашылуына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысып, оқушылар мен оқыту­шы­ларға құттықтау сөзін жеткізіп, іскер азаматтың жұмысына ақ жол тіледі.

Кәсіпкердің айтуынша, кез-келген адамның өміріне жанның тыныштығы мен тәннің тазалығы оң әсерін тигізбек. Сол себепті, мектеп-интернаттың шәкірттерін үнемі спортпен айналысып жүруге шақырды.

– Тәуелсіздік жылдары елдің эконо­микасы қарқынды дамып, қазақ­стандық ішкі бизнес те айтарлықтай нығайды. Соның арқасында бүгінгі күні қай-қайсымыздың нақтылы әлеуметтік, қоғамдық бастамаларды жүзеге асыратын мүмкіндігіміз де молайды.

 

img_8959

Осыған орай, біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жер» бағдарлама­сына қолдау білдіре отырып, музыка мектебіне жаңа спорт алаңын сыйлауды азаматтық борышымыз деп ұйғардық. Өйт­кені, ұлттың болашағы, ұлттың бол­мысы, ең алдымен, денсаулығы мықты жастардан қалыптасады. Оқу­шылар бұдан былай тек шығармашылық конкурстарда ғана  емес, спорттық додаларда да жеңіске жетсін, – деп тілек білдірді кәсіпкер Ерболат Қасымов.

Ал, музыка мектебінің директоры Оңдасын Абдуллаев осындай жағдай жасап жатқан кәсіпкерге алғысын жаудырып, күніне сағаттап саздың сиқы­рын үйренетін балаларға дене­шынықтырумен айналысудың маңызы жоғары, әрі спорттың берер пайдасы мол екенін айтты.

1948 жылы құрылған Күләш Бай­сейі­това атындағы музыкалық орта мектеп-интернатының оқу корпусы 480 шәкіртке арналған. Қазір онда 187 педагог дәріс берсе, мектеп жанындағы интернатта 110 оқушы бар екен.

img_8914

 

Жаңа спорт кешені еуропалық стандарт бойынша салынған. Яғни, онда футбол және баскетбол алаңдары бар. Ал, Австриядан жеткізілген арнайы төсеніш, озық дренажды жүйе, жарық көздері алмағайып ауа райына қара­мастан кез-келген уақытта спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны 29 млн. теңгеге бағаланған екен.

– Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәр­лік­пен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез-келген халықтың әншейін біріге салған қауымы емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі, – деп Елбасы айтқандай, Ерболат Қасы­мов сияқты атымтайлардың атқарған жұмысы қалталы азаматтарымызға ғана емес, кез-келген қазақстандық тұрғынға үлгі болуы керек. Өскелең ұрпақ туған жерге деген махаббатымен оның өсіп-өркендеуіне үлес қосу үшін алысқа аттанбай-ақ, өркен жайған ортасына жақсылық жасаса, жетіп жатыр.