АЛАМАН ЕМЕС, БАЛАГАН

Жуырда ФИФА Кеңесі өте маңызды шешім қабылдады: 2026 жылдан бастап әлем чемпионатына қазіргідей 32 емес, 48 (!) құрама қатысатын болды

%d0%b0%d0%bb%d0%b6%d0%b8%d1%80-82jpg

Сәкен СЫБАНБАЙ

«Футболға жасалған шабуыл»

Германия құрамасының бұрынғы капитаны Михаэль Баллак бұл шешімді «барып тұрған жауапсыздық!» деп атады. Даңқты аргенти­налық футболшы Освальдо Ардилес мұны тіпті «Футболға жасалған шабуыл» деп бағалай­тынын мәлімдеді. Дүниедегі №1 ойынның тағдырына бей-жай қарай алмайтын кез-келген адамның көкейіндегі ой осы екі тұжырымға сыйып тұр.

Бұрын әлемдік доп додасы – жер тарпып тұрған кіл жүйріктер ғана бас қосар элиталық бәйге еді. Жарты ғасырдай уақыт бойына (1930 — 1978) финалдық сынға, негізінен, ең үздік деген 16 команда қатысып келді. 1982 жылы қатысушылар саны бірден 8-ге көбейтіліп, 24-ке жетті. Соның өзін артық санап, ашу шақырғандар шықты. Алайда, Испанияда өткен сол додадағы Алжир, Камерун, Гондурас секілді жұртшылыққа бейтаныс командалар­дың топтан озып шықпаса да, ойлы ойын көр­сетуі реформаның бекер еместігін, футболдың әр аймақта да дами бастағанын байқатқан еді.

«24 кворумы» тағы үш турнирге ұласты (1986, 1990, 1994). Сөйтіп, бірте-бірте бұл – мундиаль үшін ең лайықты сан саналып, бекігендей еді.

Бірақ, 90-жылдар – футбол мен ақшаның «тіл табыса бастаған» кезеңі ғой. Доп додасына неғұрлым көп команда қатысса, соғұрлым көп матч ойналады, неғұрлым көп матч ойналса, соғұрлым көп ақша түседі (билет, телеқұқық, жарнама, т.б.), неғұрлым көп команда қаты­сып, көп матч ойналса, соғұрлым жанкүйер-туристер де көп келеді. Ал туристің көп келуі – тағы да қап-қап ақша! Осындай «қарапайым арифметиканы» шебер меңгерген ФИФА басшылығы «таңдаулы 24» деңгейін де көп сақтаған жоқ, 1998 жылы Франциядағы финал­дық турнирге 32 команда келді! Енді жанкүйер қауым әр топтағы ахуалға бұрынғыдай маңыз беріп, зер сала қызығудан қала бастады – 8 топтың қайсысына мойын бұрарсың, қайсы­сының қызығын қадағаларсың?! Енді әркім тек өз жүйрігінің жағдайына ғана мән беруге мәж­бүр боп, мундиаль – баяғы «біртұтас футбол фестивалі» сипатынан айрылды. Әлем чем­пионаты – нағыз мықтылардың күш сынасуы, шын жүйріктердің ғана бәйгесі емес, дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған әлем-жәлем тобыр­­­дың кім келіп, кім кетіп жатқанын ұғу қиын даңғаза жәрмеңкесіне айналды. Сөйтіп, француз жеріне Тунис, Оңтүстік Африка, Камерун, Ямайка, Сауд Арабиясы секілді коман­далардың келген-кеткені, сол ел жан­күйер­лері болмаса, басқа ешкімнің де есінде қалған жоқ.

%d1%80%d0%be%d1%81-%d1%8e%d0%ba-2014

Яғни, «жыл құсындай әбден сағындырып, төрт жылда бір-ақ рет келетін әлемдік доп додасы – «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шын саңлақтардың ғана сайысы болуы керек» деп білетін біздің ойымызша, 32-нің өзі көп еді. Осы «жәрмеңке» сипатында өткен кейінгі 5 чемпионат күмәніміздің бекер еместігін көр­сетті: 2002 жылғы Сенегал, 2010-дағы Гана, 2014-тегі Коста-Рика секілді сирек жарқ еткен сенсациялар болмаса, «дамушы аймақ» өкіл­дерінің көпшілігі мундиальдің сәнін кетіріп, ажарын айғыздаумен болды. Мәселен, неміс­терден 0:8 боп ұтылатын Сауд Арабиясы (2002), үш ойында бір гол да соға алмаған Қытай (2002), алаң ортасынан әрі асуға қорқатын Тринидад және Тобаго (2006), ойыншылары жасыл алаңда-ақ жанжалдасып, бір-бірінің жағасынан ала беретін Камерун (2014), «ақшамызды бермесеңдер, алаңға шықпаймыз» деп, жаттығудан бас тартатын Гана (2014) – біз көреміз деген қызық па еді? Әлде 2006 жылғы Того мен Анголаның Қазақстан чемпионаты ойын­дарынан айырғысыз азапты жандалба­сасын аңсап па еді жанкүйер жүрегі?

Оқырман «автор, сірә, еуропоцентризм дертіне шалдыққан біреу-ау» демесі үшін әлемдік футбол тойына Қарт құрлықтан барған «туристерді» де айта кетейін. Болгария-1998, Словения-2002, Ресей-2002, Сербия-2006, Словения-2010, Грекия-2010, Ресей-2014 секілді құрамалар кіл үздіктер жарқырауға тиіс мундиаль төрінде тайраңдауға тіпті де лайық емес-ті. Яғни, қазіргі форматтың өзінде басы артық нашар қатысушы қай конфедерациядан да табылады. Енді осы ала-құла 32 аз болғандай, оған тым болмаса 8 емес, бірден 16 команда қосылмақ! Того мен Тобагоның өзінен зәрезап боп отырғанда, ондайлардың тағы қаншауы «қанымызды ішпек» әлі?!

 

16 топ – 3 командадан

Жаңадан қосылатын 16 құраманың қан­шасы қай құрлықтан іріктелетіні әзірге нақты бекітілген жоқ. Шет ел басылымда­ры­ның қолына түскен мәлімет бойынша, олардың дені «дамушы аймақтардан» болатын секілді. Сол дерекке сүйенсек, 48-дің тек 16-сы ғана – Еуро­падан, 6-сы – Оңтүстік Америкадан бол­мақ. Есесіне, Солтүстік және Орталық Амери­каға (КОНКАКАФ) – таза 6 орын, Азияға – таза 8 орын ұсынылады (бұл екі аймақ тағы 1 орын­ды өзара сарапқа салады). Африкаға – 9 орын, Океанияға – 1 орын берілмек. Қалған 1 орын әлем чемпионатын ұйымдастырушы елге тиесілі.

Рас, Еуропадан 16 мықты қалайда шығады, оған 24 жүйрік қатысқан былтырғы Еуро-2016 куә. Оңтүстік Америкадан да 6 үздік табу қиын емес (мәселен, Бразилия, Аргентина, Уругвай, Чили, Эквадор, Колумбия). Ал АҚШ, Мексика, Коста-Рикадан басқа КОНКАКАФ бәйгеге кімді қоса алады? Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия және Ираннан өзге Азия­ның қандай мықтысы бар? (Осы төрттіктің өзі финалдық турнирлерде топтан ілуде бірі әупіріммен әрең шығады). Иордания, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Қатар ма? Өзбекстан ба? Африканың бес өкілінің өзі кезек-кезек мазақ­қа қап жүргенде, оларға тағы төртеуі қосылса, қызыққа, тіпті, кенеле түсетін шығармыз.

Демек, ала допты аялай білетін асқан шеберлер ғана ашып кіре алар қасиетті өнер ордасы енді кім көрінген есігінен теуіп ене беретін арзанқол клубқа айналады. Аламан емес, балаган болады.

ФИФА өзіне мүше құрамалардың төрттен бірін бір жерге топырлатып жинап алып, оларды, 8 топты көпсініп жүрген бізге әдейі ерегіскендей, 16 (!) топқа бөлмек. Яғни, үш-үштен. Шамамен Бельгия, Жаңа Зеландия, Ниге­рия немесе Италия, Алжир, Ямайка секілді топтарды күте беріңіз. Демек, нағыз әлем чемпионатын көргісі келген жанкүйер енді топтық кезең ойындарына көз қиығын да салмайды, плей-оффтан бастап бір-ақ қарайды деген сөз. Ол кезең 1/16 финалдан басталады, өйткені, жарысты әр топтағы үшеудің екеуі жал­ғастырады. Сонда ең нашар 16 қатысу­шыны анықтау үшін 48 ойын өткізілмек. Оған плей-оффтағы кездесулерді қоссақ, ұзын-ырға­сы 80 матч болмақ (қазір – 64). Бірақ, доп дода­сының өту мерзімі ұзаққа созылмайды, ары кеткенде 32 күнде бітеді. Чемпион қазір­гідей 7 ойын өткізеді (топта – екі матч, 1/16 финал, 1/8 финал, 1/4 финал, 1/2 финал, финал).

Топта төрт емес, үш-ақ команда болуы да керемет үйлесіп тұрған жоқ.

  1. Соңғы турға қатыспайтын команданың тағдыры басқа екі ұжымға тәуелді болады. Сосын олардың өзара келісіп ойнамасына кім кепіл? Рас, «топта итжығыс деген болмайды, нәтиже тең аяқталса, пенальти тебіледі» деген сөз бар. Сонда да ақырғы турға топтың барлық мүшесі қатысып, қатар бақ сынайтын қазіргі форматқа жетпейді.
  2. Командалардың тур арасындағы дема­лыстары да біркелкі емес. Мәселен, 1-турда ойна­майтын команда чемпионаттың тұсауы кесілгеннен 7-10 күннен кейін барып алаңға шы­­ғуы мүмкін. 2-турда демалатын құрама да кемінде бір апта құр жаттығады. 3-турда бос қалатын ұжым да, егер плей-офф кезеңіне шығу мәселесін шешіп алған болса, келесі ойы­нына дейін он шақты күн бекерге жатуға мәжбүр.
  3. Топтан шыға алмайтын команда небәрі 2-ақ ойын өткізеді. Сонда төрт жыл бойғы арман, мақсат, төккен тер сол қос матч үшін ғана ма? Қалтасына салмақ саларлық әжеп­тәуір ақшаға билет алып баратын жанкүйер­лер доп додасы өтетін елде бес-ақ күн жүріп қайт­пақ. Демек, ол елдің болмысын да танып үлгермейді, футбол тойының рухын да сезінбейді.

 

ФИФА-ға пайдалы шешім. Футболға ше?

48 құрама үшін 48 жаттығу базасы, сон­шама елден келетін туристерді жайғастыра­тын қаншама мейманхана керек. 80 ойынды өткізу үшін кемінде 10-12 стадион қажет. Мұның бәрі – қыруар қаражат. Сірә, бұдан былай әлем чем­пионаттарын АҚШ, Қытай, Германия секілді бақуатты да ірі елдер ғана өткізе ала­тын шығар. Басқалардың иегі қышымай-ақ қойса да болады.

ХХІ ғасыр – бизнес дәуірі. ФИФА-ны қазір тек баю ғана қызықтырады. Әлем чем­пионатына 48 команда қатысқаннан футболға пайда келмейді, пайданы тікелей телетара­тылым жасаушы компаниялар мен демеушілер көреді. Ал оларға өз өнімін өткізетін жаңа тұ­ты­нушы, игерілмей жатқан тың нарық қажет. ФИФА-ның бүгінгі басты стратегиясы да сол – «үшінші әлем» елдеріне сүйену, Азия, Аф­рика нарығын жаулау. Бұл саясатты Зепп Блат­тер бастаған. Мундиаль ұйымдастыруды Оң­түс­тік Африкаға, Ресейге, Қатарға беру – соның идеясы. 2022 жылғы мундиальді жазда 50 градус ыстық болатын елде өткізуге келісу, бү­кіл әлем шулаған соң барып, ол чемпионат­ты қараша-желтоқсанға ауыстыру, сол арқылы футбол дүниесінде әбден қалыптасқан тұрақты күнтізбені бұзу тек… ақшаның ғана қолынан келеді.

«Футбол – тек Еуропа мен Оңтүстік Америка ғана емес. Ол – ғаламдық құбылыс. Біз жаңа ғасырда жаңа тұрпатты чемпионат жасауымыз керек» дейді Блаттердің ізбасары, ФИФА президенті Джанни Инфантино. Жоғарыда біз атап өткен кемшіліктерді ол білмей­ді емес, біледі. Бірақ, көз жұма қарайды. Себебі, қазынаға құйылып жатқан ақша ағынын азайтқысы келмейді. Қатысушысы қарақұрым көбейген 1998 жылғы доп додасынан бері қарай бұл ұйымның тапқан табысы 11 есе артып отыр!

ӘЧ-1998 – 365 млн. доллар табыс

ӘЧ-2002 – 2,5 млрд.

ӘЧ-2006 – 3,2 млрд.

ӘЧ-2010 – 2,4 млрд.

ӘЧ-2014 – 4 млрд.

2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионаты шамамен 5,5 млрд. доллар кіріс әкеледі деп күтілуде.

Ал 48 команда қатысатын 2026 жылғы доп додасынан ФИФА 6,5 млрд.-тай пайда табатыны қазірдің өзінде есептеп қойылған. Ала доптың аламанынан бала-шағаның бала­ганын жасау – сол сапырған сары алтын ақша үшін ғана. Футболдың деңгейі не болады, жан­күйер жазғанның қалауы қандай – оларға бәрібір.

Ең өкініштісі – қатысушылар саны 48 болса да, Қазақстан құрамасының әлем чем­пио­натына бара алуының неғайбылдығы. Өйткені, біз мүшесі болып отырған УЕФА-дан тек 16 команда ғана іріктеледі. Біздің құрама болса, сонау 40-орындарда жүр. 16 түгілі, 24-тің өзін маңайлай алмайды. Жақын уақытта. Ал болашақта – көрерміз…