ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ ҚЫСҚЫ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕ НЕГЕ ҚЫЗЫҚПАДЫ?..

0-07313921ba7ac2c57ee32ba7a89

Құттыбек АЙМАХАН

Естеріңізде болса, «Алматы ақшамы» газетінің биылғы 25 наурыздағы №35 санында тұрақты оқырманымыз Назрахмет Қалидың «Қысқы спорт түрлері неге нашар насихатталады?» деген хаты жарияланған болатын. Онда автор елімізде қысқы спорт түрлері кенже қалғанын айта келіп, «Бізде тек шаңғы спортынан ғана аздаған даму болды. Ал, енді сноуборд, биатлон, кёрлинг, фристайл секілді спорт түрлерін бұрындары мүлдем білмеуші едік. Сондықтан да оларға қатысқан қазақ спортшыларының аты-жөндерін жете  біле бермейтінбіз. Оның үстіне, бұл туралы БАҚ-та да қысқы спорт түрлері көп айтылып-жазылмайтын еді» деп, толғақты мәселе көтерген болатын.

Соған орай, біз өзімізше зерттеу жасап көрдік. Соның нәтижесінде, Алматыда өткен биылғы Универсиадаға дейін шыны­мен де бірде-бір қазақ спортшысының қысқы спорт түрлерінен жүлделі орындар алмағанын аңғардық. Әрине, бұл ретте Қазақстан құрамасы қатысқан 1993 жылдан кейінгі 8 бірдей Дүниежүзілік Қысқы Универсиадаларға ұлты қазақ спортшылар барса, барған да шығар деп ойлаймыз. Бірақ, олардың барлығы да жақсы өнер көрсеткенімен, жүлделі орын­дар ала алмай, қалың көпшіліктің арасы­нан көпшілікке көрінбей қалғанын байқа­дық.

Жалпы, биылғы Алматы қаласында өткен 28-Қысқы Универсиаданы қоспа­ғанда, қазақстандық студенттер соған дейін 27-рет болып өткен Бүкіләлемдік Қысқы Универсиадалардың сегізіне ғана қатысыпты. Бұл ретте, ел Тәуелсіздігінен кейін Польшаның Закопане қаласында 1993 жылы өткен және өз алдына жеке ел болып қатысқан алғашқы Универсиадада қазақстандықтар арасынан тек шайбалы хоккейші жастарымыз ғана жүлделі биікке көтеріліп, екінші орынды иеленген екен. Ал сосын, 1995 жылы Испанияның Хака қала­сында өткен кезекті студенттік ойын­дарда Қазақстан құрамасы қысқы спорт­тың үш түрінен бірнеше жүлде алып, оның екеуі алтын медаль болғаны да есімізде.

Міне, осылай биылғы Алматыда өткен Қысқы Универсиаданы есепке алмағанда, бүкіләлемдік студенттік ойындарда қазақ­стандық жастар барлығы 43 медальды, соның ішінде 18 алтын, 13 күміс және 12 қола медальды ұтып алыпты. Олардың арасында өз кезегінде 2003 жылы – Италия­ның Тарвизио, 2005 – Австрияның Инсбурк, 2007 – Италияның Турин, 2011 – Түркияның Ерзурум, 2013 – Италияның Трентино, 2015 жылы Испанияның Грана­да қалаларында өткен студенттердің қысқы ойындарында Николай Чеботько, Светлана Малахова, Елена Коломина, Евгений Коше­вой, Оксана Яцкая, Андрей Кон­дрышев, Дарья Рыбалова, Татьяна Оси­пова, Алина Райкова және Анастасия Слонова секілді жас спортшыларымыз жасындай жарқыраған болатын.

Осы орайда, атап айтатынымыз, қазақ­стандық спортшылар қатысқан аталған  сегіз бірдей универсиадада, өкінішке қарай, бірде-бір қазақ ұлтының өкілі алтын мен күміс медальдарды айтпағанда, тіпті, қола жүлденің өзін иеленбеген екен. Бұл, әрине, мұның бәрі елімізде соған дейін қазақ жастары арасында қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылықтың мүлдем болмағанын байқатады.

Дегенмен, үстіміздегі жылы Алматыда өткен 28-Дүниежүзілік Қысқы Универ­сиадада  соған дейінгі үздік көрсеткіші үшінші орын болған қазақстандық спорт­шылар керемет өнер көрсетіп, 11 алтын, 5 күміс және 5 қола медальмен Универ­сиадалар тарихында алғаш рет жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Осы орайда, атап өтетіні,  қазақстандық  құрама сапын­да биылғы жылы қазақ спортшылары да көп болғаны белгілі. Солардың ішінде, фрис­тайлшы дуэт Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек, шаңғышы Олжас Климин алтыннан алқа тағынып, шорт-тректен Нұрберген Жұмағазиев пен Абзал Әжіғалиев секілді спортшыларымыз түрлі дәрежедегі басқа жүлделерді жеңіп алды.

Қорыта айтқанда, осылай соңғы өткен Азиада мен Универсиадада қазақ спорт­шыларының тәп-тәуір өнер көрсетуі – еліміздегі қазақ жастарының қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттырып, өздеріне тарта түскендей. Сондықтан да ендігі жерде қысқы спорт түрлерінен қазақ­тар арасында әлем, Олимпиада чемпион­дары көптеп шығып жатса, таңданбаңыздар дейміз!..