СҮМЕЛЕКТІҢ ДАМБАЛЫ МҰРАЖАЙДА ТҰР

%d0%b2%d0%b8%d1%86%d0%b8%d0%bd_1

Оны жұрт кеңес киносының салмақты сайқымазағы деп атайтын. Шынында солай, жұртты қыран-топан күлкіге көміп кетеді, өзі бір езу тартсайшы, жарықтық. Расында да, ол қандай күлдіргі, мазақ рөлдерді бейнелесе де, өзі өмірде өте сабырлы, ойлы, жұмбақ адам болды. Өзі жөнінде «Қамсыздықтан қорқамын, танымдылықтан қашып жүремін» дейді.

Кітапты көп оқиды. Философ. Барған жерде кітап дүкендерін аралап кетеді. Кітапханасында 80 мыңға жуық кітабы бар. Көгершін бағу хоббиі болған. Тіпті, кеңес өкіметінің кезінде йогамен айна­лысқан.

– Вицин фильмдерде маскүнемнің рөлін көп ойнады. Алайда, өзі аузына та­тып алмаған. Тіпті, маскүнемдікті теледи­дардан насихаттауға жан-тәнімен қарсы болған адам. Мәселен, сыра ішу жөнінде, – дейді артист жөнінде кітап жазған Федор Раззаков. – «Кавказ тұтқыны» фильміндегі қолына сыраны алып, аспанға қарайтын кейіпкер есіңізде ме? Сюжет бойынша, қалғандары тәрізді көпіріп тұрған сыраны ол да құшырлана жұтуы тиіс болатын. Бірақ, еліміздің танымал киномаскүнемі оны ішуден бас тартады. Бұл сәтті сыртынан байқап тұрған бір қыз бала «Мынау сыра емес қой, көпірмеген» дейді. Сол-ақ екен, ұсыныстар басталды. Нику­лин оған дәке салуды ұсынады. Қысқасы, Вицин сыраны ішуден бас тартады.

Сондай-ақ, Георгий Данелия «Желік­кен жігіттер» фильміндегі мына жағдайды былай еске алады.

Естеріңізде болса, түрмеден қашқан фильм кейіпкерлері сұйық бетонға толы цистернаға жасырынбай ма? Түсірілімге нан зауытынан кәдімгі нан суын алып келіп, оның түсін жасылмен бояған. Актерлер оған тез түсіп шығуы керек. Актерлердің бәрі тез түсіп шығады. Ал Вицин жоқ. Жуық арада шығатын түрі жоқ. Зәреміз кетті. Сөйтсек, оған біреу бөшкеге түсер кезде оның құрамында 23 өсімдік түрі бар және ол адамның жасын 15 жылға ұзартады деп соғыпты. Аңқау актер соған сеніп отыра берген.

6_854x461

Сондай-ақ, «Бальзаминовтің үйленуі» фильмінде атақты Нонна Мордюкованың «Не ішпейсің, не темекі тартпайсың, не әйелге бармайсың, сен еркек емессің, тірі өліксің» деп қатты әлек салғаны да бар. Алайда, 20 жастағы Бальзаминовтың бей­несін 50 жастағы Вициннің қалай жанды­рып ойнағаны көрермен есінде болар.

Алайда, осынау даңқты өнерпаздың тұрмыстық жағдайы да қиын болғанын біреу білсе, біреу білмес. Еш сұғанақтығы, жарамсақтығы жоқ актер өмір бойы отбасымен қуықтай бөлмеде тұрып келген.

Әріптестері оны ғажайып юморист, үлкен интеллектуал ретінде бағалайды. Ол Леонид Гайдайға күлкілі көріністер туралы көп ұсыныс айтатын. Мәселен «Кавказ тұтқынындағы» бірнеше көріністер Вицин­нің айтуымен түсірілген. Мәселен, Моргуновқа добалдай шприцпен укол салатын сәт, т.б.

В.Цукерман Вицинге үш актердің мұражайын құру жөніндегі идеясын айтқанда, Георгий Михайлович мынандай оқиғаны айтып беріпті.

– Кеше мен түрлі-түсті, жап-жаңа дам­балымды лақтырып тастағым келді. Оны мен бір қалаға тоқтағанда алып едім, өкі­нішке қарай, кіші болып шықты, – дейді актер.

– Оны маған беріңіз, – дейді мұра­жайдың болашақ директоры. – Мұны мұражайда сақтау керек.

Осылайша «Желіккен жігіттердегі» Сүмелек (Трус) рөліндегі Вициннің дамбалы мұражайдағы құнды жәдігерлер қатарынан орын алады.

 

А.ЫРЫС.