«ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ»

Рухани-адамгершілік  білім  беру  бағдарламасын колледждің   біртұтас педагогикалық  үдерісіне  интеграциялау

img_0843

Алмас РЫСБАЕВ

Қазіргі  ғаламдық жаңартулар мен заманауи өзгерістер шеңберіндегі білім берудің мақсаты – әлемдік сапа деңгейіндегі жаңа  иннова­циялық  білім кеңістігін құру және   жас ұрпақ­ты жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілікке  тәрбиелеу  болып  табылады. Осыған орай, еліміздің жас ұрпағына жасалған игілікті істің  түйіні ретінде  жаңа  бастама – С.А. Назарбаеваның авторлығымен  «Өзін-өзі тану»  рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы дүниеге келді.

Сара Алпысқызы Назарбаева  мұғалімдер­мен кездесуінде: «Жалпыадамзаттық құндылықтар туралы білімді қайта жаңғырту керек. Тек балаларға ғана емес, біздің бар­лығы­мызға, жалпы қоғамға рухани-адамгер­шілік бағыты қажет… Қайталап айтудан жалық­паймын, біздің барлық ауруларымыздың – тән және рухани аурулардың себебі – жанымызда: арам ниет, көкірекшілдік, көреалмаушылық, жалқаулық, тоқмейілдік. Әрқайсымыздың рухани-адамгершілігіміз шынайы жандан- байынша, адамзаттың сауығуы мүмкін емес екендігіне көзім жетті», – деген еді.

Еліміздің білім беру жүйесіне  «Өзін-өзі тану»   рухани- адамгершілік білім беру бағдарламасын енгізу бойынша жұмыстар 2013 жылдан жаңа сапада жалғасуда.  2014-2015 оқу жылынан бастап №1 Алматы қазақ мемле­кеттік гуманитарлық-педагогтік колледжіне «Өзін-өзі тану» рухани- адамгершілік  білім  беру  бағдарламасының  пилоттық білім беру ұйымы мәртебесі берілген.

Колледж директоры Ж.С.Жүнісәлиев: «Колледжіміз  қоғамның ең құнды капиталы – адамды қалыптастырушы мамандар даяр­лайтындықтан,  рухани- адамгершілік тәрбие­нің орны ерекше. Ал, колледж пилоттық білім беру ұйымы мәртебесін алған күннен бастап,  «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік  білім  беру  бағдарламасы»  білім беру жүйесінің өзегі болып отыр», – дейді.

Бұл үдерістің міндетті шарты –   жалпы­адамзаттық құндылықтарды  пән сабақтарына, сабақтан тыс іс-әрекеттерге, қосымша білім беруге, ата-аналармен жұмыстарға  енгізу арқылы олардың өзін-өзі тану пәнімен инте­грациясы жүзеге асырылуы тиіс. Бұл жерде, әрине, педагог ерекше рөл  атқарады. Біздің педагогтарға «Өзін-өзі тану» рухани-адам­гершілік  білім  беру  бағдарламасын қолда­на отырып, интеграциялау тәсілдерін қолдануда «Бөбек» орталығының  қызмет­керлері әдісте­мелік көмек беруде.

Өткен оқу жылында  колледж базасында  қаладағы барлық колледж өкілдері қатысқан «Педагогтың кәсіби қалыптасуындағы «Өзін-өзі тану»  рухани- адамгершілік   білім беру бағдарламасының мүмкіндіктері» тақырыбында әдістемелік семинар ұйымдастырылып,   бірнеше  ашық сабақтар өткізіліп, талданды.

Рухани-адамгершілік білім беруде колледждегі жаңаша іс-шаралардың бірі – «Дұрыс әрекет апталығы». Бұл апталық студенттердің жалпыадам­заттық құндылықтар туралы білімдерін терең­детіп, өздерінің бойындағы осы құндылықтарға тағы да бір назар аудару мақсатында ұйым­дастырылды. Жоспар бойынша әрбір күннің дәйек сөзіне сәйкес ұйымдастырылған түрлі іс-шараларда  студент­тердің   сөздері мен істерінде жауапкершілікті қалып­тастыру, адамгершілік мінез-құлық­тарын   орнықтыру, өзін-өзі қада­ға­лауға жат­тық­тыру жұмыстары жүргізілді.

Дұрыс әрекеттің іс әрекеттегі сүйіспен­шілік  екендігін  саналы түрде түсіндіру, өз іс-әрекеттеріне баға бере білуге дағдыландыру мақсатында күнделікті өмірдегі дұрыс  әрекет тәжірибесін топта талқылау жүргізді. Мысалы, қазіргі жастардың үлкендерге қоғамдық көліктерде орын бермейтіндігі, оларға  құрмет көрсетпейтіндігі, өз іс-әрекеттеріне жауапкер­шіліктерінің  аздығы туралы мәселелер талқы­ланады. Мұндай іс-шаралар студенттердің өз мінез-құлқы мен іс-әрекетіне сараптама жасап,  өзіндік бағдарын анықтай алу мүмкін­дігін дамытуға көп көмектеседі. Дәлірек айт­қанда, адалдық пен шыншылдық, кішіпейілдік, қоғам­дағы және өмірдегі қарапайымдылық пен сыпайы­лық, үлкенді сыйлау мен ибалық сияқ­ты қасиеттердің адамның адамгершілік келбе­тін ашатындығын түсіндіру. Осы апта­лықтың аясында әрбір топ студенттері  дұрыс әрекеттің көптеген үлгілерін іске асырып, соңғы күні оны бейнежазбасымен көпшіліктің назарына ұсынды.

«Өзін-өзі тану» пәнімен кез-келген оқу пәнін интеграциялау барысында сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер арқылы тәрбиелік мәні бар оқиғаны баяндау,  сезім тербететін мазмұнды ән салу, шығармашылық жұмыс, ойын және тағы басқаларының барлығы  терең  рухани-адамгершілік  мәнге ие болуы керек.

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік  білім­нің басқа пәндермен интеграциясы, ол, ең алдымен, білімді жаңдандыру, оның рухани-адамгершілік болмысын жарыққа шығару, ол – біртұтас білім, барлық пәндерді мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жинақтау және саналуандықтың біртұтасты­ғын көре білу.

2016 жылдың желтоқсан айында колледжде «Өзін-өзі тану»  рухани-адамгершілік  білім  беру»  бағдарламасын колледждің біртұтас педа­­гогикалық үдерісіне  интеграциялау»   та­қырыбында  студенттердің ғылыми  конферен­циясы өтті.

Студенттер баяндамаларының мазмұнында  арнайы, жалпы кәсіптік пәндерден сабақ­тардың  мысалдарын келтірді  және сабақтан тыс іс-әрекеттер,  қосымша  білім беру,  ата-аналармен ұйымдастырылған жұмыстарды  «Өзін-өзі тану»  рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасымен    интеграциялау нәти­желерін қамтыды. Мысалы, 3-курс студенті Райсова Гүлнұрдың «Балаға рухани-адамгер­шілік қасиеттерді қалыптастырудағы педагогтің рөлі», 2-курс студенті Бекболатова Айымның «Ыбырай Алтынсарин  шығармаларындағы рухани-адамгершілік  құндылықтар», 4-курс студенті  Сембекқызы Перизаттың «Ар-ұятты дұрыс әрекеттің темірқазығы етіп ұстауға үйрету», 3-курс студенті Сауранбай Гүлнұрдың  «Мектепке дейінгі жастағы балалардың ақыл-ой тәрбиесіндегі рухани құндылық негіздері» тақырыбындағы баяндамаларының тақырып­тары өте жақсы таңдалып алынып, мазмұны жақсы ашылған деген баға берілді.

Бастысы – пәнді оқыту емес, пәнді оқыту арқылы тұлғаны рухани- адамгершілік  тұрғы­дан дамыту. Болашақ ұстаз ретінде колледж студенттері өздері ғана дамып қоймай, кол­ледж­дегі интеграциялау негіздерін педагогика­лық тәжірибеде қолданып, болашақ ұрпақтың бойынан ізгілік қасиеттерін, бойындағы мәңгі­лік құндылықтарды дамыта отырып, қоғамға риясыз қызмет ету. Сондықтан, аталған бағдар­ламаны жүзеге асыруда колледждің  әрбір оқы­тушысына өз пәнінің тақырыбымен инте­грацияны меңгерту барысында студенттердің бойында адамгершілік нәрін сіңіріп, мінез — құлқын тәрбиелеуге, жалпыадамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды өмір бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыру міндеті қойылып отыр.

Қоғамдағы рухани-адамгершілік құнды­лықтарды тек білім арқылы ғана жаңғыр­туымыз керек. Әр адамның туа біткен адами қасиеттерін толық дамыта білсек, өз мемле­кетіміздің ғана емес, бүкіл жер бетіндегі  адам­дарға да пайдасын тигізеді.

Әр адамның жаны – әсем гүлдің ұрығы, бірақ, оның гүлдеуі адамның отбасында және мектебінде алған  тәрбиенің адамгершілік негізі мен  білімнің руханилығына байланысты.  Педагогтардың жалпы жауапты міндеті – қашанда жастарға  саналы білім беру, рухани бай азаматтарды тәрбиелеу болып қала береді.