ӨЗГЕРІС ӨЗЕККЕ ТҮССІН

%d0%b5%d1%80%d0%bc%d0%b5%d0%bd

Жүрсін ЕРМАН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы- термешілердің Халықаралық одағының басқарма төрағасы

Ресми  құжат жария болса, ол құжат­тың ішінде не бар, не жоғына үңіле қара­май-ақ,  қолды сілтей салатын қазақы сал­ғырттығымыз бар екені рас. Осы селқос­тығымыз, немқұрайдылығымыз таяуда ғана жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаға  да салқынын тигізбесе екен деп уайымдап жүрмін. Ел болсақ, еңсемізді өзгелерден биіктетсек дейтін қазақ баласы Елбасының осы бағдарламасын жан-тәнімен ұғынса екен, өзіне басшылыққа алса екен деген тілек осы мақаланы алғаш оқып шыққанда-ақ ойға орнығып алды. Неге десеңіз, Н.Ә.На­зарбаевтың осы мақаласында алға қойып отырған міндеттер – Мәңгілік ел болсақ екен деп биікке аңсары ауған ұлтымыздың ең түпкілікті мақсаттарын діттейді. Халық­тың тізесін тіктеу, рухын жаңғырту, сана­сын сілкінту үшін бұдан баянды, бұдан сындарлы бағдарлама болмас. Рухани болмысымыздың барлық жігін жіліктеп, соны өміршең үлгіге айнал­дырудың кешенді шараларын айқындап берген бағдарламаны дәл осы кезде халық болып қолға алма­сақ, уақыттың  ұтымды шағында уысы­мызға түсіп тұрған тарихи мүмкін­дікті пайдала­нып қалмасақ, елдігімізге де, әрқайсы­мызға да сын. Сол себепті де тарихи маңызы бар осы мақаланың әр бабын, әрбір идеясын кез-келген ел ада­мының жүрегіне жеткізе, сүйегінен өткізе ұғындыру, талдап түсіндіру — дәл бүгінгі ең басты шаруа деп білемін. Мақаланың «Қорытынды» бөлімінде «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарих­тың шаңына көміліп қала береді»  деген даналық сөз бар. Бұл — қатал қағида, қатал кесім. Бірақ, бүгін­гі заманның ақиқат тала­бы осы. Өзгер­генде, бүкіл жан дүниеңмен, өзегіңмен, мінез-қалпыңмен өзгеру керек. Өзгеру оңай емес. Хакім Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген  кісінің тілін кесер едім» демеп пе еді. Дәл қазір әр қазақтың түзелетін, өзгеретін шағы дер едік. «…Мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқара­лық сана­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарымызды ортаға салуды жөн көрдім» деп түпкі мақсаттарын жария еткен Елбасы­мыз осы түбегейлі өзгерістерге қол жеткізу­дің нақты қадамдарын соқырға таяқ ұстатқандай бажайлап, ақиқат шырағда­нын қолға ұстатқандай екен. Соның ең бастысы – ұлттық кодыңды сақтай білу десе, бұл ұрпақтан-ұрпаққа, үзілмей келе жатқан  тектілігімізге табыну, намысы­мызды ояту, ұлттық қадір-қасиет­терімізге қозғау салу. Осы тұста бір сілкін­бесек, бір серпілмесек, санатта бар-жоғың­нан не пайда?!

%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%82%d0%b0%d1%83

Жаһанданудың жұмырында жұтылып кетпейміз десек, өзгелермен тереземіз тең болсын десек, бәсекеге қабілетті адамдар­дан тұратын бәсекеге қабілетті ұлт болуы­мыз керек екен. Бір қарағанда, қарапайым ғана болып көрінетін қағидалардың аржа­ғында қаншама терең астар жатыр десеңші! Соның бәрі «бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деген ұлы идеяға саяды. Халықтың дәстүрлі өнерін жаңғырту жолында барлық ғұмырымды сарп еткен мен үшін бұдан қастерлі, бұдан құдыретті, бұдан қуатты ой жоқ. Алла сәтін сала көрсін деп тілеп отырмын.

Айымыз оңынан туғаны осы. Сөзді қасиет тұтқан дегдар бабалардың ұрпағы едік. Сол дәстүрімізден жаңылмай, өнердің асылы – өлең сөздің жәрмеңкесін жандан­дырып, алмас өнеріміз – ақындар айтысын түлеткенімізге қырық жылдың жүзі болған екен. Қанымызда бар қасиетіміз құрдымға кетпеді, жоғалмады. Ұлттық кодымыздың бір нысаны ретінде қайта оянды. Кемел­денді. Халықтың рухын көтеріп, еңсесін биіктетіп, Тәуелсіздікке деген тілегіміздің жаршысы болды. Енді сол тәуелсіз елге қалт­қысыз қызмет етуде. Барын бағалап, жоғын түген­деген өлең сөз  ұлттың басын бірік­тіруші ұлы өнер ретінде заман тала­бына жауап беруде. Халықтың қайнарынан бұрқылдап шыққан бұлақ көздеріндей жаңа, жас таланттардың жалынды сөздері соның айғағы.  Бір ғажабы, осы қасиетті өнерді қолдаушылардың алдыңғы легінде мың жасаған шаhарымыз­дың басшылары келе жатқаны. Аламан айтыстардың орда­сына айналған Алматы­ның ақындарға пана болуы – бұған дәлел. Дүбірлі дода­лар­дың ең іргелісі —  «Алтын домбыраның» қала­мызда қоныс тебуі тіліміз үшін, діліміз үшін, салт-дәстүріміз үшін тақымын қыса­тын қан­дастарымызға олжа болып отыр емес пе.

Ұлт өнерінің үлкен жанашыры Бауыр­жан Байбектің бастамасымен Алматыда ашылған «Алатау» дәстүрлі өнер театры  қазір алматылықтардың асыға баратын ордасына айналса, соның төркінінде ұлт өнеріне деген інкәрлік пен құмарлық жатыр. Осы театрға дәстүрлі өнер маман­дары, әншілер мен күйшілер қызметке қабыл­данса, солардың қатарында ақындар айтысының жеті саңлағы жұмыс істеп, ұлт өнерін насихаттауға кірісіп жатыр. Қазірдің өзінде «Текті сөздің төресі – терме» атты республикалық конкурсты абыроймен өткіздік. («Қазақстан» ұлттық арнасынан 23 сәуір күні көрсетіледі). Таяу уақытта Серік Қалиев, Ринат Зайытов, Бақыт Жағыпаров секілді белгілі айтыскерлердің шығармашы­лық кешін өткізуге қам жасап жатырмыз. Бұл бағыттағы шаралардың аясы кеңейтіле түсетіні анық. «Алатау» дәстүрлі өнер театры ұлттық өнеріміздің ақ ордасы ретінде өзге қалаларға үлгі болса дейміз.

Елбасының тарихи мақаласында белгі­ленген өзге де жаңғырту шаралары ұлтым деп еміренетін әрбір азаматтың ішін жылы­тып отырғаны рас. Әсіресе, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыс­тарын қос қолдап қолдауымыз керек. Мемлекетіміздің тәжірибесінде бұрын да болған бұл әліпби біздің өркениет көшіне ілесуіміздің алғышарты болатыны күмән­сіз. Сексен жыл серігіміз болған кирил­лицаға бауыр басып қалған кейбір кертарт­палар орыс мәдениетінен көз жазып қаламыз деп уайымдайтын көрінеді. Бос әңгіме. Пушкиннің, Толстой мен Турге­невтің, Достоевский мен Чеховтың мәңгі­лік мұрасы әлем руханияты үшін қанша­лықты қазына болса, бізге де соншалықты етене. Қабылдамаймын, керексінбеймін деген кісіге қашан да сылтау табылғыш. Ең бастысы, әлемге ортақ игілікке жүрегіміз ашық болмақ керек. Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасы да ешкімді енжар қалдырмайды. Кіндік қанымыз тамған жердің тарихын тереңдете зерделеу, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне атсалысу арқылы біздің әрқайсымыз бабалар алдындағы парызымызды өтеуге үлес қосамыз, ол істің ғанибеті бөлек болмақ. Сондай-ақ, жалпы ұлттық қасиетті орындар ұғымын орнықтырудың да мағынасы терең. Қазақта иесіз жатқан жерлер бар болғанымен, киесіз жер жоқ. Соның бәрін түгендеп, қастерлеп, жаңа, жас ұрпақты туған өлкені сүюге, құрметтеуге баулудан асқан парыз бола ма!

Мақалада белгіленген өзге де өзекті шаралардың маңызын асыра бағалау қиын. Қазір осы бағдарламаға қолдау көрсетіп, үн қосып жатқан ұлт зиялыларының бәрімен бірге екенімді сезіну мені де ел ертеңі, ұлт болашағы үшін алаңдайтын азаматтардың қатарына жетелейді. Бір тудың астында табылып, Мәңгілік ел болу мұраттары жолында біріге білсек, өзгере білсек,  алынбас қамалға айналамыз.