ӘКЕМНІҢ СОҢҒЫ АМАНАТЫ

немесе Мырзатайға арналған өлеңі туралы

13-%d0%b1%d0%b5%d1%82-%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd-%d1%85%d0%b0%d1%82

Әкем туралы, яғни, халық ақыны, сазгер, әнші Кенен Әзір­баев жайында көп айтылып та, жазылып та жүр. Алайда, Кенен мұрасын зерттеуде, оның сан қырлы ақын­дық жолын жарқырата көрсетуде Мырзатай Жолдас­бековтің орны ерекше.

Жамбылдың ақындық ортасын ашу үшін Жетісу ақындарының өнерінен мәліметтер жинап жүргендігін айтып, атамды арнайы іздеп келген сонау 1964 жылдардан бастап Кенен мен Мырзатай үнемі шығармашылық бай­ланыста болды. Ол ақын еңбектерінің баспасөз беттерінде жариялануына қамқорлық жасады. 75, 80, 90, 100, 125 жылдық мерейтойларында да аянбай еңбек етті. Атам туралы өзі де көп жазды. Үйге келгенде үнемі аз сөйлеп, көп тыңдайтын. Тыңдаушысы келіскен атам да небір жайларды ағытушы еді-ау!

Мырзатай атамды ғана емес, бәрімізді баурап алды. Оны атам баласындай, біз бауырымыздай сезінетін едік. Сондай шақтарда апам атама: «Бұл өңірде жүрмеген жерің жоқ, Мырзатай сенің өз беліңнен шыққан балаң болып жүрмесін» деп әзілдейтін.

Бірде Мырзатай менен: «Осы Кенекемнің күйта­бақ­қа түсірілген даусы бар ма екен?» деп сұрады. «Ертеректе 2-3 әні жазылған бір күйтабағы бар еді, оның өзі де сынып қалыпты» дедім. Сонда ол өкініш білдіріп: «Кеш те болса міндетті түрде даусын жаздыру керек» деген еді. Көп кешіктірмей атамның қалаға келгенін пайдаланып, біз, Мырзатай, Тасыған – үшеуміз оны дереу опера және балет театрына алып келдік. Сол жерде түн ортасына дейін Кенен ақынның өз орындауында 20 шақты әнді жаздырдық. Тер­моспен шай апарып, ауық-ауық құйып беріп отырғанымыз да есімде. Әр әнді жазған соң қалай болды екен деп тыңдаймыз. Басында бәрі жақсы сияқтанды. Бірақ, күйтабақ ойнаған сәтте бір нәрсе тық-тық етеді. «Бұл не?» деп бәріміздің басымыз қатты. Жазып отырған жігітте тіпті жан қалмады. Себебі, барлық жағдайы жасалған тып-тыныш бөлме, қосымша дыбыс жазылатын ешнәрсе жоқ дегендей…  Сөйтсек, атам    әнді айта отырып, ырғаққа ілесіп бір аяғымен жерді теуіп отырған екен. Біз жан-жағынан «Ататай, аяғыңызды қозғамай отырып айтыңыз» деп шу-шу етеміз. Үйреніп кеткен әдет қойсын ба? Әннің әсерінен ескертуімізді әлсін-әлсін ұмытып кете береді. Тіпті, сол кезде аяғын ұстап отырмақ та болдық. Көнбейтін.

Шаршап, шөлдеген тұста тамағын жібітіп отырып: «Кенеке» десе, айта беріппін, айта беріппін. Ешкім жазып алмапты. Жас күнімде даусым тік шырқау, биік еді, жеткізем деген жеріме жеткізуші едім. Әсіресе, Жалайыр Сүндетбай болыстың жиынында Кененді көреміз, әнін тыңдаймыз деген ел-жұрт алты, сегіз, он екі қанатты қазақ үйлерге сыймай, ақыры мені төбеге шығарып айтқызған еді. Қайран сондағы үнім-ай! Енді, міне, кәрі түйедей бақыл­даған даусым қалғанда әуреге түсіп жүргенім. Даусымның қуаты барда жазылмай қалғаны өкінішті-ақ» деп, өткен күндерін сағынышпен еске алатын.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы да» деп ара-арасында сөйлеп те қояды. Әйтеуір, іс қылып, әрең дегенде біраз ән жазылды. Қазір ел қолында жүрген, сыр­тында ақ сақалы желбіреген суреті бар, көркем безен­дірілген күйтабақтағы үні атамның сол күні жазып алын­ған, сексендегі дауысы екендігін біреу білсе, біреу білмейді.

Атам қартайған шағында біреудің айтқанына оңайшы­лықпен көнбейтін, тек Мырзатайды тыңдайтын, соның ғана айтқанына иланатын еді. Бұл туралы атамның өзі: «Жамбыл мені қасынан тастамайтын.  «Мен Кененнің үні­нен басқаны ұқпаймын» деуші еді жарықтық. Сол айтқан­дай, мен де осы Мырзатайдан басқаны тыңдамай барамын. Өйткені, оның ойы терең, пікірі нақты, сөздері қоспасы жоқ саф алтындай таза, түсінікті» деп  мақтап отыратын.

Бір күні Алматыдан бір топ теледидар қызметкерлері арнайы келіп, атамды киноға түсірмек болды. Әкемнің 90 жылдық тойына орай кезекті бір хабар даярлау қажет болса керек. Атам: «Ешқандай киноларыңа да, теледидарларыңа да түсуге шамам жоқ, баяғыдан бері қайда   жүрсіңдер?» деп қатты ашуланды. Біз болсақ, сонша жерден әуре болып келгенде ұят болды-ау деп жатырмыз. Ақыры келген қонақ­тардың құр қол қайтуына тура келді. Біз оларға: «Енді Мырзатай Жолдасбековті алып келіңіздер» дедік. Бір айдан кейін олар Мырзатайды өздерімен бірге ала келді. Оны көрген соң атам: «Шырақтарым-ай, қартайғанда қай түрімді көрсетейін деп едіңдер? Қазір менде не сән бар, не ән бар? Босқа әуре болдыңдар ғой» деп ертеректе дұрыстап түсіріп алмағандарына өкпе-назын айта отырып, келісім берген-ді. Басы қалтылдап, қол-аяғы дірілдеп, жан-жағы­нан түсірілген жарыққа көзі, ыстыққа жүрегі шыдамай, қатты қиналса да, төзді. Сол жолы да барды бағалай білмейтініміздің куәсі болдық. Әрі ұялып, әрі атама жанымыз ашыды. Мырзатай бұдан былай атамды қинамайтындай болды ғой деймін, қатты қысылды.

Алайда, Жамбыл бабамыздың 125 жылдығы тойланар кезде Мырзатай, Тасыған, Бақытжан, Манан аға – төртеуі қайткенде де атамды осы тойға алып келуіміз керек деп Алматыдан Қордайға жолға шықты. Амандық-саулық сұрасып, біраз демалған соң Мырзатай:

– Кенеке, естіп жатқан боларсыз, арғы күні Алматыда Жәкеңнің тойы болады, соған шақырып келіп отырмыз. Бүгін салқын түсе жүруіміз керек, ертең тынығып, арғы күні жиынға қатысамыз. Сізді алып кел деп мені жіберді, – деді.

Атам үндемей сәл отырды да: «Тойларың құтты болсын! Алматыдағылар мені баяғыдай, айтсақ болды, дереу шауып келеді дейді-ау, ә? Бүгінде қарға адым жер басу мұң, жолға жүрегім шыдамас, бара алмаймын, шырақтарым!» деді. Бұл жолы тойға шақырушыларға анам Нәсиха көмектесіп жіберді: «Немене, жолда өліп қаламын деп қорқып отырсың ба? Өлсең, «атам-ай!» деп жылап, балаларың алып келеді. Жәкеңнің тойына бармағаның ұят емес пе? Балалардың   сағын   сындырмай   жолға   дайындал» деді.

«Сол жолы Кенекем Ленин атындағы сарайда той президиумының алдыңғы қатарында Д.А.Қонаевтың қасында отырды. Артында екінші қатарда «атқосшысы» – мен отырдым. Бұл жолы да Кенен атам жай келген жоқ, ұстазының тойына әйгілі «Жамбыл жырын» тарту етті» деп еске алады Мырзатай.

1961 жылдың жазында атам ҚазМУ-ге келеді. Оны естіген университет ректоры, ұстаздар келіп сәлем берген екен. Ішінде Мырзатай да бар. Әкем қолына домбырасын алып: «60-тан асқанда ұлды болып, 80-ге жақындағанда оны оқуға әкелген мен сияқты қазақтың қарттары көп пе?» деп әзілдей келе, нағашысының қолында өскен, соларға бала болып кеткен Қабылтаев Бақытжан деген ұлын табыс­таған еді. Оны университет ректоры Мырзатайға тапсырып тұрып: «Кенеке, қам жемеңіз, тілегіңіз орындалады» деп құрмет, қошеметпен шығарып салған. Кейін сол Бақытжан әдебиеттен емтихан тапсырғанда жап-жақсы жауап берсе де, қанағаттанарлық деген баға алады. Мен де сол күні жүрегім бір нәрсені сезгендей жанымды қоярға жер таппай, мазам кетіп, «Бақытжан не болды екен?» деп, университетке келдім. Ішіне кіре алмай жалтақтап тұр едім, інім құп-қу болып шығып келе жатыр екен.

–       Не болды, Бақытжан? – деп құшақтай алдым.

– Құрысын, оқымаймын. Үш деген бағамен адам университетке түсуші ме еді? Сондай жақсы жауап бердім. Билеттегі сұрақтар да жеңіл болды. Білмеймін, емтихан алып отырған ұстаздар – екі әйел, бір ер адам сыбырласып-сыбырласып, үш қойды да жіберді, – деп ашуланып жүріп кетті.

Іле-шала мен амалын тауып, ішке кірдім. Не істерімді білмей, емтихан жүріп жатқан 11-аудиторияның есігін аштым да, қайта жаба салғаным сол еді, ішінен бір кісі шықты да (оның Құсайын деген ұстаз екенін кейін білдім), «Сіз бе есік ашқан? Емтихан жүріп жатыр, болмайды ғой» деді.

– Мен Кенен Әзірбаевтың қызы едім. Сізбен бір минутқа сөйлесуге бола ма? – дедім.

Ол ойланып біраз тұрды да:

– Менің соңымнан еріңіз, – деді.

Не керек, институттың ең астыңғы қабатына түстік. Мен Кененнің баласы Бақытжанның үш алғанын айта бергенімде:

– Қойыңыз, өз қолыммен Кененбаевқа бес қойдым, – деп болмады. Мен оның Кененбаев емес, Қабылтаев Бақытжан екенін айтқанда ғана қателескенін біліп:

– Емтихан біткенше кетпеңіз, – деді де, жүгіріп кетті.

Сырттай қарап отырдым, Құсайыннан маза кетті. Бір кіреді, бір шығады. Емтихан біткен соң мені шақырып алып:

– Сізге көп рахмет! Сіз айтпасаңыз, келмесеңіз, осылай болып кететін еді. Бұл өзі бір күлкілі іс болды. Ырым Кенен­баев деген баламен шатастырыппыз. Абырой бол­ғанда, Мырзатай да, басқалары да осында екен. Үлгердім, бауы­рыңыз тынышталсын, келесі сабаққа даярлансын, – деді.

Мен алғыс айтып, шығып кеттім. Кейін Ы.Кененбаев та, Б.Қабылтаев та оқуға түсті. Екеуі де жақсы оқыды. Екеуі де бұл күнде танымал журналистер, жазушылар, достар. Осы кезде басымыз қосылса болды, өткендегі осы әңгімені еске алып күлеміз.

1974 жылы атамның 90 жылдық тойы өтті. Осы тойдан кейін-ақ әкем жиі-жиі ауырып, нашарлай берді. Сол жылдары Мырзатай қызмет бабымен Талдықорғанға ауысып, біраз уақыт келмей кетті. Күте-күте сағынған науқас атам мына өлеңді маған жаздыртып, қолына тапсыруымды аманат етті.

 

МЫРЗАТАЙҒА

 

Сағынып сәлем жаздым Мырзатайға,

Жігітсің сөзге шешен, тілің майда.

Қормалы, қорғаушы боп ақындарға,

Маған да көп еңбек қып тиді пайдаң.

Өз жүзін көрсеткендей, өз келбетін

Жігітсің алтын сөзді, асыл айна.

«Түтпейді түбі бірге» деген халық,

Таныттың өнерімді көп жамайға.

Отырмын нардай шөгіп бір орында,

Тағдыр мен кәрілікке бар ма айла?!

Тілектес аман-есен жүргеніңе

Отырған Кенен атаң терең ойда.

Бұл өлеңді 1976 жылдың наурыз айында жаздыртқан. Мен оны Мырзатайға жеткізгенше сол жылдың 12 сәуір күні атам қайтыс болды. Мырзатай да көппен бірге «аталап» келіп, орны толмас   қазаны бірге бөлісті.

Әкем өліп, есеңгіреп жүріп, әлгі «Мырзатайға» деген атамның өлеңін қайда қойғанымды білмей, көп іздедім. Таба алмай әлек болдым. Сөйтсем, жолдасым Тасыған: «Мырзатайға өзім беремін» деп қалтасына салып алыпты да, берудің ыңғайын таппаған ба білмедім, кейін өзіме қайтарды. «Әкемнің соңғы аманаты еді, бұл не қылғаның?» деп оған біраз ренжіп те жүрдім. Ақыры не керек, Мырзатай докторлығын қорғаған тойында әнімен орындап, өзіне тапсырдым. Ол сонда «Баяғыдан бері неге бермей жүрсің?» деп көзіне жас алып тұрып, рахмет айтқаны әлі есімде. Бұл өлеңді біраз әншілерге де үйреткенмін. Бұл күнде олар «Мырзатайға» деген Кененнің әнін сахнада орындап та жүр. Тыңдап отырып, әкемнің соңғы аманатын кеш те болса, Мырзатайдың өз қолына тапсырғаныма, сол өлеңді Кененнің толық жинағына енгізгеніме қуанып, өзіме риза боламын. Өйткені, бұл әкемнің маған тапсырған соңғы аманаты еді.

Әкемнің тірі кезіндегі шығармашылық байланыстары әлі де Кенен ұрпақтарымен жарасымды жалғасып келеді. Атамның қолынан ет асап, дәмдес-тұздас болып, талай-талай күндер мен түндерді бірге өткізіп, атасының қажы­маған, жасымаған, шөкпеген, кетілмеген асылдығына, сергектігіне ғашық болған, қарлықпаған күміс көмейіне тәнті болған Мырзатай жай ғана тыңдап, таңданып жүрмепті, ақынның аузынан шыққанның бәрін жазып алыпты, ұғып алыпты, жинап-теріп, ұқыпты сақтапты. Енді, міне, соларды «Атамыз былай деген», «Кенекем айт­қан» деп жазып та, айтып та, оның артында қалған тамаша мұрасын өшпестей етіп халыққа ұсынып жүр. Тірлігінде атасының ақ батасын алған М.Жолдасбеков К.Әзірбаев туралы «Асыл арналар», «Тоқсан толғау» атты деректі ғұмыр­намалық кітаптарын да шығарды. Жекелеген мақала­лары қаншама?! Біз, К.Әзірбаевтар әулеті, оның ұрпақтары, Мырзатайға дән ризамыз. Оны біз бірге туған бауырымыздай санаймыз, сыйлаймыз, құрметтейміз, мақтанамыз. Әлі де халық игілігі үшін аянбай қызмет етіп, қажымай-талмай, шаршамай-шалдықпай, қарттыққа берілмей, ортамызда жайнап жүре беруін Алла ұзағынан нәсіп етуін   тілейміз.

 

Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ,

ҚР мәдениет қайраткері,

ұстаз.