ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ ТАЛ ОТЫРҒЫЗДЫ

%d0%b0%d2%93%d0%b0%d1%88-%d0%be%d1%82%d1%8b%d1%80%d2%93%d1%8b%d0%b7%d1%83

Республикалық «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының ұйымдас­тыруымен «Жасқанат» ықшамауданындағы №198 жалпы білім беретін мектеп аума­ғында жас көшеттер отырғызылды. «Бәй­терек» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған көгалдандыру-көріктендіру іс-шарасына елімізге белгілі тұлғалар арнайы келіп атсалысты.

Бұл күні есімі әлемге танымал Олжас Сүлейменовтің өзі бастап, қоғам қайрат­керлері Төрегелді Шарманов, Ирак Елекеев, Мэлс Елеусізов, Бақыт Оспанова, Хасен Қожа-Ахмет, Ермахан Ибраимов, Юрий Захаров мектепке келіп, оқушы­лармен кездесті. Экологиялық іс-шараны ашқан Олжас Сүлейменов жас ұрпаққа үлгі боларлық жалынды сөздер айтып, туған Отанымызды көркейтіп, табиғатын сақтап қалу үшін тал-теректің маңызды екендігін айтып, әрбір азаматтың айтулы ағашы болуы керек екендігін жеткізді.

Осыдан кейін, мектеп оқушылары ақынның табиғатқа байланысты өлеңдерін оқып, айналамызды қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтауға әзір екендіктерін білдірді. Флешмобтан кейін барлық қонақтармен оқушылар тал көшеттерін отырғызуға кірісті.

– Қазір еліміздің барлық аймағында «Байтақ болашақ» альянсының ұйымдастыруымен тал егу іс-шарасы қызу жүргізіліп жатыр. Осыдан екі апта бұрын Астанада өткен басқосуда ақын Олжас Сүлейменов барлық азаматтарды ағаш егуге шақырған еді. Онда ақын 18 мил­лион ағаш ексек, еліміз көгеріп, ауамыз тазарар еді деген бастама көтерді. Осынау игі бастама жер-жерде қызу қолдау тауып жатыр. Жамбыл облысында, Шымкентте, Талдықорған қаласында көшеттер отыр­ғызылса, бүгін Алматыда осы бастама жалғасын табуда. Біздің Атыраудағы эко­логиялық бөлімшеміз 10 мың көшет отыр­ғызуды қолға алып, дайын отыр. Негізгі мақсатымыз – халықтың санасына эколо­гиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатқа деген сезімдерін ояту, – дейді «Байтақ болашақ» альянсының прези­денті Азаматхан Әміртаев.

Осынау игі шара барысында күн санап көркейіп келе жатқан «Жасқанат» ықшамауданындағы №198 жалпы білім беретін мектеп ауласына 300 түп ағаш көшетін отырғызды.