ШӘМШІНІҢ ӨМІРІ БӘРІНЕ ҚЫЗЫҚ

«Алматы ақшамы» газетінің 2017жылғы наурыз айындағы мақалаларын фейсбук әлеуметтік желісінің қолданушылары талқылайды

16550

Газетіміздің сайтында, сондай-ақ, фейсбук әлеуметтік желісі беттерінде биылғы наурыз айында мына мақалалар көбірек қаралыпты: «Қанатты сөздердің қамқоршысы» атты эссені – 317 адам, «Жақындаса жүргенді жау алмайды» атты саяси сараптаманы – 320 адам, «Атаусыз қалған арулар» деген жарияланымды – 338 адам, «Заман көшінен қалмауымыз керек» деген ойтүрткіні – 380 адам, «Қожбан әзір өлмейтін болды, сондықтан моласы сатылады» деген естелікті – 501 адам, «Тағдырды емес, адам өзін-өзі жеңуі керек» атты ой-толғауды – 522 адам, «Ұлы Даланың әуендері болгар көгін кернемек» атты жарияланымды – 591 адам, «Алматы ақшамы» Наурыз мерекесін атап өтті» деген тақырыппен берілген фоторепортажды – 598 адам, ҚР халық әртісі, профессор Маман Байсеркенов туралы «Маман десе, Маман ғой!..» атты толғанысты – 613 адам, «Асылханды арқаландырған аманат» атты мақаланы – 697 адам, «Көрнекті қаламгердің көз жасы» атты ой-толғауды – 744 адам, «8 наурыз» атты жарияланымды – 899 адам, «Шәмшінің әндері мен әзілдерін» (төртінші топтама) – 1 553 адам оқыған.

Үздік үштік

Ал ең көп оқырманның назарына іліккен, сөйтіп, ғаламтор жүйесін пай­да­ланатын жұрттың ыстық ықыласына бөленген наурыз айының үздік үш жарияланымы мынау болды: жазушы Ғабит Мүсіреповтің туғанына 115 жыл толуына орай берілген «Махаббат кез­дес­пейтін керемет бір…» атты мақаланы  – 1 638 адам, «Өмірде ұстанымы берік адамдар болады» деген естелікті – 1 662 адам оқыған. Ал «Шәмшінің әндері мен әзілдерін» (үшінші топтама) – 3 390 адам оқып, өз ойларын білдірген.

Пікірлердің бірсыпырасы төменде жарияланып отыр:

«Өмірде ұстанымы берік адамдар болады»

(«Алматы ақшамы»,

2 наурыз, 2017 жыл)

Қазыбек Иса: Әйгілі заңгер Өтеген Ықса­новтан Жоғары Соттың қылмыс­тық істер алқасы төрағасы кезінде, ол кезде «Өркен-Горизонт» газетінде бөлім редак­торымын, «Соңғы сөзді сот айта­ды» деген айқарма бет сұхбат алған едім. Өте ұстанымы берік, адамгершілігі күшті азамат! Кейін «Малаховтың мала­қайын қайырып жіберген Ықсанов» деп, бір мақаламда да келтіріп өткенмін… Ол кісінің үйіндегі апаймен де (Халық ша­руашылығы институтында істейді екен) бір шаруа барысында танысып қалдым, өте абзал, мейірімді жан ол кісі де… 

Болат Омарәлиев: Жақсы жазы­лыпты. Бұл оқиғаны кезінде естігенбіз, енді анық-қанығына көз жеткіздік.

Парсахан Шорабеков: Тарих қойна­уында қаншама естелік әңгімелер жатыр ғой.

Рәбиға Қасымбайқызы: Бұрынғы кезеңдегі осындай басшылардың тура­лы­ғы, адамгершілігі, кісілігі туралы айтып жүрген дұрыс. Өз құлқынынан басқа ештеңені ойламайтын бүгінгі бас­тықсымақтарға қарап отырып, кейде түңіліп кетемін.

«Тағдырды емес, адам өзін-өзі жеңуі керек»

(«Алматы ақшамы»,

11 наурыз, 2017 жыл)

Қазірет Бердіхан: Жақсы жазылған дүние екен. Көкірекке жылы сәуле құяды, ойландырады, толғандырады.

Шолпанай Матаева: Ер адам болсын, әйел болсын, басшы боларда ел басқару бағытында арнайы білімін жетілдіру керек. Ер кісілердің де қарамағындағы әйел адамдарға аузына келгенін айтып ұрысатынын естіп-біліп жүрміз. Не нәр­сені де сауатты істесе, кім болса да иге­ре алады. Тек адал, көркем, батыл, шын­шыл болса екен.

Сәния Нүсіпәлі: Жаны бар сөз. Алдымен Ана, сосын әйел… Бұл жерде ер-азаматтар мықты болып, әйелін жақ­сы көріп, тәрбиелеу керек деп ойлай­мын. Сонда ғана әйел өзін әйел ретінде сезінеді. Ана ретінде де өз рөлін дамы­тады.

«Шәмшінің әндері мен әзілдері» (үшінші топтама)

(«Алматы ақшамы»,

14 наурыз, 2017 жыл)

Ыждағат Ибрагимова: Осындай жан-жақтылығымен де Шәмші ғой ол… Енді ондай адам қайта тумас. Бұрын «Жас Алаштан» «Ана туралы жыр» әні­нің қайыр­масын қалай жазғаны туралы, қателеспесем, Ілия Жақа­новтың есте­лігін жылап отырып оқып едім. Шәмші туралы естеліктерді жай оқи салу мүмкін емес… Қайталанбас тағдыр…

Нұрлыбек Досыбай: «Шымкентке қарағанда жақындау ғой…». Әбден күлдім. Не деген қарапайым адам?!

Ерлан Сүлеймен: Шәкең – ұлы композитор ғана емес, керемет тапқыр, сөзі мірдің оғындай, айтқыш адам болған екен-ау.

Біржан Асанов: Бірлі-жарымын естігеніммен, көпшілігі маған бейтаныс оқиғалар екен. Шәкеңді жаңа қырынан танығандай болып отырмын.

Маралтай Райымбекұлы: «Димекең «Шәмшіні табыңдар!» деді. Ал енді Шәм­шіні тауып көр… Іздеп жүріп, әрең таптық» деген екен Нұрғиса ағамыз…

 

«Махаббат кездеспейтін керемет бір…»

(«Алматы ақшамы»,

18 наурыз, 2017 жыл)

Ақжарқын Жұмашова: Қандай теңеулер! Оқып отырғанның өзінде ғашық болып қаласың.

Меруерт Түсіпбаева: Керемет! Өз басым театр табалдырығын аттай сала Ұлпанның жастық шағын ойнағанымды қуана еске аламын. Ал Раиса Мұхаме­диярова-Мүсіреповамен біp сахнада біpге ойнағанымды нағыз бақыт санай­мын!

 

Асылзат Айтбайқызы: Ғабең – ғажайып жазушы ғой, шіркін! Сөзді қалай ойнатады, сезімді қалай тербе­теді, жүректі қалай жаулайды!

Мыңжан Молдабек: Қандай ғажап тебіреніс! Аяқтың ұшы қара жерге тимей самғау ғой мынау!

 

«Көрнекті қаламгердің көз жасы»

(«Алматы ақшамы»,

25 наурыз, 2017 жыл)

Дамира Юсаева: Нағыз алтын қор­лар­дың жоғалуын-ай, әй қап… Не деген бейғамдық, неткен жауапсыздық!

Жазира Елшібаева: Осыдан екі-үш жыл бұрын «Ұмытпаңдар» деген айдар аясында («Қазақстан» ұлттық арнасы) сол Рәбиға Есімжанова, Жамал Ома­рова, Рахия Қойшыбаева, Үрия Тұрды­ғұ­лова секілді апаларымыз жайлы бей­несюжет жасамақ болып, ол кісілердің мұраларын қайдан іздерімді, кімге хабарласарымды білмей қиналған­мын. Есімі ұмытыла бастаған белгілі опера әншісі («Ер-Тарғын» операсындағы Ақжүністің ариясын қайталанбастай етіп орындаған) Үрия Тұрдығұлованың жиен немересінің көмегімен бір материал жасадық. Биыл 100 жылдығы өтіп жатқан Жұмат Шаниннің немересі Жанат апай қолғабыс етіп, таяуда ата­мызды еске алу сюжетін бердік. Соңын­да қалған ұрпақтары қолға алмаса, асыл мұраларымыз ешкімге керек болмай бара жатқандай.

Боранбай Құдияров: Мақтаарал ауда­нының Асықата кентінде (ОҚО) Піләл Асанов деген кісінің отбасылық «музыка музейінде» мыңнан астам грам­пластинкаға жазылған әндер, күйлер, ақын-жыраулар үні бар. Таяуда ғана қаза болған журналист-жазушы Болат Көмековтің үйінде 200-ге жуық көне грампластинка (ескі күйтабақ) сақтал­ған. Бірқатар жоғалған үндерді көшіріп жазып алуға болатын шығар деймін.

Нұрғали Жарқынбек: «Рухани қыл­мыс» деп автор дәл айтыпты. Бұдан асы­рып сипаттау да қиын шығар. Мәдениет, руханият саласын кім көрінгенге бас­қар­та берудің салдары ғой бұл. Баяғы Өзбек­әлі Жәнібековтей, Ілияс Омаров­тай қазақ халқына, оның мәдени мұра­ларына адал берілген, шын жаны аши­тын тұлғалар тізгін ұстаса, осындай сор­­лылық­қа, сорақылыққа жол бермес пе еді…

Топтаманы әзірлеген — 

Сәкен СЫБАНБАЙ.