«ШАДЫБАЙДЫҢ ҰЛЫМЫСЫҢ?» ДЕГЕН МЕН ҮШІН ЕҢ ҮЛКЕН ҚҰРМЕТ

????????????????????????????????????

Марат Шадыбайұлы АБДОЛЛАЕВ,

Алматы қалалық мәслихатының депутаты,  «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Алтын дәрігер» мәртебесінің иегері,  №7 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері

Хирург, қаламыздың бас проктолог дәрігері Марат Шадыбайұлын басы ауырып, балтыры сыздаған   Алматы қаласының  тұрғындары ғана емес, жарасы жанына батқан республика жұрты  да жақсы біле­ді десек, артық айтқандық емес. Қолы жеңіл, саусақтары епті хирург талай жанның жарасын жазып, талайды ауыр дерттің аузынан алып қалған  денсаулық арашашысы. Марат  Шадыбайұлының еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту мен ұйымдастырудағы еңбектері де елеулі.  Қалалық мәслихаттың депутаты ретінде атқарып жүрген жұмыстары  да көптің көңілінен шығады. Ең бастысы, жұрт оны уәдесінде тұратын, адамның қас-қабағына қарайтын, адам­гершілік ұстанымы биік азамат ретінде құрметтейді. Біз  елдің алғысы мен құр­метіне бөленіп жүрген Марат Шадыбайұлымен дәрігерлік маман­дықтың ғана емес, бүгін адам баласы шөліркеп жүрген адам­гершілік, мейірім,  бас дәрігердің басшы ретінде ұстанатын ұстанымы, халық қалаулысы болудың жауапкершілігі төңірегінде әңгімелескен едік.

Әкем Қалтай мұхамеджановтың кластасы еді

– Марат Шадыбайұлы, сіздің  дәрі­герлер әулетінен шыққаныңызды жақ­сы білеміз. Шадыбай аға Абдол­лаевты да  сонау Қызылордадан тартып, Алматы жұрты тегіс біледі деуімізге болады. Дәрігердің мазасыз тірлігін көріп өскен сіздің дәрігер болуыңызға не себеп болды?

–       Рас, біз дәрігерлер әулетіміз. Әкем – дәрігер-хирург, анам Жамал – провизор, менен кейінгі інім Қуаныш – онколог-дәрігер,   қарындасым  Гүлнар – эндокри­нолог, тұңғыш қызым Аль­бру­за да дәрігер. Барлығының да ғылы­ми дәрежелері бар. Бірақ, «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақалдың мақамына салып, бала кезімнен дәрігер болуды ар­ман­­дадым десем, өзімді де, әкемді де алда­ған болар едім. Мен   ес біліп, ойын түрле­рін ажы­рата бастаған кезімнен  бастап ұшқыш болуды армандадым. Қолыма түскен заттың барлығынан өзімнің қиялым­дағы самолеттерімді жасап алып, аузым­ды мотор қылып «ұшып» жүретінмін.  Биіктікті аңсайтынмын. Ондай кезде аспанға жақындай түскім келіп, үйдің төбесіне шығып алушы едім. Менің ызыңдаған даусымнан жалыққан анам  кейде «осының аузына тыным болсашы, осы үнсіз ұшатын самолет болсаң болмай ма?» деп ұрсушы еді. Бірақ, адамның арманы есейе келе өзгереді екен. Әкем маған ұшқыш болу үшін  мықты, батыр болу ке­рек­тігін түсіндіретін. Одан кейін журналист болғым келді. Ол арманым аз да болса жүзеге асып, студент кезімде сту­денттік басылымның шығарушы редакторы  да болғаным бар. Біздің кезімізде институттарда жастарға арналған кештер, кездесулер, пікірталас-диспуттар жиі өткізілетін. Соларды және институ­тымызда болып жатқан жаңалық­тарды  басылым­дарға жариялап тұратынмын. «Социалистік Қазақстанның» штаттан тыс тілшісі деген   куәлігім күні бүгінге дейін сақтаулы.  Дәрігерлік дипломымнан кейінгі көзіме  ыстық көрінетіні  — сол куәлік.  Сон­дықтан болар, оның үстіне әкем Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қалтай Мұхамед­жанов, Әзілхан Нұршайықов, Әбділда Тәжібаев сынды қазақ әдебиетінің кілең нарқасқаларымен, Шах­мардан Есеновтей үлкен ғалым ағалары­мызбен  араласып, дос-туыс болып қатар жүрген­діктен болар, қалам ұстаған адам­дарға үлкен құрметпен қараймын. Кейде сол өзім құрметтейтін  журналистер дәрігерлерді орынсыз сынап, еңбегімізді еш етіп кететіні бар.  Ондайда әкемнің сыныптасы, сатира мен драма­тур­гияның сардары, қалжың сөздің классигі атанған  Қалтай ағамның қал­жың­дарын еске алып, өзімді-өзім жұбатып, «дәрігердің еңбегінің адалдығына бір Алла куә» деп жұмысымызды жалғастыра береміз.  Бүгінде мені жұрт  дәрігер ретінде танып,  науқас жандар дертіне шипа сұрап келіп жатса, мен ең алдымен әкеме рахметімді айтамын. Әкем мені алтыншы сыныптан бастап, аурухананың қара жұмысына салып, дәрі­герлердің  жанкешті жұмысын бала жүре­гіммен сезінуіме себепші  болды. Алтыншы сыныптан бастап жазғы демалысқа шыға салысымен мен  ауруха­нада санитар болып жұмыс істейтінмін.  Ол үшін маған  еңбек­ақы төленбейді. Тек жазғы демалыс аяқ­талу­ға екі апта қалған кезде  әкем мені Алматыға немесе Мәскеуге қыдыруға жіберетін.   Тіпті, осы екі демалыста қайда барудың жос­парын да жазып беретін. Сол жос­пардың ішінде  кітап дүкеніне бару, мұра­жай аралау, театрға бару міндетті түрде жазылатын. Сонда  әкем мен шешем бізді «мынау әлі бала ғой, адасып кетсе, болмаса, бір нәрсеге ұшырап қалса қайтеміз» деп аямайтын. Қалтама   жеткілікті болады-ау деген ақшасын салып беріп, «сен үлкен жігіт болдың, аман бол, абайлап жүр» дейді де, пойызға отырғызып жібереді.  Достары күтіп алып, әкем айтқан бағыттар бойын­ша қыдыр­тып, сабақ басталуға екі-үш күн қалғанда   Мәскеуден Қызылордаға қарай салып жіберетін. 

%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be-%d0%b0%d0%b1%d0%b4%d1%83%d0%bb%d0%bb%d0%b0%d0%b5%d0%b2

–       Ұшқыш болуды армандап жүріп, дәрігер болып кеткеніңізге өкінбейсіз бе ?

–         Осы жолды таңдағаныма қуанба­сам,  өкінген кезім жоқ.  Мамандығымды мақтан етемін және осы дәрігерлік қызмет атқарып жүрген әріптестерімнің барлығына, дәрігер болсам деп талпынып, білім алып жүрген ізбасарларымыз – жастарға үлкен құрметпен қараймын. Қазір дәрігерлердің  атына айтылатын сын да, тағылып жатқан мін де аз емес, бірақ,  анам «өз жұмысыңа адал бол, ақ-қарасын адам емес, Алла біледі» деп отырады. Сол қағиданы ұста­нып, халық денсаулығын жақсарту ісіне еңбек сіңіріп жүрген жәйіміз бар.

–       Кейде бір-бірімізбен қалжыңдас­қанда «мынау Тәшкен көрген», «Мәскеу көрген» деп жатамыз ғой, сол Мәскеу көргендердің бірісіз, сонау кеңес кезіндегі Мәскеудің қазақ жастарына деген қамқорлығы қалай еді? Қолтық­тарыңыздан шын пейілдерімен демей білді ме?

–       Нұржамал, сіз медицина саласында жүр­ген талай мықтылармен  әңгімелестіңіз, Мәскеудің қазақ жастарына жасаған жақ­сылығын, алға ұмтылып, құштарланған жастарының қолтығынан демеп,  кей жағдайда өз ұлтының ұл-қызынан артық көргенін менен де жақсы білесіз.  Көрген жақсылықты адам баласы ұмытпауы керек болса, ғылым жолындағы еңбегімізге бата беріп, «сен мықты  дәрігер, хирург  боласың» деген сеніммен бірге мойнымызға үлкен жауапкершілікті қоса жүктеген  Алматы медицина  институты мен Мәскеу қала­сын­дағы ұстаздарыма деген алғысым шексіз.  Қорықпай, қолымызға қандауыр ұстап жүргеніміз – сол ұстаздарымыздың бізге артқан үлкен сенімдерінің жемісі. Әкемнің тәрбиесі.  Бұрын  кондиционер деген затыңыз болған жоқ. Қызылордада жаздыңкүні күн қатты ыстық болатын­дықтан, әкем күн ысымай тұрып,  таңғы төртте ота жасайтын. Сонда әкеммен бірге тұрып мен де отаға қатысатынмын. Ал қазір мен ота жасап жатқанда әкем мені сыртымнан бақылап тұратын  сияқты сезінемін.

ТУҒАН ЖЕРДЕ ҚЫЗМЕТ ІСТЕУДІҢ  ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЗОР

–       Марат Шадыбайұлы, алғашқы еңбек жолыңызды да, басшылық қыз­метті де өзіңіздің туған жеріңіз Қызыл­орда қаласында  бастапсыз. Туған жерде қызмет атқарып жүрген кезде бойы­ңызда қандай сезім басымырақ болды?

–       Кез-келген адам үшін өзі туып-өскен жерге азамат болып қалыптасып, еліңе қызмет етер дәрежеге қол жеткізіп келу, ең алдымен,  мақтаныш сезімін тудырады деп ойлаймын. Әке-шешең де қуанады. Ел-жұрт өзіміздің баламыз келіпті деп құшағын аша қарсы алады. Бірақ, осы мақтаныш сезімімен бірге сол жұрт сізге үлкен жауапкершілік жүктейді.  Меніңше, туған жерінде қызмет атқарған азаматтар­дың мойнындағы жауапкершілік жүгі екі-үш есе артық болады деп ойлаймын. Ең алдымен ата-ананың абыройын ойлайсың, солардың атына кір келмесе екен дейсің, содан кейін халықтың алдында берген уәдеме берік болсам, айтқанымды орында­сам деп ойлай­сың. Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасында қызмет атқарып жүрген кезім болатын. Арал ауданындағы Қаратерең, Бөген деген ауыл­дарды аралап, сонда тұрып жатқан адамдардың әлеуметтік, денсаулық жағдайларын білуге барған­быз. Жиналыс өткіздік. Сонда бір ақсақал орнынан тұрып, «сен  облыстың денсау­лығын басқаратын бастық болсаң, мына ауылға аурухана салып бер, ауылға дәрі­герлер жібер» деді. Мен «ақсақал,  сөзіңіз орынды, аурухана салып беру қолымнан келмес, бірақ, ауыл адамдарының денсау­лығын жақ­сартуға  қажетті медициналық құрал-жаб­дықтар алып беруге, жас маман­дарды жіберу, ауылдағы мектеп бітіріп жатқан жастардың арасынан дәрігер бол­ғысы келетін жастар болса, оқуға түсулеріне көмек берейін», – дедім.  Сонда ақсақал  жалған уәде бермей, шынды­ғымды айтқа­ныма риза болса керек, «өзің орысша тәрбие алған бала екенсің,  басқалар сияқты өтірі­гіңді айтып кете бермедің бе?» дегені бар.  Ал уәде деген – Алланың екінші аты, уәде бер­ген екенсің, оны орындауға тиістісің. Ақса­қалға берген уәдем бойынша  Бөген ауы­лындағы ауру­ханаға  жаңа құрал-жабдықтар беріп, жас мамандарды жұмысқа жіберіп, сол ауылдан үш-төрт баланың меди­циналық оқу орнына түсулеріне көмектестім.  Шын ықы­ласпен атқарылған жұмыста­рымыздың нәти­жесі шығар, Алматыда жүрсек те ауыл адам­дары күні бүгінге дейін ауыра қалса, «Ша­дыбай­дың баласына бар, көмектеседі» дейді екен. Дәрігер үшін бұдан артық сенім, бұдан үлкен құрмет жоқ шығар. Құдайға шүкір, қазір бір азаматқа лайық құрмет те, атақ-дәреже де бар, бірақ, мен үшін «Шады­бай­дың ұлымысың?» дегеннен артық құрмет жоқ.

 

Еңбек демалысымыздың үш күнін денсаулыққа арнасақ

–       Марат Шадыбайұлы, қазір заман өзгерді, адамдардың да өз денсаулығына деген жауапкершіліктері өзгерген шығар?

–       Соншалықты өзгеріп, денсаулығын бірінші кезекке қойған қаракөздер әлі көп емес. Аурулары асқы­нып, бір ауру бірнеше аурумен қабаттасып, бастапқы ауруы неден басталғандығын біле алмай, дәрігерлерді сарсаңға салып қоятын жағдайлар жиі кездеседі. Осындай салғырттықтың соңы кейде қайғылы жағдайлармен аяқталып жатады.  Ал ондай кезде кінә өзімізден де бар-ау, дәрігерге тым кеш келдік» деген  жауапкершілік сезімі науқастардың туыстары тарапынан бола бермейді. Көп жағдайларда дәрігерлерді кінәлап жатады. Дәрігерлер науқас жан­дар­дың тағдырына туыстарынан артық  жауапты болмаса, адам өміріне бей-жай қарай алмайды. Біз сол адам аман-есен болса екен деп түн ұйқымызды төрт бөлеміз. Ал бір адам  қайғылы жағдайға тап  болсын­­шы, біразға дейін операция үстеліне жақындай алмай жүресің. Оны басынан өткерген адам ғана сезінеді.  Сол себепті адамдар ауруын асқындырып алған соң ем іздеудің орнына жылына екі-үш мәрте дәрігерлерге тексеріліп, өз денсаулығына қарағандары жөн. Ең болмаса, кезекті еңбек демалы­сының үш күнін денсаулы­ғына арнаса, біздің қазақтың да бойына  өзгелердің аурудың алдын алу дағдылары жұғысты болар еді.

–       Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі ендірілсе, аурудың алдын алуды үйренетін шығармыз.

–       Солай болатындығына сенейік.

–       Айтпақшы, міндетті әлеуметтік  медициналық сақтандыру жүйесін биылғы жылдың шілдесінен бастаймыз деген құлшынысымыз болған еді, келер жылдың қаңтар айынан қолға алатын болыппыз, бұл да болса, халықтың  жаңа жүйеге бейімделуіне мүмкіндік беретін шығар?

–         Әдетте  кез-келген жаңа жұмысты жаңа жылдан бастаймыз емес пе, ал міндетті медициналық сақтандыру жүйе­сінің барлық қызметі қаржы мәселесіне қатысты болғандықтан, жаңа жылдан басталғаны  халық үшін де, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін де тиімді болып тұр.

 

–       Міндетті медициналық сақтандыру­дан аузы күйіп қалған халықтың бұл жүйеге деген сенімінен гөрі күдігі басым екендігін жасырмауымыз керек. Оның үстіне халықтың басым бөлігі жұмыссыз дегендей,  денсаулығын сақтандырмақ түгілі, бала-шағасының нан-шайын әзер тауып беріп отырған адамдар қаншама? Алысқа  бармай-ақ, өзіңіз депутат болып сайланып отырған Наурызбай ауда­нында әлеуметтік жағдайы қолдауға зәру отбасы қаншама, мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыз  тағы бар?

–       Халықтың  бұл күдігін түсінеміз,  бірақ, әр нәрседен үрке беруге  болмас. Бұл жүйені бұрынғы сақтандыру жүйесімен салыстыруға мүлде болмайды. Бұл жүйеде халқымыздың әлеуметтік жағдайы жан-жақты қарастырылған. Өзін-өзі сақтан­ды­ра алмайтын әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың денсау­лығын сақтауды мемлекет  қамқорлығына алады.  Қазір қалалық Денсаулық сақтау бас­қармасының бастамасымен  халықты міндетті медициналық сақтандыру жүйе­сімен толық ақпараттандыру мақсатында және адамдардың өз әлеуметтік тобын  анықтауы үшін  «Емханаға тіркеліп, өз мәр­тебеңді анықта» атты науқан қолға алынды. Халыққа айтарымыз,  салғырттық таныт­пай, осы іс-шараға қатысып, өзіңіз тұратын  аумақтағы емханаға барып тіркеліп, өзі­ңіздің мәртебеңізді, жұмыс істейтін-істе­мейтініңізді, немесе өз-өзіңізді жұмыспен қамтып отырғандығыңызды кәсіпкер, зей­неткер, мүмкіндігі шектеулі азамат екеніңізді айқындап алуға асы­ғыңыздар дегіміз келеді.

–         Дәрігер ретінде осы сақтандыру жүйе­сінен қандай нәтиже күтер едіңіз?

–       Ең бастысы, адамдардың өз ден­сау­­лы­ғына деген жауапкершілігі артады деп үміттенемін. Одан кейін дәрігерлеріміздің бәсекеге қабілеттілігі мен өз қызметтеріне деген жауапкершіліктері еселене түсетін­дігіне сенемін.

 

Халықтан кӨреген сыншы жоқ

– Бүгінде дәрігерлердің атына айтылар сын көбейіп  барады. Бұл дәрігерле­ріміздің біліксіздігінің нәтижесі ме, жоқ әлде, халықтың дәрігерлердің қызметіне деген әділетсіз бағасының нәтижесі ме?

–       Халықтан көреген сыншы жоқ, дегенмен, қазір сынның көбі тырнақ асты­нан кір іздеуден артылмай отырғандығы  қынжылтады.  Ал мен иықтарына ақ халат жамылып, Гиппократқа ант берген  әріп­тес­терім адам тағдырына салғырт қарайды, біліксіз дей алмаймын.  Тек қазіргі жас­тарда мінез әдебі жетіспейді. Үлкенмен қалай сөй­лесуді білмей жатады.  Ал мінездің дөре­кілігі  атқарып отырған жұмысына нұқсан келтіріп жатады. «Мінез деген – адамның тағдыры» дегенді бүгінгі жастардың есіне жиі салып тұруымыз керек шығар. Білім бергенмен, тәрбиені ақсатып алып жатқанымызды мойындауымыз керек.

–       Жақында ғана  Елбасы «Бола­шаққа бағдар: Рухани жаңғыру» деген бағдарламалық мақаласын жариялады.  Латын қарпіне көшу жөнінде бастама көтерді. Сіздің бұл мақала төңірегіндегі көзқарасыңыз қалай?

–       Меніңше, экономикалық жаңғыру­лар­дан кейін мынандай ұлттық сананы жаңғыртуға шақыру, оның ішінде латын  әрпіне көшу туралы Президенттің баста­масы бүгінгі біздің ғана емес,  осыдан бір ғасыр бұрынғы Алаш арыстарының  арма­нының жүзеге асқандығы деп бағалаймын. Ал  өз қызметтері арқылы еліміздің ішкі сая­сатын жүзеге асырып жүрген дәрі­гер­лердің латын әрпіне көшуді қолдай­тындықтарына бек сенімдімін. Өйткені,  медициналық оқу орындарында латын тілі оқытылады және дәрі-дәрмектің атаулары латынша жазылатындықтан латын әрпіне көшу, сол тілде іс жүргізуді дәрігерлер тез меңгеріп кететіні анық.

%d0%b4%d0%b5%d0%bf%d1%83%d1%82%d0%b0%d1%822

Бізге рухани денсаулық жетіспейді

–       Дәл қазір  адамдардың бойында қан­дай қасиеттер жетіспейді?

–         Адамгершілік пен мейірім, рухани денсаулық, шынайы сыйластық жетіспей тұрғандай көрінеді. Мейірім болмаған жерде жауапкершілік пен адамгершілік күтуге болмайды.  «Жүзі жылыдан түңілме» деген сөзді ата-бабаларымыз текке айтпа­ған шығар. Демек, жүзі жылының жаны  жылы, жүрегі жұмсақ келетіндігін аңғарғандары.

–       Не нәрсеге көбірек қынжыласыз?

–       Салғырт, немкетті мінезге, білімін, тәжірибесін жетілдіруге немқұрайлы қарайтындарға.

– Бос уақытта айналысатын сүйікті ісіңіз?

–       Немерелеріме кітап оқып беру, серуендету, музыка тыңдау.

–       Қандай музыка тыңдағанды жақсы көресіз?

–       Классикалық шығармаларды, әсі­ресе, Моцартты, Бетховен, Бахты, Чай­ковскийдің шығармаларын тыңдағанды жақсы көремін. Қорқыттың қобызын тыңдаймын. Сөзім өтірік болмас үшін, сізге жинаған күйтабақтарымды көрсетейін.

–       Сенемін. Оған кабинетіңізде тұрған күйтабақ ойнайтын, бүгінде ескінің көзіне айналған радиола куәгер болып тұр ғой… Ұшақтардың үлгісін жинайды екенсіз?

–       Бала кезімдегі арманым — ұшқыш болу еді ғой. Соның әсері болар.

–       Марат Шадыбайұлы, сіздің ұғымы­ңыз­дағы байлық не?

–       Отбасым, бірге араласып жүрген амал-айладан ада дос-жарандарым,  жа­қын туыстарым, ұл-қыздарым, олардан тараған ұрпағым, елімнің амандығы және сүйікті жұмысым.

–       Ес білгелі әкеңіздің қасында әкеңізбен дос болған жақсылардың жанында жүрдіңіз,  жақсының жанында жүруден қандай тағылым алдыңыз?

–       Достықтың туыстықтан да артық қарым-қатынас екендігін түйдім. Олардан достыққа адал болуды, өз ұлтыңның жанашыры болуды, сөзіңмен емес, ісіңмен көпке үлгі болуды, берген уәдеңе берік болудың ережесін үйрендім.

–       Қалтай ағаның қалжыңдарын естіп өсіпсіз, өзіңіздің қалжыңға деген икеміңіз қалай, сынға қалай қарайсыз? Берген уәдеге беріксіз бе?

–       Әзіл-қалжыңы жоқ қазақ бар ма, тіпті, «қалжыңы жоқтың қойнында қанжары жүреді» деген сөз  де бар емес пе, дегенмен де, орысша оқығандықтан болар, кейбір қалжыңдарды тура мағынасында түсініп қалатын кездерім болып қалады енді. Ал  уәде бердім бе, оны орындаймын және орындай алмайтын болсам, бірден қолымнан келмейтіндігін ашық айтамын. Ал адамның көңілін жықпай «көрермін», «жарайды» деген сөздермен уәде бергенді өз басым жақтырмаймын.

–       Мәслихат депутатысыз. Халық қалау­лысы болудың жауапкершілігін қалай сезінесіз?

–       Депутат болу — адамға үлкен жауап­кершілік жүктейді. Мүмкіндігінше өз  округімдегі сайлаушылардың тапсырмасын тиісті орындарға жеткізіп, оның нәтижесі шыққанша, айтқан тапсырмалардың орын­далғанын қадағалап отырамын. Бұл ретте мәслихат депутаттарының ұсыныс­тарына   құлақ асып, оны жүзеге асыруға  үне­мі қолдау білдіріп отыратын қала әкімдігіне, тығыз  байланысып, бірлесе жұмыс істеп жүрген Бостандық, Наурыз­бай ауданының әкімдігіне, «Нұр Отан» партиясының аудандық бөлімшелерінің қызметкерлеріне алғыс айтамын .

–       «Шәкіртсіз ұстаз тұл»  деген сөз бар, сіз ұстаздарыңызбен мақтандыңыз, ал сізді мақтаныш көретін шәкірттеріңіз бар ма?

–         Денсаулық сақтау саласында қыз­мет атқарып жүргеніме қырық жылға жуықтап қалыпты. Осы отыз жеті жылдың ішінде екі медицина ғылымының  докто­рын, сегіз медицина ғылымының кан­дидатын даярлап шығуға үлес қосыппын.   Ал мақтан тұтатын шәкірттерім  баршы­лық. Олардың  біразы алыс-жақын шет елдерде қызмет атқарып жүргенін мақтана айтуыма болады.  Мәселен, Е.М.Ос­тров­ский деген шәкіртім кезінде өзім тәжіри­беден өтіп, кандидаттық диссертациямды қорғаған Мәскеудегі жедел хирургия ғылыми-зерттеу институтында  істейді. Әлиев Магомед деген шәкіртім Бакуде, Мадалинов Әбдімүтәліп  Бішкекте абы­ройлы қызмет атқарып жүр. Жиі хабарла­сып, өз саламыз бойынша (проктология) үнемі тәжірибеміз бен жаңалықтарымызды бөлісіп тұрамыз. Алматы  мен  Астанада, еліміздің басқа аймақтарында қызмет атқарып жүрген шәкірттерімді үнемі мақтаныш етіп жүремін.

 

Әкемнің рухымен сырласпаған күнім жоқ

–       Елбасының «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» атты мақаласында туған жерге құрмет жөнінде айтылады, туған жерге жиі барып тұрасыз ба?

–         Жылына  үш-төрт рет барамын. Ал әкемді сағынсам, сол күні-ақ Қызылордаға  қарай жүріп кеткім келіп тұрады.

–       Әкеңізді көп сағынатын сияқтысыз?

–       Әкемнің өмірден өткеніне биыл он жыл болады екен. Әкемнен ердің жасы елуге келгенде  көз жазып қалсам да, осы он жыл ішінде әкемді есіме алып, оның рухымен сырласпаған күнім жоқ. Әрбір операцияның алдында алдымен  Аллаға, одан кейін әкемнің рухына сыйынамын. Шүкір, әкем  барлығымыздың адам болып ха­лыққа қызмет етіп, елден азды-көпті ал­ғыс алып, ел құрметіне бөленгенімізді көріп кетті, дегенмен,  ата-ананың балаларының қасында мәңгілік болғандығын қалар едім.  Бірақ,  Алланың адамға берген өлшеулі ғұмыры бар. Онымен, амал жоқ, санасуға тура келеді. Қазір анамның аман-саулығын көбірек тілеймін.

–       Алпысқа келіп қалыпсыз?

–       Иә, Мұқағали ақын айтпақшы, біз де алпысқа келіп қалдық. Көп көрдім демеймін, көп нәрсені көңілге түйдім. Ата жасына жеттік. Немере көріп отырмыз. Енді солардың алдында әдемі қартайып, Абдоллаевтар әулетіне лайық ата болсақ дейміз. Осы жеткен абыройдан  Жаратқан аласартпаса екен деп тілеймін. Алдымызға өмірін арқалап келген адамдардың  өзімізге деген сенімдерін жоғалтпасақ екен деп тілеймін. Анамның «тазалық деген пір дүниеңді кір шалдырма» деген сөзін ұдайы жадымда ұстап келемін.

–         Марат Шадыбайұлы, әңгімеңізге рахмет, шындығында,  анаңыз Жамал апай айтқандай, адам баласының жан дүниесіндегі тазалық деген пір дүниесін,  адам баласы өмірін сеніп тапсыратын дәрігерле­ріміздің ақ халатын, жүрек­терін, мейі­рімдерін кір шалмасын. Адам­ның Алла­дан кейінгі жүгінер пірі — дәрі­герлер ғой, соны сіздің әріптестеріңіз жадында сақ­тап жүрсе,  жұрттың өкпе-назы азайып, алғысы арта түсер деген үміттеміз.

–       Солай болатындығына сенімдімін.

 

Әңгімелескен –

Нұржамал БАЙСАҚАЛ.