ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ТУРИЗМ ЖӘНЕ САЯХАТ» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

img_2858

Алматыда XVІІ қазақстандық халықаралық «Туризм және саяхат» көрмесі өз жұмысын бастады.  KІTF-2017 – туризм мен сая­хат саласында Қазақстан мен Орта Азиядағы ірі форум болып табы­лады. Көрменің ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Бауыр­жан Байбек, мәдениет және спорт министрі  Арыстанбек Мұха­медиұлы, ҚХР-ның Туризм істері жөніндегі мемлекеттік басқармасы басшысының орынбасары Ду Цзян, көрмелер компа­нияларының басшылары, дипломатиялық корпус өкілдері және басқалар қатысты.

Алматы әкімі өзінің құттықтау сөзінде мегаполисте қызмет көрсету сервисі мен туристік инфрақұрылымның тұрақты дамып келе жатқанын, елімізге келген әрбір  екінші туристің қалада болатындығын атап өтті.

img_2817

– Бүгінгі күні Қазақстан туристік нарықта өз орнын алуға ұм­тылуда. Мемлекет басшысының саясаты арқасында ол үшін бар­лық жағдайлар жасалуда. Биыл Алматыда Дүниежүзілік Қысқы Уни­версиада өтті, Астанада жазда өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі орасан мүмкіндерге жол ашатын болады. Биыл туризмді дамытуға үлкен назар аударатын KІTF-2017 көрмесіне әлемнің 30 елінен 500-ден аса қатысушы келді, – деді Б.Байбек.

Көрменің экспоненттері – туризм жөніндегі ұлттық және өңірлік басқармалар, қазақстандық және шетелдік туро­ператорлар, курортты отельдер мен нысандар, авиакомпаниялар мен Әзір­байжанның, Болгарияның, Грецияның, Грузияның, Доминикан Республикасының, Үндістанның, Индонезияның, Испанияның, ҚХР-дың, Оңтүстік Кореяның, Кубаның, Малайзияның, БАЭ-ның, Татарстанның, Тайландтың, Түркияның, Чехияның және басқалардың интернет-бронберу жүйелері. Бұдан өзге, KІTF-2017 көрмесінде Алматы агломерациясының туристік қуатының тұсаукесері өтті.

img_2842

Жыл сайын өтетін KІTF көрмесі Алматының іскер туристік орталық, сонымен қатар, жалпы Қазақстанның туристік әлеуеті жоғары ел ретіндегі имиджін арттыруға оң ықпал етуде. Осы арқылы ішкі нарыққа қатысушыларға, халықаралық тәжірибе  негізінде, төл өнімді шығаруға және оны өткізуге ыңғайлы  тұғыр  ұсынылады.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».