УЫЗ ТӘРБИЕГЕ 3 ЖАСТЫҢ ӨЗІ КЕШ БОЛАДЫ

554e16b50efc3

3- БӨЛІМ

БӨБЕККЕ НЕ ПАЙДАЛЫ? 

Бөбекті оқытудың дайын мәзірі жоқ

 Мен осыған дейін бала тәрбиесіндегі қоршаған ортаның маңызын және сол айналасынан алған әсерінің сәбидің келешек өміріне ететін ықпалын сөз еттім. Барша әлемдегі отбасында, соның ішінде, жапондықтарда да бала тәрбиесіндегі бүкіл тауқымет пен жауапкершілікті аналар өз мойындарына алған, мен де сол бөбектер тәрбиесімен айналысатын аяулы жандар­дың  баршасына қатысты  мәселені сөз етейін деп отырмын. Ең алдымен, ана тәр­бие жұмысында өз бойындағы бүткіл таланты мен тапқырлығын сарқа пайда­лануы қажет, бұл орайда, сөз жоқ, баланың дамудың қай кезеңінде тұрғандығы мұқият ескерілуі керек. Менің сіздердің назарла­рыңызға  ұсынып отырған әрқилы кеңесте­рімді әрбір ана өз тәжірибесінде идеялық тұғыр ретінде ғана қабылдауларын сұрай­мын, ол кеңестерді балаларының табиғи мінез-құлқына немесе өзіндік даму саты­сына орайластырып қабыл ала ма, әлде бас тарта ма, ол аналардың өз еркінде болады.

Менің баланы жақсы музыкамен, төлту­ма тамаша суреттермен қоршап өсіру жөніндегі   ұсыныстарымды қайталап айт­қан сайын, аңғарлы аналар үнемі: “жақсы музыка”, “төлтума тамаша” суреттер” деген­де сіз нені меңзеп отырсыз? Бетховен бе, Моцарт па? Ван Гог па әлде Пикассо ма? ”— деп сұрайды. Әрине, біз маман­дармен кеңесе отырып, кейде нақты ұсы­ныстар да береміз.

Бірақ, қалай дегенде де, ата-аналар ондай ұсыныстарды қатып қалған ереже ретінде емес, өз баласының ерекшеліктеріне қарай ыңғайлап, бейімдеп қолдануы тиіс. Әдеттегідей, мұндайда жапондықтар да дайын мәзірді іздейді: олар нақты жағдайда қандай нақты іс-әрекеттер жасау керек екендігін айтпасаң, бәріне   сенімсіздікпен қа­райды. Бірақ, тәрбие ісінде, әсіресе, бөбектердің даму кезеңінде бәріне бірдей сәйкес келетін дайын формулалар болмай­ды. Егер анасы өзінің сәбиіне әлденені лайықты деп табатын болса, оны барынша батыл, орайлы пайдалануы тиіс.

Дайын формулаларды күтіп отыру үрдісі  – жапондық тәрбие ісіндегі үлкен олқы­лықтардың бірі. Мәселен, бала төрт жаста болса – балабақшаға, алтыда болса — мек­тепке барады. Жас кезеңіне қарай  қалып­тасқан жалпылама ұстаным негізіндегі мұндай жүйе баланың шын мәніндегі даму кезеңімен үйлеспейді. Жапониядағы білім жүйесі тек баланың  жас кезеңіне ғана лайық­талып жасаған бағдарламаға негіз­делген.  Ерте дамыту идеясы да осыған орай қабылданады: егер қолданудың қатаң нұс­қаулығы болмаса, оны өз бетімен дамытып пайдалануға ешкімнің батылы бармайды. Менің ойымша, дайын формулалар мен нұсқаулықтарға үнемі сын көзбен қараған жөн. Бәріне де еркін шығармашылық көзқарас керек.

 

БАЛАНЫ ЖИІ ҚОЛҒА АЛЫҢЫЗ

Өксіп жылап отырған баланы анасы қолына алып, бауырына басса, дереу солығын басып, бал-бұл жанып күлімдей қалады. Ондай жағдайды кім басынан өткізбеді дейсіз, әрбір ана мұндай ләззатқа  күн сайын бөленеді емес пе?!

Дегенмен, дәстүрлі тәрбие мұндайды үнемі абайлап жасауға шақырып отырады, өйткені, баланы қыңқ еткен сайын қолға ала берсе, ол өз талабын жылау арқылы орын­датуға дағдыланып кетеді деген қауіп бар. Одан кейін  қолыңа алмасаң, қалай уатсаң да мауқын баспайды, — деп қорқы­тады аналардың көпшілігі. Шынында да солай ма? Егер мұны соқыр сеніммен өбек­теуден сақтану деп түсінсек, мен келісер едім. Бірақ, мен мұны қарабайыр түсінуге мүлде қарсымын. Мен баланы мүмкін­дігінше жиі қолға алу керектігіне бек сенімдімін. Өзіне назар аудартудың басқа жолын білмейтін бөбекке жылау — өзін-өзі көрсетудің бірден-бір құралы. Жылап тұрған  бала ол әлденені сұрап тұр деген сөз, сұрағанын жауапсыз қалдыру – оны ең алғашқы қарым-қатынастан айырумен бірдей. Баланың  анасымен қарым-қаты­насы, әсіресе, әдепті қатысымы оның ақыл-ой дамуы үшін үлкен маңызға ие екендігін ғұламалар дәлелдеп көрсетіп жүр.

Жуықта жапонның бір газеті маймыл­дармен жүргізілген бір қызғылықты экспе­риментті жариялады. Висконсин штатын­дағы университеттің аналықтарды зерттеу орталығының жетекшісі Гарри Харлоу деген доктор жаңа туған маймылдың баба­ларына туған анасымен қоса, “жал­ған” жасанды ананы қатар қойып, қайсы­сын таңдайды екен? — деген сынақ жүргізіпті.

Бір “қуыршақ ана” цилиндр тәріздес етіліп, сым темірден жасалыпты, ал келесісі – шүберектен. Әрбір “ана-қуыршақтың” сүт толы омырауы бар, екеуі де жаны бар сияқты теңселіп тұр. Нәтижесінде маймыл бала әрі жұмсақ, әрі жылы шүберек қуыр­шақтың жайлы қимылына жауап беріпті.  Доктор Харлоу адамның баласы да дәл осындай жылы, жұмсақ, нәзік қозғалысты  қалайды, қолына алып аялап ұстаған ана­сы­ның алақаны да соншалықты жылы, нәзік,  оның денсаулығы үшін сүт қандай қажет болса, жан дүниесі үшін де жылы­лық соншалықты керек деген қорытынды жасайды.

Сондықтан баланы жиі қолға алу керек деген дағдыны мен де қолдаймын. Мен әрбір баланың анасымен жиі қауышуын, аялы құшағын сезінгенін   қалаймын, сонда ғана сәби өте сезімтал болып өседі.

 

БАЛАНЫ ҚОЙНЫҢЫЗҒА АЛЫП ЖАТУДАН ҚОРЫҚПАҢЫЗ

Жапонияда сәбиді “қолға жиі алу” салты сияқты “қойынға алып жату” дағ­дысын  да жақтырмау бұрынғы  ұрпақтан мұраға қалған дәстүр болатын. Әрине, ата-анасының біреуі жанына жатпаса ұйық­тамайтын бала қылығы оңайға соқпайды, бірақ, соған бола қынжылып жүрген бірде-бір ата-ананы мен байқаған емеспін. Керісінше, баланың психикалық, ақыл-ой дамуы тұрғысынан қарасақ, баламен бірге ұйықтау дағдысынан жаңа мазмұн табуға болады.

Мәселен, күні бойына әртүрлі шаруадан қолы босамай, сәбиін айналып-толғануға мұршасы жоқ  ана байғұс, ең жоқ дегенде, оны ұйықтар алдында мейірлене иіскеу ләз­затына бөленбей ме?! Осы бір қысқа мезет­тің өзінде сәби барынша алаңсыз, мейірім құшағында болады. Сондықтан сіз онымен жай ғана бірге жатып немесе  одан бұрын ұйықтап кетпей, ән салып берсеңіз, баланың дамуына барынша жағымды әсер етесіз.

Сәбимен шүйіркелесе қарым-қатынас жасаудың мұндай мүмкіндігін күні бойына үйде болмайтын әкесіне пайдалануды ұсы­нуға болады. Бізде Кеңестер одағында зерт­телген, ұйқылы-ояу кезінде  оқыту әдісі  жө­нін­де   өте көп жазылды. Шындығында, адам­ға көзі ілініп бара жатқан ұйқылы-ояу кезінде магнитофон таспасына жазылған ақпаратты тыңдатса, оны жадына берік тұтып қалатын көрінеді, ал оянған кезінде ол жеңіл жаңғырығады екен. Бұл зерттеу баланы ұйқылы-ояу сәтінде оқыта отырып күтпеген жетістікке жетуге болатынын көрсетеді.

 

 МУЗЫКАҒА ҚҰЛАҒЫ ТОСАҢ АНА ТӘРБИЕЛЕГЕН БАЛА ДА СОЛАЙ БОЛЫП ӨСЕДІ

“Менің баламның музыкаға құлағы тосаң, не істерімді біл­мей жүрмін. Бұл оған әкесінен келген, олардың отбасындағы­лардың барлығы музыкаға қабілетсіз. Бұл да сол тұ­қым­дарына тартқан” , — де­ген сияқты қаңқу сөздерді мен аналардан көп естимін. Иә, шынында да, музыкаға құлағы тосаң балалар бар, ата-аналардың айтуынша, “олар­дың құ­лағын аю ба­сып кеткен”.  Дегенмен, бұл ақаулар­дың оның ата-анала­рынан ауысуын жоққа шы­ғармағанмен, олардың бар­лығына тұ­қы­мы­­нан дары­ған деп кесіп айту­ға  әсте бол­­майды.

Мәселен, анасының есту жады на­шар­лау дейік, ал сәби болса, оның жаңсақ әуен­мен айтқан бесік жырын күнде тың­дайды. Осы жаңсақ әуенді жанына үлгі ретінде берік тұтқан бала да дәл сондай  әуенмен ән салатын болады. Ал оны тың­даған анасы өз кемшілігін білмей, баласы­ның музыкаға қабілеті жоқ деп байбалам салады, ал шын мәнінде, музыкаға қабі­леттілік дегенің – тәңірдің сыйы болып табылады. Егер Моцарт пен Бетховенді дәл сондай музыкаға қабілетсіз ана тәрбиелесе, олар да соның жолын құшатын еді.

Менің пайымдауымша, анасы­нан осындай кемшілікпен туды дейтін му­зыкаға құлықсыз балалардың есту қабілет­тері, шын мәнінде, ерекше қабілетке ие болып келеді, есейе келе олар әуендерді естеріне дұрыс сақтап, жаңсақ естіген музыкаларын түзетіп айтатын болады.

Ал енді мен сіздерге музыкалық қабілет­тің тұқым қуаламайтынын көрсету үшін бір оқиғаны айтып берейін. Доктор Ши­ничи Сузуки алты жасар баланы оқытуға қабылдап, оның музыкалық есту қабілетін қалыптастырады. Ал ол баланың анасының музыкалық қабілеті болмаған. Доктор Сузукидің тезисі былай болатын: “Бала­ның музыкалық қабілетінің болмауы — оның анасында болмауынан”.  Ол балаға анасы жаңсақ үйреткен әуендерді дұрыс нұсқа­сында қайта тыңдауға беретін. Біртіндеп анасы арқылы жаңсақ сіңген әуендер дұрыс әуендерге орын бере бастайды. Кейін­нен сол бала музыкалық білімін жал­ғастырып, Брамс пен Бетхо­веннің скрип­калық концерттерін кіршіксіз таза, қатесіз ойнап, тіпті, Канадада өзінің жеке кон­церттерін берген.

Осылайша, музыкалық қабылдау, мінез­дің орнығуы, тұтастай алғанда, барша қабілеттер – көп жағдайда, ата-ананың ық­па­лымен қалыптасады.  Кейде бізге елеусіз болып көрінетін ата-аналардың мінез-құлықтары балаға қуатты әсер етуі мүмкін.

 

БАЛАНЫҢ ЖЫЛАУЫНА  ЕШҚАШАНДА ЕЛЕУСІЗ ҚАРАМАҢЫЗ

Америкада шыққан “Сәби тәрбиесін­дегі төңкеріс” деп аталатын кітапта мынадай эксперимент баяндалады.

Вашингтонда арнайы дайындалған мұғалімдерді, негізінен, негрлер қоныс­танған кедей аудандардағы балалар меке­мелері мен отбасыларына шамамен 15 айлық 30 баланы оқытуға жібереді. Жек­сенбіні қоспағанда, әр күні мұғалім сәби­мен бір сағат ойнап, әңгімелесіп жұмыс жүргізетін болған. Психолог доктор Эрл Шефердің түсіндіруінше, бұл – балалардың ақыл-ойын, әсіресе, тілін дамытуға ар­налған шара болған. Мұндай эксперимент 14 айлық  балаларға да жасалған.

Бұл балалар екі жас үш айға толған кезде жасалған тестің қорытындысы бо­йынша, аталған сәбилердің “ақыл-ой да­муының деңгейі”, әсіресе, тіл ұстарту дағ­дылары экспериментке қатыспаған құр­дастарынан әлдеқайда озық болған.

Демек,  балалардың интеллект деңгейін ата-аналары таңның атысынан, күннің батысына дейін жұмыста жүретін, бала тәр­биесіне мүлде көңіл бөлмейтін отба­сын­да да дамытуға болады. Ал егер балаларына барын­ша көңіл бөліп, олармен бірге ойнап, сабақ­тарын бірге қарап жүретін ата-ана­лардың отбасындағы балалардың қанша­лықты нәтижеге жететінін осыдан-ақ біле беріңіз.

Шамамен, екі-үш айлығында сәби шалықтап күлетін жағдайға жетеді және айналасында болып жатқандардың бар­лығын есіне сақтайтын болады. Біз көбіне оның миында ең қарапайым сөздерден бастап, анасының іс-әрекетінің барлығы­ның таңбаланып отыратындығын ескере бермейміз. Сондықтан да сәбиімен көбірек сөйлесетін аналар балаларының ақыл-ой дамуына өте қуатты әсер етеді.

Оған мынадай бір мысал. Жас отбасы тұңғыш ұлдары дүниеге келгенде бір бөл­мелі пәтерде тұрып жатқан. Пәтердің тар­лығы сондай, анасы қалай болғанда да ұлы­мен тілдесіп отыруға әркез мәжбүр бола­тын. Кейіннен отбасы үш бөлмелі пәтерге көшеді. Олардың екінші баласы дүниеге келеді. Дүниеге қыз келген еді, оны  пәтер­дегі ең тыныш, анасы бар уақытын өткізетін асханадан жырақтау бөлмеге орналас­тырады.  Тұңғыш ұлдары жеті-сегіз айын­да-ақ тілі шығып, жекелеген сөздерді анық айта бастайды, ал оның қарындасы он айлығында да тек былдырлағаны болмаса, сөйлеп кете алмайды. Сонымен қоса, үнемі жайраңдап күліп жүретін ағасымен салыстырғанда, қыз бала томаға-тұңғиық, бұйығы болып өседі.

Жалғасы.

Басы №26,  №28 2017 жылғы сандарда.