Теміржолшылар Елбасы мақаласын талқылады

Мәншүк БЕКБОСЫН

Бұрнағы күні Алматы қаласы мәсли­хатының депутаты Болат Оспанов «Алматы пайдалану локомотив депосының» ұжымымен кездесіп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылады. Жиында мақалаға қатысты ой-пікірлер ортаға салынды.

– Елбасының бұл мақаласы – бағдарла­малық құжат. Мұнда Президент әрбір қазақ­стандықтың санасын жаңғыр­тудың алты негізгі бағытын айқындап берді. Барлығы ұлттық экономиканы және отандастарымыздың әл-ауқатын дамытумен тікелей байланысты. Мақалада ұлттық сананы жаңаша қалып­тастыру, басқа елдердің озық тәжірибесін, жетістіктерін бойға сіңіріп,  пайдамызға асыру керектігі жан-жақты баяндалған. Сонымен қатар, Елбасының руханиятқа, білімге, ғылым­ға мән беруі – үлкен көрегендік. Бұл жұмыс дер кезінде жасадып жатыр, енді оны халыққа жеткізе білу керек. Бұл – еліміздің болашағы үшін жаласып жатқан жұмыс, – деді мәслихат депутаты Болат Оспанов.

Болат Мұсақажыұлы өзінің баяндама­сында Елбасының алдағы уақыттағы даму жолдарына байланысты бекіткен нақты тапсырмаларына да тоқталып өтті.

– 2017 жылдың соңына дейін жаңа қазақ алфавиті мен жазу таңбаларының бірыңғай стандарты қабылданады. Ал келесі жылдан бастап латын тіліндегі оқулықтар дайын­далады. «Жаңа гуманитарлық білім», «Туған жер», «Қазақстаның қасиетті рухани құнды­лықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің геогра­фиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қа­зақстандағы 100 жаңа есім» атты Елбасының бастамасымен жасалатын ауқымды жобалар қоғамның рухани жаңғыру бағдар­ламасына қосылатын және жаңаша ойлайтын қазақстандықтардың пайда болуына септігін тигізетін үлкен үлес, – деді ол.

Кездесу соңында Болат Мұсақажыұлы депо ұжымын рухани жаңғыру тұжы­рымдамасын жүзеге асыру жолында белсенді атсалысуға шақырды.