Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жұмыс жәрмеңкесі

c5f33c7a-da21-40ea-9ebc-b79a5878df01-1

Балнұр АХМЕТ

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан­ның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» атты Жолдауын жүзеге асыру аясында «Қа­зақстан» қонақ үйінде Медеу ауданы әкімінің аппараты мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді. Осымен үшінші рет ұйымдастырылған ізгі шара мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету мақсатын көздеді. Маңызды іс-шара мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өздеріне лайықты жұмыс табуға, ал жұмыс берушілерге жұмыс орындарын тиісті мамандармен жасақ­тауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жұмыс іздеген адамдарға еңбек заң­намасы, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау мәселелері, жұмыспен қамтудың белсенді түрлері бойынша ақыл-кеңестер берілді.

Аталған жәрмеңкеге қатысқан аудан аумағындағы 40-қа жуық мекемелер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бос жұмыс орындарын ұсынды. Ізгі шараны  ашқан Медеу ауда­нының әкімі Ержан Жылқыбаев аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындар жәр­меңкесінің маңыздылығын атап өтті.

– Қай мемлекеттің болмасын, басты байлығы – адам. Жеті­мін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елімізде бүгінгі күні Елбасының бастамасымен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жай-күйін жақсарту үшін барлық жағдай жасалуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету, бұл – біздің қоғам алдындағы парызымыз», – деді аудан басшысы.

Естеріңізге сала кетсек, қазіргі таңда Медеу ауданында 4371 мүгедек адам тұрады, оның ішінде 16 жасқа дейінгі –  525 бала, І, ІІ топтағы – 2690 адам және ІІІ топтағы – 1156 адам бар.

Жиын барысында Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова жұмысқа орналасқан мүмкіндігі шектеулі жандардың саны жыл сайын артып келетіндігін атап өтті.

– Бүгінгі таңда Алматы қаласында 41 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Олардың 10 мыңнан астамы еңбекке жарамды жандар, әрбір екінші адам жұмыс істейді. Жұмыспен қамтылмаған адамдардың жартысынан көбінің жоғары және орта-арнаулы білімі бар. Өткен жылы жұмыспен қамту мекемелеріне мүмкіндігі шектеулі 305 адам жүгінсе, ал биыл бұл көрсеткіш 453 адамды құрайды, – деді Айгүл Ахметова.

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысқан 27 мүм­кіндігі шектеулі адамның 16-сы жұмысқа орналасқан. Жұмысқа тұрған бақытты жандардың арасында Вячеслав Долгопятов пен Анна Мироничева да бар. Ұзақ уақыттан бері жұмыс іздеп жүрген олардың қуанышында шек болмады. Вячеслав Долгопятов «Қазақстан» қонақ үйіндегі әмбебап жұмысшылардың қатарына қосылса, ал Анна Мироничева «Құралай» Сән үйіне әшекей жинаушы болып жұмысқа орналасты.

 

Бос орындар жәрмеңкесі өтеді

Алматы қалалық «Нұр Отан» партиясы, Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар, Дін істері жөніндегі бас­қарма­лары және  Ал­маты қалалық Ха­лықты жұмыс­пен қамту орталығы Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкер­лікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарла­масы шеңберінде жұмыс іздеуші азаматтарға арналған  Бос жұмыс орындар жәрмең­кесін өткізеді.

Өткізу уақыты: 2017 жыл­дың 21 сәуірі,  сағат 10.00.

Өткізілетін орны: Алматы қаласының Орталық мешіті, мекен жайы:  Пушкин көшесі, 16.

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жұмысқа орналасуға шынайы мүмкіндік береді.

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне Алматы қаласын­дағы банк, сақ­тандыру және аудиторлық компаниялар, өндіруші кәсіпорындар, мемлекеттік меке­мелер, телекоммунациялық, азық-түлік, көлік және тағы басқа компаниялар қатысады.

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі  мекемелер мен жұмыс іздеушілерге тегін өткізіледі. Шараның басты мақсаты – жұмысқа орналасуға  жәрдем­десу.

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысу туралы сұрақтарға мына телефондар: 279-03-76, 279-95-53 арқылы немесе  мына мекенжайға: Мақатаев көшесі, 117, Масаншы көшесінің қиылысы, Б блогына  хабарласуға  болады.