МЕМЛЕКЕТТІҢ БОЛАШАҒЫ

«Алматы қаласының жастарын қолдау жол картасы – 2020» жобасының тұсауы кесілді

Мәншүк БЕКБОСЫН

Кеше қалалық әкімдік мәжіліс залында қала әкімі­нің орынбасары Арман Қырықбаевтың төрағалығымен Алматы қаласы әкімдігі жанынан құрылған жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиында «Алматы қаласының жастарын қолдау жол картасы – 2020» жобасының тұсауы кесілді.   

Жиынның шымылдығын ашқан қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев үстіміздегі жылы шаһар басшысы Бауыржан Байбектің бастамасымен «Жастар жылы» болып жарияланғанын тілге тиек етті.  Сонымен қатар, қаланың белсенді жастары ұсынып отырған «Алматы қаласының жастарын қолдау жол картасы – 2020» бағдарламасы негізгі бес бағыт бойынша жұмыс істеуді көздейтінін мәлімдеді. Атап айтқанда, сапалы білім беру, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, жастардың бос уақытын тиімді өткізу, мәдени демалысты ұйымдастыру, жас отбасыларына қолдау көрсетіп, оларды баспанамен қамтамасыз ету болып табылады.

– Кез-келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Бі­лімсіздің күні қараң. Көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген білімді ұрпақ өз Отанын дамыту жолында аянбай тер төгеді. Қазіргі бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда «алма піс, аузыма түс» деп жатудың өзі әбестік. Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету әркімнің міндеті, – дей келе, Арман Қырықбаев жиын­ға қатысушыларға, – білім беру ісінен тысқары уақытта жастардың ішкі күйіне қаншалықты көңіл бөліп жүрміз? Қандай буын өкілдері жетіліп келеді? Олардың дүниетанымын іштей зерттеп жүрміз бе? – деген ортақ сауал тастады.

Расымен, бүгінгі жаңа ғасырдың жастарының ойлауы да, көзқарасы да жаңаша. Бұл да заманның бір талабы болар. Бәсекелестік күн сайын күшеюде.

– Алматыдағы бұрынғы трамвай депосында жастар коворкинг орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл депоның жалпы аумағы – 31 мың шаршы метрді құрайды. Инвесторлар бар. Солардың арқасында бұл жерді үлкен жастар орталығына айналдыруды көздеп отырмыз. Бұл орталықта кинотеатр, асхана, мәжіліс залдарынан бөлек, жастарға арналған қалалық жұмыспен қамту ұйымы жұмыс істейтін болады. Бұл ұйым жыл сайын қалаға қандай мамандықтардың қажеттігін, жұмыс орындарына қандай маман иесі керектігін зерттеп,  сол жағын үйлестіріп отырады,    – деді Арман Қырықбаев.

Айта кету керек, жастар коворкинг орталығы дегеніміз – жастар мен жастар ұйымдарының жұмысын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ұжымдық кеңсе. Жастар үшін барлық жағдай жасалған  орталық. Бизнес, шығармашылық, оқу бағдарла­малары аясындағы креативті жобалардың (қызығушылығы бойынша клубтар, көрмелер, үйірмелер, шеберлік сыныптар, тренингтер) жүзеге асуына тиімді орталық болып табылады.

Жастардың басын қатырған басты мәселе – баспана мәселесі. Алматыға арман қуып келіп, оқуын  жақсы тәмәмдаған мамандарға үлкен шаһардан мекенжай  табылмай қалатыны, әр бұрышты бір сағалап жүретіні басы ашық ақиқат. Солай болғанмен, «Жастықтың оты жалындап», келер күнге үмітін артып, тірлігін жалғай береді. Бұл ретте Арман Қырықбаев «Алматы қаласының жастарын қолдау жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында алдағы уақытта қалада эконом кластағы жатақханалардың салынуы ықтимал дегенді тілге тиек етті. Сонымен қатар, жастар қауымы үшін ипотекаға алынатын үйлердің қолжетімді болуын көздейтін мәселе де күн тәртібінде тұрған маңызды жоба екенін айтылды.

КЕРЕК ДЕРЕК

Алматыдағы 14 – 35 жас аралығындағы жастардың саны – 777 909 адам. Бұл – қала халқының 45,2 пайызын құрайды. Алматылықтықтардың әрбір екінші тұрғыны жастар екен.

Жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алып жүрген жастардың саны 200 мыңнан асады.

Өзге аймақтан келген жастар –

81 мың адам.