МЕДЕУ АУДАНЫНЫҢ ЕҢ ҮЗДІК ТӘРБИЕШІСІ КІМ?

Рая ЕСКЕНДІР

Медеу ауданындағы мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілері арасында №109 бөбекжай-балабақшада «Үздік педагог-2017» байқауы өтті. Байқауға аудан көлеміндегі балабақшаларда еңбек ететін, өз ісінің нағыз шеберлері қатысып, бақтарын сынады.

Айтулы шараны Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Ағайша Сапарова ашып, өткізіліп отырған байқаудың маңыздылығына тоқталды.

– Осындай байқауларды өткізу арқылы өз ісінің нағыз майталмандарын анық­таймыз. Жас ұрпақ тәрбиесі қазіргі қоғам­дағы ең басты, өткір мәселелердің бірі болып отыр. Бала қалай өсіп, қалыптасады, күні ертең қоғамда да сондай азамат болады. Сол үшін сіз бен біз көтеріп отырған міндет – өте жауапты. Біз осындай шараларды өткі­зу арқылы тәрбиеші мамандығының мәртебесін көтереміз. Бала тәрбиесіне бар­лығымыздың жауапты екендігімізді сезін­діреміз, – деген Ағайша Әмірқызы әрбір балабақшаның өзінде өткен байқау­лардан дара шығып, аудандық кезеңге жолдама алған үміткерлерге зор табыс тіледі.

«Үздік педагог» байқауына ауданның 7 балабақшасынан ең үздік деген №105, №109, №110, №112, №116 бөбекжай-балабақша тәрбиешілері — Жазира Нұрқасы­мова, Айжан Махмұтова,  Гүлсім Ақмол­даева,  Әсем Көбебаева, Рая Рысқұлова, №125, №141 балабақшалар тәрбиешілері — Эллада Маратбек, Арайлым Қошқарбаева қатысты. Сонымен, үш кезеңді қамтыған бай­қауда үміткерлер өздерінің күнделікті жұмыс жоспар­ларымен (портфолио­лары­мен) таныстырды. «Танысуға рұқсат етіңіз» деп аталатын кезеңде тәрбиеші өзін таныс­тырып, слайд арқылы күнделікті балабақ­шадағы өмірінен сыр шертті. Шешуші кезеңде қатысушы үміткерлер №109 бөбекжай-балабақша тәр­биешілерімен шеберлік сыныптарын өткізді.

Сонымен, Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Ағайша Әмірқызы, «Ұстаз» кәсіподағының Медеу аудандық комитетінің төрағасы Сағи Закиров, аудандық білім бөлімінің әдіскері Эльмира Ақылбекова, №114 балабақша тәрбиешісі Шырын Абдрахманқызы, №115 балабақша меңгерушісі Мархаба Кенжеғалиқызы әділқазылық еткен алқа мүшелері үміткер­лердің біліміне, жан-жақтылығына, бала­мен жұмыс істеудегі ерекшелігіне, басқа да адами қасиеттерін саралай отырып, ең үздік деген тәрбиешіні анықтады.

Ауданның ең үздік тәрбиешісі атану оңай емес, сондықтан, барлық сынақтан сүрінбей өткен, байқаудың талаптарына лайықты деген №112 балабақша тәрбиешісі Әсем Көбебаева бас жүлдеге ие болса, бірінші орынды – №116 бөбекжай-бала­бақша тәрбиешісі Рая Рысқұлова, екінші орынды – №110 бөбекжай-балабақша тәрбиешісі Гүлсім Ақмолдаева, үшінші орынды – №141 балабақша тәрбиешісі Арайлым Қошқарбаева иеленді.

Жеңімпаздарға Мақтау қағазы мен бағалы сыйлықтар табыс етіліп, басқа үміткерлер ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Осылайша, бас жүлдегер қалалық кезеңге өтті. Ал одан жеңсе, рес­публикалық байқауға қатысатын болады. Байқау барысында атап өтетін бір мәселе – былтырғы республикалық «Үздік педагог» байқауына қатысқан №159, №161 мектеп­тердің педагогтарының да  жеңімпаз боп оралғаны белгілі. Сондықтан, биылғы жылы да сәттілік тілейміз.

Байқаудың өтуіне барлық жағдайды тудырған №109 бөбекжай-балабақша меңгерушісі Орынбасар Құрмамбаеваға қатысушылар мен қонақтар ризашылық сезімдерін білдірді.