КЕЛТІРІП ЕРКЕК АЖАРЫН, ӘЙЕЛ БАР ОТТАЙ ЖАНАТЫН

%d0%b8%d1%82%d0%b5%d0%bd-6-%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be-%d0%bc%d0%b5%d0%b4%d0%b0%d0%bb%d1%8c%d0%bc%d0%b5%d0%bd

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

Қазақстанның

Құрметті журналисі,

Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі, Қызылорда қаласының

Құрметті азаматы.

сӨз сәулесі

Жатса өмірмен үндесіп,

Істеген іс, сөзің де.

Абыройың асқақтап,

Жүресің шалқып өзің де.

 

***

Өмірде бар шындықты,

Осылай жаза бастадым.

Дақпырт, үстірт сөзіне,

Иланбаймын басқаның.

%d0%b0%d0%b9%d0%b5%d0%bb

***

Береке, бірлік тасыған,

Жақсыны неге жасырам?

Өмірдің бар қызығын,

Көруге қатты асығам!

 

***

Орайы келген тұста,

Мәйегін сөздің ұста.

Ортасында көптің,

Жөнсіз алып — ұшпа.

 

***

Дүние жалған,

Жеткізбейді қарасы.

Ең әуелі адамның,

Жаңармаса санасы.

 

***

Ғажап мына өмірде,

Не жатпайды көңілде.

Ығын еспес өзгенің,

Өз ойым бар менің де.

 

***

Талабың көкке өрлесін,

Ешкімге жол бермесін.

Сәл осалдық таныту,

Біздің елде ерге сын.

 

***

Ұйқысын төрт бөлетін,

Бөлек жолы ананың.

Дамылсыз зыр жүгірер,

Қамын ойлап баланың.

 

***

Сыймайсың от басына,

Тусаң да бір анадан.

Басасың бауыр балаңа,

Құдайына қараған.

 

***

Ұл мен қызды бөлектеп,

Ара жігін ашпаңыз.

Екі ортада сүмеңдеп,

Бекерге аяқ баспаңыз.

 

***

Ұл да, қыз да өседі,

Көкейіңді теседі.

Ұқсамасын ешкімге,

Жасық, жалтақ кешегі.

 

***

Келінің жақсы болса,

Көңіліңнің өскені.

Жаман болса бықсып,

Су сепкендей өшкені.

 

***

Құшаққа тартып алатын,

Дұрыс жолға салатын,

Келтіріп еркек ажарын,

Әйел бар оттай жанатын.

 

***

Үміттің отын жаққан,

Түңілме болашақтан.

Қайрап бір күш-жігерді,

Өнерге, білімге аттан!

 

***

Санаңа жетсе де,

Ақыл-ой ұстамы.

Жерге тастама,

Өмірлік нұсқаны.

 

***

Намысы жоқ адамның,

Ой, мақсаты болар құм.

Дүниеге бір келген соң,

Тап-таза жүр, болма сұм.

 

***

Ел басқарған адамның,

Етек-жеңі кең болар.

Ой-сезімі таяздың,

Бір байламы кем болар.

 

***

Түзу жолға баланы,

Салғаның жөн жасынан.

Ұлттық болмыс, тәрбие,

Сіңсін бойға басынан.

 

***

Шөп те бірден өспейді,

Кеудеде от өшпейді.

Қанша жаман десек те,

Адам алдын кеспейді.

 

***

Болғанда дос бөлінбе,

Жүр сыйласып кезінде.

Ойыңды айт, іркілмей,

Сөз сөйлейтін жерінде.

 

***

Тоймас сенің көзің де,

Жоқ береке сөзіңде.

Қылығың көп бойыңда,

Жансың қызық өзің де.

 

***

Қанатын құстай жаятын,

Жүзі бал-бұл жанатын,

Жан екенсің жайдары,

Көңілдің бабын табатын.

 

***

Бөтен емес, сүйегім,

Ет жақыным, жиенім.

Әрбір адам ұрпақтың,

Көре берсін сүйеуін.

 

***

Бала-шағаның бағына,

Құшақты ашып сағына.

Кетеді жайнап жүзіміз,

Айналып жүрсек маңына.

 

***

Төккенде ана мейірін,

Ақтарып ақ пейілін.

Кетеді балқып тұлабой,

Пенденің ашып зейінін.

 

***

Сал ықылас анаға,

Болған қорған балаға.

Жүр аялап әрдайым,

Кетпей тастап далаға.

 

***

Шықпайды шаңы жаяудың,

Анасыз өмір қаяу-мұң.

Қарамай кеткен баланы,

Кажеті жоқ әсте аяудың.

 

***

Айқара ашып құшағын,

Сағынса қатты құшатын.

Көңілді бір сәт сейілтіп,

Ұқсайды құсқа ұшатын.

 

***

Көріп қалса емен дер,

Жүргенде үйде кемеңгер.

Жеткізген үлкен өмірге,

Атаны жаман демеңдер.

 

***

Әйелдің қатты шідері,

Үзілсе жаман күдері.

Ашуланса құм болар,

Еркектің қайрат-жігері.

 

***

Қыз түріне қарамай,

Жігіттің тәуірін іздейді.

Жігіт болса жалтақтап,

Күдерін қыздан үзбейді.

 

***

Сөйлестім бір кісімен,

Жібек жаулық кепкендей.

Зытып ала жөнелді,

Аспанға ұшып кеткендей.

 

***

Адамдардың осындай,

Мінезін жаман сақта есте.

Болсын дұрыс қатарың,

Жүрмесін аңғал, жол кеспе.

 

***

Қалса түсірмей саясын,

Адамды құдай аясын.

Қала қойсаң кәріп боп,

Кімге алақан жаясың.

 

***

Оқтын-оқтын тоқтаймын,

Ой желісін топтаймын.

Өзімді-өзім ұмытып,

Бұл маңайда жоқтаймын.

 

***

Жыпылықтаған жарығым,

Береке, нұр шаша бер.

Жылдар бойы жиналған,

Бар сырымды аша бер.

 

***

Керек адам оқысын,

Көкейіне тоқысын.

Таңдап, талғап алсын да,

Лақтырсын күл-қоқысын.

 

***

Істің қамын жемеген,

Болымсызбын демеген.

Қалған түсіп адамдай,

Теңізде жүзген кемеден.

 

***

Жатса жетпей шамасы,

Өзінің шикі, шаласы.

Болса төмен өресі,

Өзгенің жоқ таласы.

 

***

Жан екенсің,

Адамның көзін арбайтын.

Дәнігіп алсаң,

Соңынан бір қалмайтын.

 

***

Адамдарды көбіне,

Жайлағанда жалқаулық,

Сіңіп кетер бойына,

Аранын ашқан қорқаулық.

 

***

Кетемін ойға батып,

Қаламын жәйіңді ұғып.

Жүргені түседі еске,

Кім-кімді адам қылып.

 

***

Сақта есте әманда:

Батыр жыққанын,

Құлқын жұтқанын,

Қалта тыққанын біледі.

 

***

Әуелі зер салшы,

Сөзі тұрақты ма?

Қатырып басты,

Қоя береді екен,

Көп сұрақты да,

Әрекеті алдайтын

Адам сияқты да…

 

***

Ақшаға құныққан,

Жымысқы келеді,

Жымын білдірмейді,

Жібін ілдірмейді,

Қабағы ашылып,

Жадырап бір күлмейді.

 

***

Болса масыл,

Сілең қатады.

Ұятты білмей,

Өліп жатады.

 

***

Бір басынан асырып,

Жібермей амал-айласын.

Адам болар өзінің,

Келешегін ойласын.

 

***

Ас – адамның арқауы,

Ер – үйдің қорқауы.

Қиындыққа төзбейтін,

Ең нашары, жалқауы.

 

***

Ажалдан адам күшті емес,

Өмір деген құр елес.

Қайғы-мұңға салынба,

Ажалға дейін бір белес.

 

***

Қапыда қалма, қапыда,

Бір жүгіріп, бір құлап.

Жаратқан өлі санаған,

Адамның бәрі ұйқыда.

 

***

Қанша уақыт шабарсың,

Кімге кінә тағарсың.

Қаһарлы ажал жеткенде,

Қылжиып та қаларсың.

 

***

Қашырып сөздің басқасын,

Мақтады өз баспасын.

Бассын, мейлі баспасын,

Міндеті бастан аспасын.

 

***

Жүрмін көрмей адамдарды,

Бір нәрседен қаймығар.

Жемқорлықтың тамырына,

Балта шабар жайды ұғар.

 

***

Жатса адам ерініп,

Іске қолы бармайды.

Әп-әдемі тірлікке,

Жөнді назар салмайды.

 

***

Ойсыз адам азбайды,

Қатарынан озбайды.

Күн жаумай-ақ су болып,

Жатқан ойды қозғайды.

 

***

Ағайынның арасы,

Жетпей жатса санасы,

Дүниеге таласып,

Белгілі болар шамасы.

 

***

Сіркесі су көтермей,

Жүрсе шаршап кеңседе.

Барғанда аң аулауға

Кіріседі белсене.

 

***

Жүрген жортып далада,

Киіктерді көргенде.

Қырып тастар шетінен,

Ашымай жаны бір пенде.

 

***

Қысы-жазы бір азбайсың,

Шабаққа тойған қаздайсың.

Қамын ойлап ұрпақтың,

Бір ауыз сөз жазбайсың.

 

***

О баста жаралған соң

адам болып,

Жүрейік, бұл өмірде

қадам толып.

Қу тірлік жеткізбейді

шегіне бір,

қусаң да тіс қаққан,

қаруланған маман болып.

Өзінше тірлік етсең,

Жетесің, мұратыңа.

Сене бер, бойда бар

күш-қуатыңа.

Қолымыздан жұмыстың

келмес бәрі,

қалмайық орта жолда

әрі-сәрі.

Тек адал еңбек өмір нәрі.

 

***

Көндігер қарсы тұрған

тажалға да,

Адамға ең қорқыныш ажал ғана.

«Қорықсаң қос

көрінер» дегендейін,

Абыржып, қу жаныңды азарлама.

 

***

Жүргенде қатарыңда ойы арам,

Айласын білдірмейді

жымысқы адам.

Екі жүзді, сұрқия, жөгіменен,

Бірге жүріп, дос болу өте жаман.

 

***

Кісіге еш жақсылық ойламаған,

Қулығына сырық та бойламаған,

Арамызда әлі де талтаңдап жүр,

Емін-еркін ішіп-жеп тойған адам.

 

***

Көңіл қартаймайды,

Қанағат ортаймайды.

Көзі де бір тоймайды,

Бұл адам не ойлайды?

 

***

Уақыт — қымбат,

Оян, намыс!

Бойкүйез, бейғам,

Жүрме қалыс…

 

***

Өтті қызық  дәурен бір,

Шыға бермес алдан кіл.

Сүрдің қалай дәуірді,

Өзің ойлап, өзің біл?!