БИЫЛ ҮШ ЖОЛАЙРЫҚ САЛЫНАДЫ

Құттыбек АЙМАХАН

Биыл мегаполистегі көлік қатынасы жолдарына қалалық әкімдік айрықша назар аударып отыр. Атап айтқанда, ақпан­да шаһар тұрғындарымен есептік кездесуінде қала әкімі Бауыржан Байбек осы мәселеге баса мән бере келіп, «Пре­зиденттің тапсырмасы бойынша, соңғы 15 жыл көлемінде қалада 30 көліктік жолай­рық салуға 300 млрд. теңгеден астам инвес­тиция тартылған еді. Осы ретте, келесі  жылы шаһарда тағы екі жолайрық салынып, Кіші көлік айналма жолының іске қосылуы негізгі көшелердегі кептелісті азайтады деп күтілуде» деп атап өткен болатын. Осыған байланысты қалада қандай жұмыстар қолға алынбақ. Енді соған келейік.

Өздеріңіз білесіздер, жоғарыда әкім айтып өткендей, Алматыда соңғы 15 жылда 30 көлік жолайрығы салынып біткен екен. Көріп отырғанымыздай, жыл сайын қалада орта есеппен екі жолайрық пайдалануға беріліп отырған. Әрине, алғашқы кездері шаһарда жолайрық салу айтарлықтай қиын болғаны белгілі. Сонда да бір жылда екі жолайрық салуға үлкен күш жұмсалып, талай маңдайтер төгіл­гені есімізде.

Ал енді биылғы жылы мегаполисте үш жолайрық құрылысын бастау жобасы бекітілген. Олар Рысқұлов даңғылы мен Құлжа тас жолы қиылысында, сосын Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің түйіскен тұсында салынады деп жоспар­ланған. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Фур­манов көшесін одан әрі ұзарту жұмыс­тары да жалғасын тауып, ол аяқталған кезде Сейфуллин даңғылы мен Жансү­гіров көшесі қиылысында жаңадан салы­нады деп жоспарланып отырған жол­айрыққа келіп түйісетін болады.

Дегенмен де, Фурманов көшесін сөзу жұмыстары қалалық әкімдікке әжептеуір қиындықтар әкелгелі тұр. Өйткені, Сей­фуллин – Жансүгіров, сондай-ақ, Рыс­құлов – Емцов көшелері қиылысына жолайрықтар салу үшін алдымен жүзден астам үйді сатып алу керек екен. Ал бұл іспен айналысу Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасына тапсырылды. Қазір олар әр үйдің бағасын есептеп, үй мен жердің өтемақысын төлеу мәселе­сімен айналысып жатыр.

Жалпы, өткен жылдан бері солтүстік бағыттағы негізгі магистральдардың жүк­те­месін жеңілдету мақсатында – қала әкімдігі Фурманов көшесін Жансүгіров көшесіне дейін созуға шешім қабылдаған болатын. Бұл нысанды салуға Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары басқармасы тапсырыс берді. Әрине, бұрындары қалыптасқан жағдайлар секілді, мұнда да тұрғын­дардың мемлекеттік мұқтаждық үшін үйлерін қымбат бағаға сату орын алып қалуда. Бірақ, Фурманов көшесін ұзарту барысында кездесіп отырған келіспеу­шілік­тер соншалықты көп болып отырған жоқ. Қайсібір ақпараттар бойынша, көлік жолайрығы нысаны салынатын бұл нысан бойынша 72 жер телімі орналасқан екен. Демек, Фурманов көшесін созу үшін сатып алуға мәжбүр ететін үйлер айтарлықтай көп емес деп саналады және оларды сатып алу кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Соған орай, егер бұл жұмыстар жоспарға сәйкес жүретін болса, онда бұл нысанды салу келесі жылға жоспарланған. Ал енді жоғарыда айтқан барлық үш жолайрықтың құрылысын салып бітіру 2019 жылға белгіленген.

Атап айтатыны, нысандар құрылысы қазіргі таңда 7 – 12 млрд. теңге жоба­сында  межеленіп отыр. Үстіміздегі жылы аталған үш жолайрықтың әрқайсысына 1-1,5 млрд. теңгедей қаржы бөлініп қойыл­ған. Әзірге, осы құрылыс орнын­дағы үйлерді сатып алу мәселесі шешімін тауып, негізгі қаржы кейіндеу игеріледі деп күтілген. Бұл ретте мәжбүрлеп алып қою және өтемақы мөлшерін есептеу тәртібі ҚР Жер кодексіне және «ҚР мем­ле­кеттік мүлік туралы» Заңына сәйкес реттелген.