«БАРМАСАҢ, КЕЛМЕСЕҢ, ЖАТ БОЛАРСЫҢ…»

Түрікмен басшысының Астанаға сапары туралы

94417_b0

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағанындай, Түрік­менстан  президенті  Гурбангулы Бердымухамедов 18-19 сәуір аралығында екі күндік  мемлекетік сапармен Астанада болып қайтты. Бұл оның  билік басына келгелі Қазақстанға жасаған екінші сапары. Бұдан бұрын ол 2013 жылдың 10-11 мамырында Маңғыстау түбегіне келіп,  Елбасымыз Н. Назарбаевпен бірге «Солтүстік – Оңтүстік» трансұлттық  темір жол желісінің  Иранға апаратын «Өзен – Қызылқия» деп аталатын қазақ-түрікмен бөлігін  іске қосу салтанатына  қатына­сып қайтқан  болатын.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының»

саяси шолушысы

Біз үшін Түрікмения — жаттығы жоқ, тарихымыз тамырлас, көршілес, ежелден  сауда-саттық пен мәдени-гуманитарлық байланысымыз қалып­тасқан түбі бір, туыстас ел.

Түрікмен елі тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасырдан астам уақыт ішінде дамудың белгілі бір жолынан өтті. БҰҰ Бас Ассамблеясының 1995 жылы 12 желтоқсанда қабылдаған №50/80 Қарарына сәйкес Түрікменстан Рес­публикасы бейтарап саясат ұстанады. Ешбір саяси не әскери блоктарға қосылмайды. Түрікмен жұртының бүгінгі тыныс-тіршілігі,  ішкі және сыртқы саясаты, яғни, ұстанған бағыт-бағдары  туралы бұған дейін де  жаз­ғанбыз: («Алматы ақша­мы», 29.07.2015 ж. «Бейтарап Түрікменстан»).

76f406cba15ee13a72852357c18c2e81

Қазақстан мен Түрікменстанның қарым-қатынасы аса белсендіден гөрі,  бірқалыпты баяулау деңгейде. Бұған жо­ғарыда айталған «бейтараптық» саясат­тың ықпал етіп отыруы да ықтимал.

Әйтсе де, халықаралық қатынаста екі елдің қатысуымен шешілуі тиіс ортақ мәселелер де бар. Оның бірі – Әзірбайжан, Иран және Ресеймен өзара келісіп, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау болса, екіншісі – Орталық Азияда: Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанмен бірлесіп, Әмудария, Сырдария сияқты трансшекаралық өзендердің суын тиімді пайдалану

жайы.Түрікмениядан Қытайға «көгілдір отын» тасымалдайтын «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» құбыры біздің жеріміз арқылы өтеді.

 Әзірге Қазақстан мен Түрікмен­станның өз тауар айналымы 283,3 млн. $  көлемінде. Ол жаққа – өсімдік пен ағаш металл өнімдерін, металлопрокат, кальций фосфаты, ұн, жарма және кондитерлік өнімдер шығарып,  олардан – мұнай-газ, мотор-көлік, томат өнімдерін және қозғалтқыш пен күштік қондырғылар сатып аламыз.

Әдеттегідей, бұл жолғы жоғарғы дәрежедегі мемлекет басшыларының кездесуінде де екі  жақты ынтымақ­тастық бағытында: сауда-экономикалық, отын-энергетикалық, транзиттік-көліктік және мәдени-гуманитарлық қатынас мәселелері талқыланып, оларды дамытып, жандандырудың мүмкін­діктері қарастырылды. Прези­денттер, сондай-ақ, геосаясат, халық­аралық қатынас, өңірдің қауіпсіздігі жөнінен де өзара пікір алмасты.

Қазақстан Президенті Н. Назарбаев  тәуелсіз мемлекеттер ретінде екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнатқалы бергі 25 жыл ішінде қос тараптың өзара түсіністікпен жұмыс істеп келе жатқанын, шешілмеген еш­бір мәселенің жоқтығын атап көрсетті.

Өз кезегінде Түрікменстан мемлекетінің басшысы Г.Бердымуха­медов:

– Қазақстан мен Түрікменстанның халықаралық аренада оң бедел мен рей­тингке ие болып келе жатқанын ерекше атап өткен жөн. Біз бейбітшілік, тұрақ­тылық және қауіпсіздік мәселе­лері бойын­ша өз ұстанымымызды тек өңірде ғана емес, бүкіл дүние жүзінде БҰҰ мен ЕЫҚҰ сияқты халықаралық құрылым­дармен бірге айқындап келеміз, – дегенді айтты.

Келіссөздер қорытындысында төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасы Прези­денті мен Түрікменстан Президентінің бірлескен Мәлімдемесі;

 – Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Стратегия­лық серіктестік туралы Шарт;

– Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын белгілеу туралы келісім;

 – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Қазақстан-Түрікменстан үкіметаралық комиссиясы туралы келісім;

 – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттарды өзара сақтау туралы келісім;

 – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Түрікменстан Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақ­тастық жөніндегі бағдарлама;

 – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Түрікменстан Қаржы министрлігі арасындағы қылмыстық жолмен түскен кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржылан­дыруға қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісім;

 – Астана мен Ашхабад арасында бауырластық байланыс орнату туралы келісім;

 – Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен Түрікменстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы Ынтымақтастық туралы келісім.

Елбасымыз Түрікменстан Прези­дентін Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарының соңына қарай бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Өзбекстан президентінен кейін елімізге түрікмен басшысының келуі — жақсылықтың нышаны. «Бармасаң, келмесең, жат боларсың» демекші, мұндай қарым-қатынастардың  Орталық Азиядағы  ынтымақтастықтың  өріс алуына ықпал етері сөзсіз. Екі елдің мақсат-мүддесі мен игілігіне бағыт­талған байланысымыз баянды болғай.