АҚШ көрмесі нағыз инновация алаңына айналды

ЭКСПО шежіресі

flhr316620

1874 жылы ЭКСПО көрмелеріне ақыры Америка қосылды (Филадельфия қаласы). Алғашқы рет көрме бір ғима­ратта емес, бірнеше павильонда өтті. Олар бесеу болды: басты павильон, өнер па­вильоны, құрал-жабдықтар залы, бағ­бандық сарайы және ауылшаруашылық залы. Бұған қоса Америка Құрама Штат­тары, шет мемлекеттер мен жекеменшік компанияларға арналған 200-ге жуық павильон болды. Көрме ішінде темір жол көлігін қолдану нағыз ғажайып болды. Дәл сол Филадельфияда алғашқы рет Алек­сандр Грэм Беллдің телефоны, Томас Альва Эдисонның телеграфы, Ремингтон­ның жазу машинасы және «Хайнц» қызанақ кетчупы көрермендер назарына ұсыныл­ды.

1893 жылы Америка құрлығында екінші рет (Чикаго қаласында), Бүкіл­әлемдік әмбебап көрме ашылды. Бұл құр­лықтағы алғашқы көрме 1874 жылы Фи­ладельфия қаласында АҚШ-тың Тәуел­сіздік декларациясын жариялаға­нына 100 жыл толу мерекесіне арналған болатын. Ал 1893 жылғы Чикаго көрмесі Хрис­тофор Колумбтың Американы ашқа­нына 400 жыл толу құрметіне арналды.

1893 жылдың 1 мамырында АҚШ президенті Гровер Кливленд салтанатты жағдайда Америка құрлығындағы екінші Бүкіләлемдік әмбебап көрмені ашты. Бұл ашылу салтанатына 150 мыңнан астам қонақ қатысты. Салтанатты рәсімге Фила­дельфия қаласынан арнайы азаттық қоңырауын алдырды. Көрменің ашылу салтанатында АҚШ-тың тапсырысы бойынша орыс сазгері А.Глазунов жазған салтанатты марш ойналды.

Электр энергетикасына арналған павильон 120 мың түрлі-түсті шамдармен әрлендірілді. Әлемге әйгілі «Westіnghouse Electrіc» фирмасы 15 мың әртүрлі электр шамдарынан тұратын ұстын орнатып, электр жарығының сәулесімен айшықты көріністер жасады. Осы павильонның жұмысын көрсетуге орыстың белгілі ғалымы А.Лодыгин белсене атсалысты. Кейіннен ол Америкадағы электр лампа­лары зауытының құрылысын салуға арнайы шақырылды. Сонымен бірге, орыстың көрнекті ғалымы Н.Славянов 1888 жылы өзі ойлап тапқан электрмен дәнекерлеу аппаратын алғаш рет осы көрмеде көпшілік назарына ұсынды.

 

Жастар ЭКСПО-ны қолдайды

Елордада өтетін «ЭКСПО-2017» халық­аралық мамандандырылған көрмесі Орталық Азиядағы әлемдік деңгейдегі алғашқы іс-шара. Үш айға созылатын «Бола­шақтың энергиясы» тақырыбындағы «ЭКСПО» көрмесіне Қазақстан жан-жақты дайындықта келіп отыр. Елдің барлық аймақтарында әлемдік шараны қолдаған іс-шаралар өткізіліп, көптеген қазақстан­дықтар көрмені тамашалауға ықылас білдіруде.

Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін қолдаушылардың басым бөлігі — қашан да жаңалыққа жаны құмар жастар. Олардың қатарында оңтүстік астана жастары да бар. Алматыда 15 сәуір күні «ЭКСПО»-ны қолдаған іс-шара болды. Алатау ауданы «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшелерінің бастамасымен «Сарыарқа» саябағында флеш-моб өтті. Алматылық жастар Қазақстанда өтетін халықаралық көрмеге көтеріңкі көңіл-күй, би-жатты­ғулар арқылы қолдау көрсетті.

 

Салтанат АХМЕДЖАНОВА,

«Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалы.