ШӘМШІНІҢ ӘНДЕРІ МЕН ӘЗІЛДЕРІ

(Жалғасы. Басы өткен санда).

826f153e77a37805e5acb468b6c91be7

Көпен ӘМІРБЕК,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

 

Ән аға

Шәмшіге арналып 83 ән жазылыпты. Не деген бақыт! Шәмшінің өзі де әнге айна­лып кеткен! Сол шоғыр әндердің ішін­дегі шоқтығы биігі – Қалдыбек Құрман­әлиевтің «Ән аға» әні. Жұрттың бәрі «Ес­керткіштер тек таспен қашалып жасалады» деп ойлайды. Мен де солай қабылдай­тынмын. Бірақ, Қалдыбек бауырымның Шәмшіге арнап жазылған «Ән ағасынан» кейін әннен де ескерткіш орнатуға болатындығына көзім жетті.

Ән табылды. «Нан» табыла ма?

Жоқтаушысы қарақұрым. Мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов Шымкент шаһарының әкімі боп тұрғанда тұңғыш рет Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық ән фестивалін өткізді. Бұл үрдісті Жамбыл облысына әкім боп бар­ғанда да жалғастырды. Халық қаһарманы, Академик Мұхтар Әлиев «Шәмші Қалдая­қов атындағы халықаралық «Шарапат» қорын құрып, біршама ізгілікті жұмыс атқарды. Бұл бастаманы көтерген бірнеше аудандар мен Түркістан, Шымкент қала­сы­ның әкімі болған өнер жанашыры Өмір­зақ Әмет болатын. Көше берілді, басына ескерткіш орнатылды. Қоғам қайраткері марқұм Сарыбай Қалмырзаев Жамбыл облысының әкімі боп тұрғанда Шәмшінің кесенесін көтеруге қаржылай көмектесіп, демеушілік жасағаны елдің есінде. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі кезінде Болат Жылқышиевтің мұрындық болуымен жыл сайын Шымкентте халықаралық Шәмші Қалдаяқов атындағы ән байқауының өтуі үрдіске айналды. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов орталықтан Шәмші ескерт­кішін орнату үшін арнайы жер телімін бөлді. Оңтүстік Қазақстан облысы­ның әкімі Асқар Мырзақметов Шымкент шаһарының шырайлы аумағынан Шәмші Қалдаяқов аллеясын жасады. Қазір бұл жер жастардың демалыс орны мен сүйікті саябағына айналған. Жыл сайын тамыз айында Шәмшінің туған күніне орай оңтүстікте республикалық ән фестивалін өткізу – ұлы композитордың рухына тағзым. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен орталық концерт залында Шәмші әндерінің керемет кеші үшінші рет өткізіліп, жақсы іс жалға­сын тауып келеді.

Шәмшінің әндерін қанша мәрте қайталап айтсаң да жалықпайсың. Айтқан сайын бұрын сезбеген, мән бермеген жаңа бір нәзік тұстары айқындалып, айшықтана түседі. Елтіген үстіне елти бересің. Содан қазақ әндеріне деген мақтаныш се­зім­­ің өркештене бастайды. Шәм­шіні іздейсіз, сағынасыз. Сіз­дің сағы­­нышыңызды баса алар­лық, оның ғажайып ән мұрасының қалға­нына шүкіршілік етесіз.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ.

upqh5jwmi-y

Аспанда да алалық бар

Шәкеңнің сырлас досы сырбаз жазушы Еркінбай Әкімқұлұлы «Ән падишасы Шәмші Қалдаяқов» атты романын оқыр­ман­дар назарына ұсынды. Құнды дүние. Құмартып оқыдық. Қайта тірілтті.

Ақын, драматург, композитор Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» пьесасы Шәмші ғұмырының жастық шағын бейне­лейтін тамаша қойылым. Көптеген театр­дың сахнасынан түспей келе жатқан бұл сазды спектакль көрермендер көзайымына айналған.

Шәмші Қалдаяқов атындағы халықара-лық ән фестивалі дирекциясының Бас ди­рек­торы болып істеген Қалдыбек Құрманәлі «Шәмші» журналын шығарып, ұлы компо­зитордың қанашама мұрасын жинақтады, қаншама ән кешін өткізді. Кезінде әкім­ші­ліктің қара жүгін арқалаған қазіргі кәсіп­кер Серік Ибадулаевтың бастамасымен журналист Сабырбек Олжабай екеуміз жан-жақтан жинақтап «Шәмші әлемі» атты көркем безендірілген кітап шығардық.

Негізі, сонау сексенінші жылдардың басында-ақ халық Шәмшіні көзі тірісінде іздей бастаған. Шәмші қайда? Не істеп жүр? Беймәлім. Сол тұста драматург Ораз­бек Бодықов «Шәмші Қалдаяқов туралы жыр» деген мақала жазып, сұңғыла ком­позиторға сұрау салды. «Қалдаяқов, қайда­сың?!» деді. Тапты. Бұйығы тірлікпен бұғып жатқан жоқ екен. Шамырқанды. Шабытын шақырды. «Теріскей», «Отырардағы той» сияқты әуезді әндер жарты әлемді жаңғырт­қандай шырқалды…

Ақиқатын айту керек, ғайыптан тайып бейхабар кеткен Шәмшіні алғаш рет ізде­ген Мұқағали Мақатаев болатын. Дүниеден озар шағында (1976 жыл) ауруханада жатып жазған ақиық ақынның «Шәмілге жазған хаттарынан» үзінді келтірейін.

… Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,

Соған шөлдеп, айызым тамсанады.

Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па?

Өз-өзінен жүрегім ән салады.

 

Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,

Өзегіңді өртеп дерт, жаншылай ма.

Махаббатқа арнап бір ән шығарсаң,

Шәміл-ау!

Шәмші қайда?

Шәмші қайда?

Шәмшіге айт,

Тағы да бір таңдандырсын,

Жындандырсын жүректі, жандандырсын.

Мәңгі өлмес махаббатым айта жүрер,

Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын!

Ұлағатты композиторды ұлағаттап қан­шама жанашыр қалам тербемеді?! Дұрыс. Бірақ, тамаша эстет, табиғи журналист Қали Сәрсенбайдай шындықты айтып шырылдағандары кемде-кем. Негізі, Қали бауырым хас таланттардың қара дақта­рын тазартып жүрген, яғни, қия-шыңдардағы қилы-қилы өнер иелерінің «химчисткасы». Осының Шәмші туралы шәмбісі жоқ шәй секілді «сұйық» сыпсыңдарға қойған тос­қа­уылы елді елең еткізгені рас. Құлақ түрейік.

– Әлі күнге дейін бір нәрсеге таңқала­мын. Дұрысы тыжырынамын. Шәмшінің көзі тірісінде де, кеткеннен кейін де ізінен арақ туралы сөз өкшелеп, сыпсыңдап қалмай келеді. Тіпті, екінші «аты» секілді. Осы сөзді айтатындар ең алдымен зиялылар, былайша оқығандар…

Шәмшіге «ішкіш» ретінде жоғары «баға-сын» бергендер аз емес. Таланттың кемші­лігін айту керек, бірақ, оны ұсақ-түйектің құрбанына айналдыруға болмайды. Ме­ніңше, үлкен қызметте болғандар­дың өрескел кемшілігін айтқан дұрыс, ал керек десеңіз, үлкен таланттың кемшілігін де кеші­руге болады. Өйткені, ол халықтың адамы. Халық оны ешқашан жаманатқа қимайды. Әрі-беріден соң сенің ол туралы бөстекі сөзіңді қабылдамайды да. Орыста басқасын айтпағанда Есенин мен Высоц­кийден артық ішкіш болмаған. Бірақ сол адамдар туралы жазған қайсыбір дүниені оқысаң да өмірі арақ ішпеген секілді. Одан гөрі басқа әңгіме маңыздырақ. Есениннің қарындасы ол жөніндегі бөстекі сөздерге дер кезінде тосқауыл қойып, Ресейдің кей­бір зия­лы қауымын дұрыс жолға салып жіберді…

Қысқасы, орыстар, еврейлер, тіпті, өзіміздің өзекеңдер мықтыларының өзге кемшіліктерін көрер көзге көрсетпей, байқатпай жіберіп, дүниеде жоқ теңеуге теліп, айды аспанға шығарып жазып жатады. Халыққа талант туралы дұрыс әңгіме керек. Талант – халықтың бақыты. Ал, бақытын әркім де аялағысы келеді.

Ұлағатты ұстазым Мұзағаң, Мұзафар Әлім­баевпен көршімін. Аракідік аманда­сып, ой бөлісіп тұрам.

– Шәмші ағаның шығармаларының құдыреті неде? – деп сұрадым бірде. Жасы­рақ кезінде өзбек, қырғыз, татар тілдерінде де орындалған Шәмші әндерін сүйсіне тыңдағанын айта келіп, жіліктеп-жіліктеп жеті қасиетін қағазға жазып берді.

– Шәмші қазақ халқының ежелгі саз өнерімен қаршадайынан танысқан, бойына мол нәрін сіңіріп, туған халықтың төл әндері ерекшеліктеріне терең бойлаған, сол қасиеттерді саралап тани білген. Бұл бір.

Екіншіден, аймақтық шектелуден аулақ, шағынауданның көлеміне қысылу­дан жырақ жан. Оның өнер төркіні – бүкіл кең-байтақ Қазақстан! Ол Қалдаяқовтың баласы болып қана сөйлеуді өнер маң­дайына тарсынады, халықтың ұлы болып шырқауды шын өнер мұраты тұтады. Сөйтіп, талабының таудайлығынан ұтады!

Үшіншіден, қанатты композитор эстра-даның есті, парасатты қырларына көңіл аударады да, оның қаңғыр-күңгір аз күндік дәуренінен бойын аулақ салады. Саз – үні­нің сара ұлттық сипатта болуын мақсат ете­ді. Құрақ көрпедей қиынды-құранды әнсы­мақтарды Шәмшіден іздесең де, табу қиын. Ондай дүмбілез дүниесі жоқ та шығар.

Төртіншіден, композитор Шәмші Қал­даяқов өзіне жан дүниесі, арман-тілегі, твор­­чес­тволық тынысы, өнер оңтайы үндес ақын­дармен одақ құрады. Әрі ән-өлең сөзіне талғамшыл, талап қойғыш. Өзінің де бір шағым ақындығы бар Шәмші сыбайлас ақынның шамына тимей, арқасынан сипай отырып, өзіне керек өлеңді жазды­рып ала алады. Идея­сын ұсы­на­ды, со­ған ақын­­ды жұмылдыра біледі, жөндеткізе, жетіл­дірте алады.

Бесіншіден, өнер одақтасы бола жүріп байқағаным – ән жазу инициативасы тізгі­нін қолынан шығармайтын компози­торы­ңыз осы Ш.Қалдаяқов. Яғни, ол алдымен әнін шығарып алып, ақынға өлеңді содан соң жаздырады. «Сойыл күшін соққы көр­ген біледі» дегендей, мұндай үрдістің ауырт­палығын Шәмші әуендеріне жыр жазғандар ғана біледі.

Ырғақтама, ұйқастама, шумақтама тұрғысынан алғанда Шәмші саздары әр алуан, қырық құбылады. Өзінен бұрын­ғыларды айналып өтіп, қайталамауды басты бағдар етеді.

«Ақмаңдайлым» мен «Ақсұңқарымға» өлең жазарда тек қайырмасы үшін ғана қаншама тер төккенімді әлі күнге дейін ұмытқаным жоқ. Әрине, бұл композитор ізденгіштігінің айқын көрінісі. «Әлеуләйім» мен «Әрияйдайымға» салып әуелете беретіндерге бәрі оңай…

Алтыншыдан, композитор Ш.Қалдая­қов әншілерді таңдай біледі. Мәселен, «Ақмаң­дайлым» мен «Ақсұңқарымды» басынан-ақ Роза Бағланова дауысына бейім­деген еді. Өйткені, әнді алғаш орын­даушы дұрыс таңдалса, жаңа туынды жал­пақ жұртқа жақсы тарайды, жаппай айтылады.

Жетіншіден, композитор Шәмші халық­қа ненің қажет екенін жақсы біледі, яғни, бүгінгі таңда жұрт нені аңсап отыр, ертең қандай өнегеге құмартады – осының бәрі оның назарында.

Түнгі аспанның түндігін ашып, көгіне көз жіберсең миллиондаған жұлдыздарды көрерің хақ. Бәрінің аты жоқ. Бірақ, бәрі де қара аспанның қақ төріне жайғасып алған. Ал, аты бар Үркер, Шолпан, Жеті­қарақшы, Темірқазық секілді шоқ жұл­дыз­дарға аспанның шет-шетінен орын тиген.

… Аспанда да алалық бар.

Әбіш Кекілбайдың осы бір философия­лық астарлы тұжырымы Шәмші Қалдая­қовтың ғұмыр кешкен заманына арналып айтылғандай сезінем. Расында да, өнер көгінің биігіне көтерілген Шәмші ағамыз аты бар жұлдыздай алыстан жарқырайды.

Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивальдерінен кейін қазақ эстрада­сында шоғыр жұлдыздардың пайда болуы ел үшін ең үлкен қуаныш.

Жұлдыздан жұлдыз ғана туады!

Жалғасы бар.