ТҮСІНІП ТАРТПАҒАН КҮЙДЕ ЖАН БОЛМАЙДЫ

alaw3752

Қазақтың өзіндей болып кеткен қоңыр домбырасымен  күй шығарып, оны тебіренте орындау тек біздің халыққа ғана тән қасиет. Осын­дай ата-бабала­рымыздан келе жатқан өнерді алға сүйреп, сабақ­тас­тыра жалғастырып келе жат­қан жас күйші, композитор Ғала­мат БЕЙСЕҚОЖАЕВПЕН аз-кем әңгімелескен едік.    

– Ғаламат, қазақ халқы өнерді өте жоғары бағалайтынын білесің. Оның ішінде ұлттық өнерге деген халықтың ықыласы ерекше. Елімізге енді ғана таны­мал болып келе жатқан жас күй­шісің, сен жайлы әлі білмейтін тыңдар­мандарыңызға өзің туралы ақпарат бере кетсең?

– Мен осы әсем қала Алматыда дүниеге келгенмін. Алты жасымнан бас­тап домбыра үйірмесіне барып, күй тар­туды сол жерден үйрендім. 5-сыныптан бастап Ахмет Жұбанов атындағы дарын­ды балаларға арналған музыка мектебіне оқуға түстім. Жалпы, алғаш­қы күйлерімді 11 жасымда шығара бастадым.  Қазір 15 жастамын.

– Жақында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ағаң Нұрсәт Бейсеқожаевпен бірге «Нұрлы жол» атты шығармашылық кеш өткіз­ген­деріңді білеміз. Осы кеш жайлы айтып берсең. Не себепті «Нұрлы жол» деп атадыңдар?

– Иә, біз бұл шығармашылық кеші­мізді  өткізу үшін бір айдан астам уақыт дайындық жүргіздік. Бұл кешті өткізуге бірден-бір себепкер болған – біздің әкеміз. Кеш барысында Құрманғазы атын­дағы қазақ мемлекеттік академия­лық  халық аспаптары оркестрімен бір­лес­кен және ағам Нұрсәт  екеуміздің  бір­неше жеке туындыларымыз орын­далды.  Сонымен қатар,  өздеріңізге белгілі, былтыр еліміз өзінің 25 жыл­дық мерейтойын атап өтті.  Осы орайда біз де өз еліміздің дамуына, оның ішін­де мәдени дамуына қосқан кішкентай үлесіміз ретінде осы кешті өткізуді жөн көрдік. Ал, бұл кештің «Нұрлы жол» деп аталу себебі, ағам Нұрсәт Бейсе­қожаевтың «Нұрлы жол» атты күй-поэ­масы бар. Бұл шығарма осы Тәуелсіздік алған жылдардағы Елбасымыздың жа­саған жұмыстары мен еліміздің бастан кешкен ширек ғасырлық тарихын күй арқылы суреттейді. Қазір еліміздегі жастарға жасалып жатқан қолдауды ерекше атап өтпеске болмас, сол себепті де шығармашылық кешті осылай атадық.

– Кеш барысында қандай күйлер, қан­дай шығармалар орындалды? Жал­пы, Күй қоржыныңда неше туынды бар?

– Шығармашылық кешімізде өздерінің тамаша туындыларымен қол­дау көрсеткен Құрманғазы атын­дағы қазақ мемлекеттік академиялық  халық аспаптары оркестріне және осы кештің өтуіне атсалысқан барлық өнерсүйер жандарға алғыс айтқым келеді.  Бұл кешімізде оркестрдің орындауынан бөлек, ағам Нұрсәт Бейсеқожаевтың 15-ке жуық күйі орындалса, менің күй қор­жынымдағы «Жазғытұры», «Абай толғауы», «Атадан мұра», «Қосқарау», «Наурыз», «Жеңіс», «Қордай» сынды 7-8 күй тыңдармандарға тарту етілді. Бұл тек осы кеште орындалған күйлер ғана. Одан бөлек, жалпы, 20-дан астам күйлерім бар.

– Жақын арада Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елба­сының кітапханасында «Атадан мұра» шығармашылық кешің  өтіпті…

– Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мере­­кесінің қарсаңында Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті Кеңсесінің бас­шысы – Қазақстан Республикасының Тұң­­ғыш Президенті – Елбасы кітап­ханасы директорының міндетін атқа­рушы Махмұт Базарқұлұлы ҚАСЫМ­БЕКОВ ағамыздың тікелей қолдауымен «Атадан мұра» атты інім Нұрәлі екеу­міздің шығармашылық кешімізді өткіздік.

Кештің мақсатына келсек, Елбасы жастарға қамқорлық көрсетіп, оларды қолдауға үлкен көңіл бөледі. Қазақ­станда ниет білдіргендер үшін өз-өзін дамытудың мүмкіндіктер аясы кең. Пре­зидентіміз кейінгі толқынды жеңіс­терге ұмтылдырып, өр мақсаттарға қол жеткізуге қанаттандырады. Сондықтан, «Атадан мұра» күйін алғыс ретінде Елбасыға арнауды ұйғардым.

– Бізге белгілісі, күйдің де шертпе күй, төкпе күй сияқты бірнеше түрлері бола­ды. Сенің жаныңа жақыны қай түрі? 

– Мен қазақ өнеріне ғашықпын,  домбыраны жақсы көрем, оның ішінде күйді ерекше жүрекпен қабылдаймын. Күй – мен үшін ерекше бір әлем. Оның қандай түрі болсын, бар болмы­сыңмен  сезіне білу керек деп ойлай­мын. Ал,  сіз жоғарыда атап өткен шерт­пе күй де, төкпе күй де менің жаныма қатты жақын.

– Ақындар шабытты түннен іздеп, айға қол созып жатады. Суретшілердікі тіпті, бөлек. Ал, күйшілерге қандай шабыт керек?

– Әрине, бізге де ақындардан кем түспейтін шабыт керек. Алайда, ол қай кезде, қай жерде келері беймәлім. Кей­де, тіпті, көлікте кетіп бара жатып та құла­ғыңа әуені келіп қалуы мүмкін. Кейде  ұзақ уақыт ешнәрсе ойлай алмай қалатын да сәттер болады. Мұның бар­лығы ең әуелі адам бойындағы дары­нына, қабілетіне де байланысты болып жатады. Біздің арғы аталарымыз өте өнерлі кісілер болған. Кейде шабыттан бөлек, осы ата-бабаларымыздың қаны арқылы келген дарынды еңбек арқылы ұштап, соның арқасында туып жататын күйлер де бар.

– Ғаламат, алдағы уақыттағы  шығар­машылық жоспарларыңмен  бөлісе отырсаң.

– Алдағы уақытта Мәскеу қала­сында және Қытай Халық Республика­сының Үрімші қаласында шығармашы­лық кеш өткізсек деген ойымыз, жоспарымыз бар. Әрине, бұл алдағы уақыттың еншісіндегі дүние. Ал, негізгі жоспарымыз — осы халқымыздың асыл мұрасы болған  күй өнерін әлемдік деңгейде таныту.

– Жарысқа қатысатын спортшының жаттығу залына барып дайындалатыны сияқты,  күйшіге қандай талаптар қойы­луы керек деп ойлайсың?

– Күйшіге ең бастысы  – қажырлы еңбекпен қоса,  күйді түсіне алатын қа­бі­лет керек. Шығарған немесе орындап отырған күйге күйші өзінің жанын салып отыруы тиіс. Менің шығарған әрбір күйімде өзгеше бір әлем, өзгеше  бір өмір бар деп түсінемін.  Себебі, оның әрқайсысының жеке шығу тарихы бір.

– Шынайы әңгімеңе алғыс білдіре отырып, шығармашылық табыс тілей­міз.

Сұхбаттасқан – Сайлаухан АБЫЛАЙ.