МАҚСАТ – ЫСЫРАП ПЕН АПАТТЫҚ ЖАҒДАЙДЫ ТӨМЕНДЕТУ

%d0%b0%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d1%82%d1%8b-%d1%81%d1%83

Мәншүк БЕКБОСЫН

Мегаполисті таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіру мә­селесі күн тәртібінен түскен емес. Үстіміз­дегі жылы «Алма­ты су холдингі» МҚК шаһар­дағы ауыз су және кәріз жүйелерінің жұмысын жақ­сартуға кәсіпорынның өз есебінен 2,7 млрд. теңге бөлмек. Бұл қаражат мекеменің қайта құрылу жұмыстары аясында оның қызметін тиімділік тұр­ғысынан дамытуды көздейтін бірқатар өзгерістерді қамтымақ. Сонымен қатар, биыл желілердің тозу деңгейін азайтып, су ысырапшылдығы  мен су құбы­рында орын алатын апат­тық жағ­дайлардың санын төмендету мақ­са­тында ауқымды жұмыстар өз жал­ғасын табады.

Өткен жылы кәсіпорынның жеке қаража­ты есебінен ұзындығы 20 шақырымға жететін су құбыры қайта жөндеуден өтіп, жаңадан 4 таза су ұңғымасы пайдалануға берілген еді. Бұдан өзге сорғылар мен ысыр­малар, мыңға жуық өрт гидранттары ауысты­рылды.   Өткен жылы иесіз жатқан 122 шақы­рымға жететін су жүйелері мекеменің меншігіне өтті. Сонымен қатар, кәсіпорынның көліктері газ отынына ауыстырылып, GPS бақылау жүйесі орна­тылды.

Биылғы жылы қаланың сумен жабдықтау кәсіпорындарын автоматтандыру процесі жалғасын таппақ.  Бұл – қаламыздағы судың ысырап болуының қысқаруына айтарлықтай себін тигізбек екен. Өндірістік процестерді автоматтандыру жұмыстары энергия ресурс­тарының тұтынылуын қысқартуға, су құбыры желілерінде туындайтын ысыраптар мен апаттық жағдайларды төмендетуге мүмкіндік бермек. Айта кету керек, автомат­тандыру – сумен жабдықтау саласындағы, яғни, су өндіру, суды дайындау, оларды желілер ар­қылы та­сымалдап, тұрғындарға жеткізіп, тарату жөніндегі барлық процестерді қамты­мақ. Жоспарланған іс-шаралар нәтижесі  судың ысырап болуын 15 пайызға, су құбыр­ла­рын­дағы апаттар санын 27 пайызға, ал энер­гия­ның  тұтынылуы 20 пайызға қысқар­уына септігін тигізеді екен.

Сондай-ақ, үстіміздегі жылы «Алматы Су холдингі» қала бойынша ұзындығы 15 шақы­рымға жететін су  желісін және 2,8 шақырым болатын су өткізу құбырларын қайта жөн­деуден өткізбек. Жөндеу жұмыстары кезінде қала тұрғындары еш кедергісіз суық сумен қамтамасыз етілетін болады.