Латын әрпіне көшу –Алаш арыстарының көшін жалғау

Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру

%d0%b4%d0%b0%d1%83%d1%80%d0%b5%d0%bd

Дәурен БАБАМҰРАТ,

Саясаттанушы

Латын әрпіне көшу –Алаш арыстарының көшін жалғау

– Латын әрпі негізінде өз әліпбиімізді жасап шығару  өте дұрыс әрі стратегиялық маңызға ие қадам. Жалпы, біздің ұйым о баста құрылғанда алдына көптеген мақсаттар қойған еді. Сол мақсаттар бойынша алға нық қадам басып, жылжып келеміз. Аталған мүдде мен мақсаттардың ішінде кирилли­цадан бас тартып, латын әрпіне өту мәселесі де болды, тіпті, көш басында тұрды. Мен үнемі латын әрпіне көшуді қолдағанмын. Мәселен, 2012 жылы «Болашақ» республи­калық қозғалысы латын әрпіне көшудің жолдары мен артық­шылығына қатысты үлкен ғылыми конферен­ция өткізген еді. Бұл конференцияда ғалымдар мен филологтар қатысып, керемет ойлар ортаға салынды.

Қоғам, әрине, екі түрлі ойда. Өйткені, қоғамда болатын өзгерісті көпшілік қауым үрей, қорқынышпен қабылдайды. Бірақ, «уайым түбі тұңғиық – батасың да кетесің, тәуекел түбі жел қайық – өтесің де кетесің» де­ген бар емес пе?! Латын әрпіне көшу отарлық езгіден қалған салқындықты жоятыны айтпаса да түсінікті жәйт. Сонымен қатар, оның заман талабы екенін де түсінуіміз керек. Бүгін ғылым мен білім, жаңа технологияларға жаңа ашу­лардың барлығы да латын әрпіне негіз­делген жүйеде өтуде. Біз сол көштен қалмау үшін аталған үрдіске ілесуге тиіспіз. Одан қазақ тілі өркендемесе, өшпесі анық. Алайда, латын тіліне көшудің жөні осы екен деп атүсті әрекет етуге тағы болмайды. Сәтсіз жасалған әрекет тұтастай білім саласының құлдырауына әкеліп соғуы мүмкін. Мысалы, көршілес Өзбекстан латын әрпіне көшкен сәтте сондай қателік жі­беріп алып, соның кесірінен әлі білім сала­сында үлкен қиындық­тарға тап болуда. Демек, Ел­басы айтқан тап­сыр­ма негізінде білікті ма­мандар 2025 жылға дейін өте сапалы, қоғам­ның әрбір азаматына түсінікті латын әрпіне негіз­делген әліпби жасап шығуы керек. Сонда бұл процесс «май­дан қыл суыр­ғандай» аса сәтті өтеріне сенім­дімін. Халық арасында, әсіресе, ересектер арасында латын әрпіне көшуге қа­тысты үрей көбірек секілді. Бірақ өткен ғасырдың 30-40 жылдары латын әрпінде болдық. Бүгінде кез-келген азамат латын әліпбиін білмесе де, оның ішіндегі әріптердің көбісін оқи алаты­нына сенімдімін. Демек, әліпбиді ауыстыруда біз ешқандай қиын­дыққа тап болмаймыз деген сөз.

2009 жылдан бастап «Алаш» атты журнал шығардық. Бірақ, сол уақыттың өзінде жур­нал атауын латын әріптерімен «Alash» деп жазған едік. Қоғамның қабылдауы жақсы болды. Биыл да қаламызда латын әрпіне не­гіз­делген бірнеше ребрендингтің болғанына қоғам куә. Яғни, саналық тұрғыдан халқы­мыз дайын деген сөз. Қалай болғанда да, сең жылжыды, көш ілгері басты. Бұл тұрғыдан өз басым латын әрпіне көшу – Алаш арыс­тарының көшін жалғау деп түсінемін.

img_1309

Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ,

Қазақстанның халық әртісі

Көңілге қуаныш ұялатты

Елбасымыздың «Егемен Қа­зақ­стан» газетіне шыққан мақа­ласы көңілімізге үлкен қуаныш ұялатып, жанымызды жадыратты. Мемлекет басшысы­ның туған жер туралы па­расатты пікірі жүрегімді ерекше жы­лытты. Өйткені, алтын бесік – ауыл­дан тамыр жайған­дықтан, ауыл­дың өмірін, тыныс-тіршілігін, салт-дәс­түрін жақсы білеміз.

Нұрсұлтан Әбішұлының мақала­сында келтірілген: «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін», – деген ақын Бәкір Тәжібаевтың өлеңіне жазылған менің әнімдегідей, туған еліміз арқылы тағылымды тарихымыз­ды, сан ғасырлық салт-дәстү­рімізді, ана сүтімен дарыған ана тілімізді ардақ тұтамыз.

Біз қазақ өнерін насихаттап, шет елдерде көп жүреміз. Мұхит­тың ар­ғы жағында жүргенде әрқашан кін­дік қанымыз тамған туған елімізді аңсаймыз, сағына­мыз. Әлемге әйгілі сахналарда өнер көрсеткен кездерде көз алдымызға туған ауылымызды, атамекенімізді елестетеміз. Әсі­ресе, ел­дігімізді сақтау мақса­тында өнер адамдары өнеге ре­тінде туған ел, туған жер тақы­рыбына көбірек қалам тербесе, елдігімізді одан әрі аспандатамыз.

%d0%b4%d0%b0%d1%83%d0%bb%d0%b5%d1%82-%d0%b0%d1%88%d0%b8%d0%bc%d1%85%d0%b0%d0%bd-200x200

Дәулет ӘШІМХАН,

«Ел-шежіре» қоғамдық қорының басшысы

Ұлттық сана қалыптасуы қажет

– Елбасының мақаласында жаңа өзге­рістерге бейімделу үшін халыққа заманауи біліммен қатар ұлттық сананың керектігі баяндалған. Өт­кенді ұмытпау, жаңаны ұлықтау қазақстандықтардың тұрмыс-сал­тының ажы­рамас бөлігіне айналғанда ғана, өзгерістерден ұтарымыз көп. Ұлттық сананы жаңғыртуда жаңа технологиялардың ешқайсысын жатсын­бауымыз керек.

Ал, латын әліпбиі бізді әлемдік өрке­ниетпен біртұтастандыра түспек. Жаһандық үдеріс интеграциядан шет қала алмайты­ны­мызды көр­сетті. Бұл үдеріс ешкімнің есігін қағып, алдын ала рұқсат сұрамайды. Сол себепті, ұлттық сана­мызды сақтау үшін жаңа заманға сақтықпен қамдануымыз керек. Қазақстандық­тардың көбі ағылшын алфа­витімен таныс болған­дықтан, оларға латын әліпбиін үй­рену қиынға соқпасы анық. Өйткені, олардың әріп­тері өте ұқсас. Сондай-ақ, латын алфавиті арқы­лы қазақтың ұмы­тылып кеткен төл дыбыстарын қайта туғызуға мүмкіндік бар. Жаңа әліпби арқылы тари­хымызды, әде­биетімізді, ақпараттық кеңісті­гімізді сүзгіден өткізіп, қажетсіз дүние­лерден құтыламыз. Оның үстіне, тарихта латын алфа­витін аз уақыт болса да, пайдаланып көргенбіз, демек аз да болса, бұл мәселе бойынша тәжіри­беміз бар.