ЖАУЫНГЕР ЖАРҚОЖА

img_5486

«Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбек­керлері мен майдан балалары кеңесінің» Қоғам­дық қоры наурыз айында «Ардагерлерді ардақ­тайық!» атты жобаны қолға алды.

Осыдан алты жыл бұрын құрылған «Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбек­керлері мен майдан балалары» қоғамдық қоры бүгінгі күнге дейін түрлі шараларды ұйымдастырып, қамкөңіл қарияларға демеу болып келеді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырдағы жастық шақтары соғыста өткен ата-апаларымыздың жас ұрпаққа айтар өсиеті, үлгі болар өнегесі мол. Сондай ардақты ардагерлеріміздің бірі –  Ұлы Отан соғысының ардагері Жарқожа Асқарбаев ақсақал. Кездесу барысында майдангер өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, Жеңістің барлық ұлтты біріктіретіндігін, адамдардың жүрегіне Отанына деген мақтаныш сезімін ұялататындығын атап өтті.

Жарқожа Асқарбаев 1926 жылы Жам­был облысы, Қордай ауылында дүниеге келген. Шаруа отбасының ұлы тумысынан сөз өнеріне, ғылым мен білімге құштар бол­ды. Болашақта саясат саласында қызмет етуді армандады. Алайда, бейбіт елге тұтқиылдан шабуыл жасаған фашистер бозбаланың арманын алыстата түсті. Жар­қожа Асқарбаев 18 жасында соғыс  жалы­нын тоқтату үшін май­данға аттанады. Ста­линград, одан ІІІ Беларусь майданына қаты­сып, Украи­на, Польша, Прага қала­ларын азат етіп,  Берлинге аяқ тіреген уақыт­та жауынгерді жапон милитарис­теріне қарсы  соғысқа алып кетпек болады. Әскерді жасақтап, жолға шығуға қамда­нып отыр­ғанда «Соғыс аяқталды» деген қуанышты хабар келеді. Ақсақалдың айтуынша, 1946 жылдың сәуір айына дейін Кеңес әскерінің қатарында ішкі және сыртқы қауіпсіздікті күзетіп, аман-есен елге оралады.

«Біз бір ауылдан 25 адам соғысқа аттан­дық. Соның тек 4-еуі ғана елге оралды. Бір үйден әкелі-балалы, ағалы-інілі болып та кеткендер болды. Менімен бірге 1910 жылы дүниеге келген Бекқожа мен 1921 жылғы Әлхан атты 2 ағам  да әскер қатарына алын­ған болатын. Үлкен ағам Курск түбін­дегі шайқаста қаза болды. Ал екінші ағам бір көзінен жарақат алып қайтты. Қазір, Аллаға шүкір, ұрпағы бар, түтіні сөнбеді. Ал Бекқожа ағамнан тұяқ қалмады. Соғыс деген сөздің өзі қорқынышты. Біз алып-ұшқан арманның құшағында жүргенімізде жастығымызды жалын шарпыды. Бәріміз тек Жеңіс туын желбіретуді, фашизмнің көзін құртуды армандадық. Ұрыс дала­сында бір жұтым суға зар болып, шалшық пен құртқа толы сасық суға да шөлімізді қандырдық», – деп күрсінді қария. Соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі мен қаһар­мандығы үшін «ІІ дәрежелі ҰОС ордені­мен», «Украинаны азат еткені үшін», «Вена­ны азат еткені үшін», 1941 – 1945ж.ж «Германияны жеңгені үшін» медальда­рымен және 1966 жылы Кеңес одағының «Маршал Жуков» медалімен марапат­талған. 1965 жылы Ұлы Отан соғысы жеңі­сінің 20 жылдығы медалімен, 1975 жылы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 30 жылдығы сияқты, тағы да басқа мерекелік медаль­дармен марапатталған.

Ес білгелі елдегі қиыншылық пен қасі­ретті көрді. 1931 – 1933 жылдардағы ашар­шылықты, одан 1937-1938 жылдардағы қазақтың зиялы қауым өкілдерін қырған, қуғын-сүргін заманының куәгері Жарқожа Асқарбаев бейбіт өмірде өзі туған ауылда әртүрлі қызметті абыроймен атқарды. 1947 жылы А.Асқаровтың нұсқауымен Луговой ауданында комсомол комитетінің ІІ хатшысы, кейіннен І хатшысы болып тағайындалады. 1960 жылы Қордайда паспорт кеңсесінің бастығы болады. Қажы­май еңбектенгенінің арқасында Қордай ауданы, Целиннный совхозының дирек­торлығына дейін көтеріледі.

2 ұл мен 5 қызды тәрбиелеп, олардан 20 немере, 15 шөбере, 16 шөпшек сүйіп отыр. Адалдықты ту еткен Жарқожа Асқарбаев бүгінгі жастарға білім алып, елге қызмет етуді, Отан алдындағы азаматтық, пер­зенттік борышын өтеуді тапсырды. Жасы 90-нан асса да қимылы ширақ, саяси сауат­ты, көзі ашық ақсақал «Ұзақ өмір сүруім­нің құпиясы – менің еңбексүйгіш­тігім мен адалдығымның арқасы шығар» дейді.

Соғыста көптеген азаматтар қаза болды. Ата-бабаларымыздың ақ білектің күшімен алып берген Жеңісін кейінгі ұрпақ бағалауда. Аспан әрдайым ашық болу үшін барлық күштерін сарп еткен азаматтарға мың алғыс, мың тағзым!

Г.НҰРХАДІРҚЫЗЫ,

Ұлы Отан соғысының ардагерлері,

«Тыл еңбеккерлері мен майдан балалары»

Қоғамдық қорының баспасөз хатшысы.